ҰЛЫҚҰМНЫҢ ТАУҒА ҚҰМАР БАЛАСЫ

Адам баласының болмысы да кіндік қаны тамған жерінің тұмса табиғатымен үндесіп тұрады. Өсе келе сол жердің ыстық-суығы өзіне майдай жағып, жырақ кетсе мекенін сағынуы перзентіне тән қасиет.

Аманкелді Бақтыбаев Ұлықұмның етегіндегі аядай ауылда туып-өсіп, балалық шағын Ордақонғанның майда топырағына аунаумен өткізді. Ауыл шетіндегі үйінің шығыс беткейінде алыстан мен мұндалаған Ұлы Борсықтың көкжиекті жапқан өркешті құмдарын кішкентайынан тауға балап, шарана қиялын шартарапқа шарлататын-ды. Үй алдынан көзге түсетін Сары құмшық, Қара қыр, Берістем дөңесі, Көлтабанның сағым қуған бейнелері оның балауса сезімін ылғи да бір биіктерге жетелеуші еді. Бәкене бойлы, қысық көз сары бала ауыл маңындағы сол биіктерге шықса, тұла бойы ерекше сезімге бөленетін. Аптап ыстығында су дәметкен бозторғайы тұмсығын қайшылап, көлеңкеге тығылатын құмды ауылының аңазақ ауасы оған өте ыстық.

Осы дала тылсымына жақындығы оның бала қиялын ақырындап ақиқатқа бұра бастады. Бүгінде қырық жастың қақпасын ашқан жігіттің дархан еліміздің көз тартар табиғатының аясында бағындырған кей  жетістіктерінен осыны ұғасың. Ұғасың да «Тау баласы тауға қарап өседі», деген тәмсілдің табиғат талғамайтынына шүбәсіз иланасың.

Аманкелді бүгінде «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-де мұнай-газ өндіру бөлімінің маманы болып ауысыммен жұмыс істейді. Кейінгі жылдары ол бала кездегі арманын өзінің сүйікті хоббиіне айналдыра бастады. Қолы қалт еткенде арман қала атанған сонау Алматыға жиі сапарлатып, сол аймақтағы тау шыңдарына шығуға ден қойып жүр. Балағына құм жиналған ауыл баласының  тауға құмартуының сырын өзі былай түсіндіреді.

— Алматыға жол түскенде мені  алып қаланың әсем көріністерінен гөрі, алыстан мұнартып тұрған тау шыңдары айрықша қызықтыратын. Сол қызығушылықтың бір күндері шынға айналатынын өзім де білген жоқпын. Биік шыңдарға шығып, дала таңғажайыптарына көз жүгірту бәлкім бәріне де  қызық шығар. Бірде өзімді жігерлендіріп, мен қайткенде де осы тауларға шығып көремін деп бекіндім. Осының қыр-сырын үйрететін мамандармен байланысып, тауға шығудың ережелерін, қауіпсіздік шарттарын тыңдап, әзірлене бастадым. Ең бірінші шыққан тауым — 3100 метр биіктіктегі Фурманов шыңы. Оған шығып  түсуіме 9 сағаттай уақытым кетті. Одан кейін 3680 метр биіктіктегі Үлкен Алматы, 3954 метр биіктіктегі Турист шыңдарына, 3635 метр биік-тікте орналасқан Мәншүк Мәметова көліне, Мыңжылқы платинасына көтерілдім. 2021 жылдың қараша айында 3200 метр биіктіктегі көне Жапон жолы және Құмбел шыңдарына, 2022 жылдың тамыз айында 3450 метр биіктіктегі Шымбұлаққа шықтым. Жалпы 2020 жылдан бері Іле Алатауы маңындағы  16 шыңға шығып үлгердім. Тауға шығу үшін де адамға үлкен дайындық керек. Өзіңе сенімді болып, бойыңды жеңіл сезінуің тиіс. Ең бастысы — қауіпсіздік ережелеріне аса мән бергенің жөн, — дейді Амангелді Серікбайұлы.

Кейіпкеріміз кішкентайынан бұқаралық спорттың барлық қағидаттарына ден қойған жан. Спорттың бір түрімен шұғылданып, бар уақытын арнамаса да қолы қалт еткенде таза ауада жүгіріп, өзін ширақ ұстағанды ұнатады. Осының көмегі болар, түрлі спорттық шараларда бақ сынап, алдыңғы орындардан да көрініп жүр.

Алматы, Астана қалаларында жүгіруден өткен айтулы марафондарға қатысып, әріптес-достарының мерейін асырып, арнайы медальдармен марапатталған. Таяуда Түркістан қаласында 10 шақырым қашықтыққа жүгіруден өткен марафонға қатысып, олжалы оралды.

— Басты байлық — денсаулықтың бүтіндігін ойлағыңыз келсе, спортты жаныңа серік ету керек. Және де әр адам күніне кем дегенде 10 шақырым жаяу жүріп отырса, оның өмірге құлшынысы артып, жігері жанып  тұрады. Осы марафондарға қатыса жүріп менің түйгенім, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу бәріміздің қолымыздан келетініне көзім жетті. 18 бен 70 жас аралығындағы жүгіруден әуесқой белсенді марафоншыларды көргенде осыған көзің  жете түседі, — дейді ол.

Отбасылық өміріне келсек, бүгінде Аманкелді үлкен бір шаңырақтың иесі.  Кезінде өлкеміздің ауылшаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер Серікбай Бақтыбаев пен білікті ұстаз Мәруаш Сейілханқызының қарашаңырағында ата-ана аманатына адалдық танытып отыр. Келіншегі Назгүл Қалжанова екеуі төрт бала тәрбиелеуде. Отбасымен кітап оқығанды жаны сүйеді. 2020 жылы «Үздік оқырман отбасы» облыстық байқауына қатысып, бас жүлдені иеленген.

Аманкелді еліміздегі таулы шыңдардың барлығына жаяу шығып тауысқан соң,  сырт елдердегі биіктіктерге де беттемек ойы бар. Қазір ол алдағы 19 ақпан мен  23 сәуірде Алматы қаласында 21 шақырым қашықтыққа жүгіруден өтетін марафонға қатысуға қызу дайындық үстінде.

«Әркім Эверестке өзі үшін шығады, бірақ шыңға елінің туын тігеді», — деген екен даңқты Маргарет Тэтчер. Ұлықұмның тау құмар баласының шығар шыңдары мен тігер туы алда екеніне бек сенеміз.

М. МЫРЗАЛИН.