Заман өзгеріп, дамып бара жатыр. Дүние жарқылдап, неше түрлі жетістіктер адамның өмір сүруін жеңілдете түсуде… Дегенмен, кейде амалсыздан кейінге шегінетін жағдайлар болады. Шегініп тұрып, алақтап, тал қармайсың. «Жоққа жүйрік жетпейді» дейді қазақ. Соның зардабын уақыт өткен сайын әлде де тартатын сияқтымыз. Бұны айтуыма өз басымнан өткен жағдай себеп болды, енді соны баяндайын.
Қазақ өзі асықпайтын халық қой. Биыл шаруа қожалығының қыстағына тұрғын үй салатын болып, жаздан бастап талаптандым. Әне-міне деп құрылыс материалдарын тасып, сызып, өлшеп жүргенімде күз болды. Қожалықтың басына барып үй салатын бригада таппай шарқ ұрып жүргенімде «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» болды. Үй салатындар да табылды-ау, әйтеуір.
Содан құрылысты салушы бригадир «Үйді тікейтеміз, бірақ, ішіне бірден екі пеш салу керек, күн суытып кетті» деді. Жандәрменімен қызыл кесек, плиталарын жеткізіп, пеш салатын адам іздедім. Табылмады, табылса тәуекел ете алмайды, «тартпай қалса ұятқа қаламыз» дейді олар. Шарқ ұрдым, біреуден біреуді, одан пешшіні сұрап Жұмағали деген 70-ті маңайлап қалған ағамызды тауып, көптен көрмеген құдадай көрісіп, құшақтастым. Несін жасырайын, бұл кісіге қарап тұрып, күмәндандым. Сонымды сезді ме, Жұмекең күліп, «қорықпа» деп қалтасынан «Печник» деп жазылған қатырма қағазын алып көрсетті. Қарасам, Кеңес үкіметінің кезінде алынған сенімді қызыл куәлік екен. Сөйтіп, сенімсіздік тұманы сейіліп қоя берді. Еңбекақысына келісіп, қол алысып, қыстаққа келдік. Бас-аяғы 4-5 күннің ішінде екі пешті салып, отты маздатты. Пештердің тартуы керемет, гүрілдеп ала жөнелді. Құрылысшылар да көңілденіп, жұмыстары қызу жүріп кетті.
Жұмағали ағаға алғысымды жаудырып, жақын танысып, бұл мамандықты игеру сырын сұрадым.
— Ой, інім-ай, мен өмір бойы пеш салып, пенсияға шыққан адаммын. Нәпақамды осы кәсіптен таптым, бала-шағамды бақтым, — деді Жұмекең. — Әкем Жайлаубай Рахметов теміржолшы болды, Шалқар стансасында жұмыс істеген адам. Шешем Бабина Төлепова үй шаруасында болды, өйткені бұл кісілер тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Үйдің үлкені мен едім, әкемнің бір айлығы жетпейтін болғасын, Шалқардағы №2 орта мектептің 9-класын бітіргеннен кейін, теміржолдың №3 азаматтық жол құрылыс дистанциясына (НГЧ) жұмыс сұрап бардым. Бастығы Елкей Түсібеков деген кісі екен, менің жағдайымды түсініп, жұмысқа қабылдады. Прораб болып істейтін Брокоп деген ұлты неміс кісі мені ертіп барып Жұмахмет Медетов деген пеш салатын адамның қасына көмекші етіп қосты. Бірақ, «Сен қиындығына шыда, үйрен, ертең өзіңнің жейтін наның» деп ескертті. Бақсам, бұл оңай жұмыс емес екен. Мәселен, күйе-күйе болып көне пештерді бұзу керек, шелек-шелек күлін шығару керек, балшық илеу, қалау, сылау керек дегендей. Сексеуіл мен Ембі стансаларының аралығында теміржол үйлерінің барлығын аралап, пештерін қараймыз, жарақсызын жөндейміз, кейбіреуін қайта саламыз. Сол кездегі №921, 922 деген пошта-багаж жалғыз вагон пойызға 5-6 қап саз дайындап, оны тиеп, күн-түн демей жүреміз. Айтайын дегенім, осындай жұмысқа жастар шыдамай көбі тастап кететін. Ал мен осы қиындықтардың бәріне көніп, пеш салудың қыр-сырын үйрене бердім, үйрене бердім, — дейді Жұмағали Рахметов.
Иә, пеш салудың үлкен өнер екенін Жұмекеңмен сөйлесу барысында байқадық. Пештің неше түрі бар екен: қазақы пеш, орыс пеш, газдың пеші, дөңгелек қаңылтыр пеш, (контромарка) болып кете береді. Бір ғажабы, біздің кейіпкеріміз осындай пештердің барлығын салуды меңгерген жан екен. — Жасыратыны жоқ, кезінде алдыңғы буын пешшілер кейін нанымыздан айырыламыз деді ме әсіресе, контромарка пештерін салуды үйретпей, өздері істейтін. Қызыққан, ұмтылған адам есебін табады ғой, мен ондайда шеберлердің қасынан шықпай жүріп, ақыры үйрендім. Өйткені контромарка деген күрделі пеш, салу әдістері бар. Оның 70-тік түрі бір бөлмені, 80-дігі екі-үш бөлмені, ал 90-дығы төрт бөлмені жылытады. Оған отты жақсылап жақсаң, 3-4 күн қызуын ұстап тұрады, — дейді Жұмағали аға.
Жұмағали Жайлаубайұлы осы НГЧ-3 мекемесінде жүріп тас қалаушы, сылақшы, маляр мамандықтарын практика жүзінде үйреніп шығыпты. «Мен жұмыс таңдамадым, басшылар қандай жұмыс тапсырады, соны сапалы етіп атқаратын едім. Сол кәсіпорында бес басшы болды, бәрімен де тіл табысып жұмыс істедім» дейді ол.
Жұмекең 1973-1975 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын өтеп, Украина жерінде механик жүргізуші, танкист болғанын айтады. 1998 жылы НГЧ-3 мекемесі жабылғаннан кейін Ақтөбеге қарасты «Актюбремстрой перевозки» ЖШС-де пешші болып жұмысқа тұрады. Көптеген жерлерге іссапарларға шығып, шаруалар тындырады. 2001 жылы 50-ге тарта адам болып, жер сілкінісінен зардап шеккен Луговой стансасына барып бүлінген үйлердің шатырларын жауып, пештерін салғандарын айтады. «Көбі оралмандар екен, халықтың алғысын алдық» дейді Жұмағали пешші. Айтып саптауына қарағанда Жұмағали Рахметов зейнет жасына жеткенше бір тынбай еңбек етіпті. Және ылғи қара жұмыс істегенін айтады. 2003-2010 жылдар аралығында «Бекбол-ЕС» ЖШС-де жұмыс істеп, еңбек демалысына шығыпты. «Шүкір, бейнетімнің зейнетін көріп жатырмын» дейді ол.
Дегенмен, тәжірибелі пеш салушыны әлде де далалықтағы шаруа қожалықтары мазалап, өтініш жасап тұрады екен. Ондайда Жұмекең қолдан келген көмегін беретінін айтады. — Шаруа істеп, шауып жүрген адамға қолдан келген жәрдемімді бергім келіп тұрады. Салған пешім бірден тартып, еңбек етіп жатқан адамдарға жылу беріп жатса, олардың көл-көсір алғысын алсам, оның өзі бір бақыт қой, — дейді ол.
Жұмекең осы өнерін жастарға үйреткісі келетінін айтады. «Бірақ олар бейнетінен қашып, беттемейді. НГЧ-да жүргенімде Үмбет деген балаға бар білгенімді үйреттім, қалған жастар мойынұсынбады» деп қынжылады.
Бұл күнде Жұмекең кәсіпқой пеш салушы. Зейнет жасында жүрсе де өтініш-тапсырыс түссе ауыл демей, дала демей барып, пеш салып жүр. «Денің сау болса, еңбектен қашпау керек» дейді. Зайыбы Жұмагүл Дәрменқұлова қаламыздағы Ә.Жангелдин атындағы мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген үлкенжанұя.
Қ.ӘЛИН, «Шалқар».