№8 орта мектебінде тәрбие орталығының ұйымдастыруымен «Ата — әулеттің тірегі, әже — ұрпақтың жүрегі» тақырыбында танымдық кездесу өтті. Оған ата-әжелер қатысып, өскелең ұрпаққа өнегелі өмірлерінен сыр шертті.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластық, құрмет, қимастық сезімге толы әңгімесі көпке ой салса, жасы сексен беске келсе де, қолынан қара домбырасы түспеген Дүйсенбай атамыз немерелерімен бірге күмбірлете күй тартып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Аудандық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған ғылыми кеңес мүшесі Самат Әлжанов тарихи тағылымды пікірімен оқушылардың қызығушылығын арттырды. «…Ана көрген тон пішер» демекші, ақ жаулықты әжеміз Айман Ақниязова ұршық иірудің әдіс-тәсілін көрсетсе, Бақтылы Ыбрашова құрақ көрпе құраудың ерекшелігімен таныстырды.
Кездесу соңында ақсақалдар арасында аудандық бата беру сайысының жеңімпазы Қуанышбай Әлмұратов атамыз шәкірттерге ақ батасын берді. Берері мол, тәрбиелік мәні зор тағылымды кеш патриоттық әнмен қорытындыланды.
Айнұр ЖИЕНАЛИНА, №8 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.