ЖАҢА ЖЫЛ ЖАҚСЫЛЫҚТАРЫМЕН КЕЛСІН!

Құрметті шалқарлықтар!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын  жүректен құттықтаймын!

Адамзат баласы екі жылдың тоғысында тұрып, өткен жылға есеп беріп, келер күндерге үмітпен қарайды. Сол салтпенен саралап қарар болсақ, ескі жылға өкпеміз жоқ, кейбір қиындықтар болса да ауыз-біршілігіміздің арқасында ел болып оны еңсеріп, жеңе білдік. Аудан экономикасы өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге артты. Ауданымыздың елді мекендерінде көшелер абаттандырылып, әлеуметтік маңызы бар ғимараттар жөндеуден өтті. Жан басы мен мал басында өсім қалыптасып, ең бастысы халқымыз тыныштық пен бейбіт өмірді бастан кешіруде.

Аудандағы әр ілкімді істердің артында елім деген азаматтардың өлшеусіз еңбектері тұр. Сондықтан туған жердің дамуына тамшыдай болса да үлесі бар барлық аудан азаматтарына ризашылығымды білдіремін. Бiздiң жалпы түпкi мақсатымыз — елдің бірлігін ойлап, еселеп еңбек етіп, нәтижесiн бiрге сезiну. Әрбір қол жеткізген жетістігіміз — Сіздердің зор еңбектеріңіздің жемісі.

Осылайша  әр салада қол жеткізген жетістіктерімізді алдағы жылы да жалғастыру жоспарымыздан түспейді. Төрімізге енгелі отырған 2023 жылы да жұрт болып жұмылып атқарар істеріміз ауқымды болғай.

Қадірлі ағайын!

Жаңа 2023 жыл Сіздерге жақсылық, отбастарыңызға амандық, мол ырыс-несібе әкелсін! Жыл жаңа жетістіктер мен жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын.

Үміт пен сенімнің, шаттық пен қуаныштың жылы болсын! Сіздерге мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, баянды бақыт тілеймін! Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын!

Аудан әкімі  Жанболат Жидеханов