«КАМАЗ» ТІЗГІНДЕГЕН АРДАГЕР

Пайғамбар жасынан асып, 70-ке жетіп, тіпті сексеннің сеңгіріне іліксе де еселі еңбек етіп, кәсіппен айналысып жүретін аға, ардагерлеріміз бар. Бұндай ерекше мінезді, қайсар, мұқалмайтын, қиындықтан қайтпай алға ұмтылатын, өзінен кейінгі буынға үлгі болып жүрген адамдар туралы жергілікті басылымдарға беріп, көпшілік оқырмандарға жариялап та жүрміз.

Бүгін жетпіс деген жастан асса да «Камаз» маркалы жүк көлігін тізгіндеп, халыққа қызмет етіп жүрген ағамыз Қуанышбай Әлмұратов туралы айтпақпыз. Жасы үлкейгенде осындай алып машинаны әрдайым жарақты ұстап, адамдардан тапсырыс келгенде бірден жолға шығып кету оңай шаруа емес. Және бұл көлік тек қашық жерлерге жол тартады. Бір таңқаларлығы ірі, қапсағай денелі Қуекеңді қашан көрсең де көңілі көтеріңкі болып, шаруаңды айтсаң «мен дайынмын» деп тұрады. Бірде Қуанышбай ағадан Хромтаудан Шалқарға қызыл кірпіш жеткізіп беруге қолқа салдық. Ол бұл сұранысымызды бірден мойнына алып, тап-тұйнақтай қылып бітіріп берді. Тағы да бір-екі рет қашықтау жерге жүк жеткізіп беруді өтіндім, құлақ қақпайды, бағасын да арзан қыла қояды. Бұны айтып жатқан себебім, жалғыз мен емес, Қуекең мен секілді ондаған адамның жұмысын бітіріп, олардың алғыс, рахметін алып жүрген жан.

Бір сәті келгенде ағамызға жолығып, — Мынадай үлкен машинаны өзіңіз жөндейсіз бе, — деп сұрадым.

— Иә, бұны өзім жөндемегенде кім саған істеп береді. Аллаға шүкір, денсаулық жаман емес, әр жолсапардан келген сайын бұзылып келген жерін ретке келтіріп, келесі жолға дайындап қоямын, — деді ол.

— Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз, — дедім тағы да.

— Мен, жалпы мектепті жаман оқыған жоқпын, — деді ол күліп, — бұл сұрағыңа жауап бермес бұрын алдымен өзімнің өмір және еңбек жолыма тоқтала кетсем, 1950 жылдың 12 сәуірінде ауданымыздағы №62 разъезде Тобылғылы сай деген жерде дүниеге келіппін, қазіргі Қотыртастың жанындағы. Әкем Айтоғыс теміржолшы болған адам, еңбекқор еді. Шалғы орақпен шөп шабатын, мені 3-4 жасымнан бастап еңбекке баулыды. Шөп науқаны кезінде мені таң атпай алып кетіп, қолыма ағаштан істеген тырманы беріп қоятын. Екі апам, бір ағам болды, Шахта мектебінде оқыды. Ағам Жолдыбай 1956 жылы мектеп бітіріп, Алматыдағы теміржол институтына түсіп, екі айдан кейін ауылға қайтып келді, теміржолдың бойында жұмыс істеді. Көп ұзамай сол жылы ашылған Ақтөбе мединститутына қайта оқуға түсті және сол институттың алғашқы түлегі болып бітіріп шықты. Әкем 1957 жылы зейнеткерлікке шығып, екі жылдан соң Шалқарға көшіп келдік. Мен №1 мектептің 3-класына қабылдандым. Класс жетекшіміз Несібелі Сыдықова апай болды. Ол кезде қазіргі Мәдениет үйінің орыны үлкен базар болды. Ол жерде түске дейін ет, сүт, айран, қымыз сатылады да, түстен кейін босап сол жерде футбол ойнайтынбыз. Бала кезімде №69 разъезден келген Бекмұрат деген баламен таныстым. Өзім де разъезден болғандықтан ол маған жақын болды, өле-өлгенше дос болып кеттік. Өкінішке орай 2006 жылы ол азамат өмірден өтіп кетті. Сырым, Орынбасар деген жолдастарым болды, олар да бұл дүниеден өтті. Қатарымның көбі қайтыс болып кетті…

Көнеден қалған сөздерде Ақтайлақ шешенге Қарауыл Қалай шешеннің «Құлазу нешеу?» деген сұрағына берген жауабында: Қалың ел көшсе — көл құлазиды, қаптаған мал кетсе — ел құлазиды, нарқы танылмаған сөз құлазиды, қатарынан айырылған шал құлазиды, — деген екен. Сол айтқандай қатарым сиреген сайын құлазитыным рас. Сол жолдастарымды іздеп, жан-жағыма қарап тұрамын, бір жақтан шыға келетіндей болады, бірақ ондай ғажайып қайдан болсын.

Енді сенің жоғарыдағы «Неге шоферлықты таңдадың?» деген сұрағыңа ойысайын. Әкем Шалқар қаласына көшіп келгеннен кейін де қолындағы бірді-екілі малға шөп шабуын тоқтатқан жоқ. ПЧ деген мекеме теміржол бойынан шөп шабатындарға жер бөліп береді. Бір жылы әкем үлкен-үлкен сегіз шөмеле шауып үйді. Мен баламын, қасында жүремін. Ол кезде көлік тапшы. «Әне әкелемін, міне әкелемін» деп жүргенде шапқан шөптің барлығын біреулер ұрлап тиеп кетіпті, еңбек зая кетті. Келесі жылы да сондай шапқан шөбімізді өртеп кетіпті. Барлығы да көлік жоқтықтың кесірі болды, әкем мықтап налыды. Мен бірден әкеме «Папа, өскесін шофер боламын» деп алдыма мақсат қойдым. Бесінші кластан алтыға көшкен жылым, каникулда Бершүгір совхозындағы Аманғос ағама барып прицепші болып жұмыс істедім. Ағам загон айналдырып береді, соны кешке дейін бітіріп, Дос деген інісі екеуміз «Белорусь» тракторымен жарысып ауылға қайтатынбыз. Сол жылы совхоз еңбегіме екі машина шөп, 60 сом айлық берді. Шөп екі бастан үйге түсті, ақшаны әкеме әкеліп бердім. Сондағы әкемнің «Балам адам болды!» деп қуанғанын көрсеңіз… Әлі есімнен кетпейді.

Сегізінші класты бітіргеннен кейін кешкі мектепке ауысып, жұмысқа тұрудың қамын істедім. Бірақ мектебімнен қол үзгенім жоқ. баскетбол, волейбол, футболдан облыстық жарыстарда команда құрамында болып, жүлделі орындарды иеленіп қайтатынбыз. Сөйтіп жасымыздан спортпен шынықтық. Несін жасырайын, жас кезімізде тентек те болдық. Талай жігіттермен күш сынастық, бірақ әділ болдық. Құлаған жігіттерге қол, аяқ жұмсамаймыз. Артынан дос болып кететін едік. Ал енді суық қару дегеннен мүлде аулақ болатынбыз. Қыз балаларды қорғап жүретінбіз. Азаматтығымыз басым болды.

Ал енді сәл шегініс жасап, әңгімемді жалғастырсам, 1966 жылы наурыз айында мені ағам Жолдыбай автобаза деген кәсіпорынға алып келді. Директоры Елеш Ізбанов деген кісі екен, мені Әбілғазы деген маманның қасына дәнекерлеуші етіп орналастырды. Сол жұмысты істеп жүріп жүргізуші мамандығын алуға талаптандым. Аталған мекеменің жанында шоферлық оқытатын автошкола бар екен. Оқуды жүргізетін Сарыбай Бабаев деген кісі әлемет қатал болды, тапсыра алмай қалсаң, құлатады. Сол мектепте оқып, сынақтарды әрең дегенде тапсырып, 1968 жылдың 17 мамырында жүргізушілік куәлік алдым. Сарыбай ағай «Мен басты жолда келе жатырмын деп ойлама, екінші жолда келе жатқан көліктің жағдайын байқап қой, мүмкін ол ауырып келе жатқан болар» деп айтып отыратын. Қазір атүсті оқып, куәлік алатындар көп, жол апатының көбейіп жатқаны да сондықтан.

Куәлік алғаннан кейін екі күннен соң «Уралзисть» маркалы машинаға отырдым, есігі ағаш.Тәжірибелі шоферлардың соңына еріп Ырғызға қатынадым. Ол кезде жас болғандықтан машинаны жүргізгенге мәз боламыз, тіпті соны қызық көреміз. Қайтып келе жатып кузовпен жемшөп алып қайтамын. Сөйтіп әкемді жем мен шөп іздеуден босаттым. Одан соң «Зил-130», «Зил-131» маркалы машиналарды 13 жыл жүргіздім. Ал 1992 жылдан бастап «Камаз» көлігін тізгіндедім.  2000 жылы сол көлікті жекешелендіріп, әлі рулінен түспей келе жатырмын. Жалпы жүргізушілік өтілімім — 54 жыл. Аллаға шүкір, денсаулық болса әлі де халыққа қызмет істемек ойым бар, — деп жалғастырды әңгімесін Қуанышбай Айтоғысұлы.

Жүргізуші көп қой, соның ішінде «Камаз» деген көлікті жүргізудің қиындығы көп. Біріншіден, бұл үлкен техника, күрделі, тілін жетік білуің керек. Көбіне камазистер ұзақ жолға шығады, қиындықтарға тап болады. 1996 жыл болу керек, қасымда Түгел, Әбдікәрім деген жігіттер бар, Мұғаждар тауының ортасында боран болып, қалың қардан трастағы бұрылысты байқамай «Камазбен» жолдан ауытқып, теңселіп барып, аударылмай қалың қарға тірелдік. Құдай сақтады, үшеуміз терезеден шығып күрекпен 4-5 сағат қарды қазып, трасқа қайта шықтық.

2010 жылы Нағашыбай Құламанов деген азамат екеуміз екі «Камазбен» Өзен деген жерден қайтып келе жатып Сайөтес пен Ман атаның ортасында батпаққа батып, екі күн дегенде әрең шықтық, қатты қиналдық. Бұндай жағдайлардың талайы басымыздан өтті.

Біз шофер болып жүрген кездері қыс қатты болатын. Бершүгір тауынан қарды қазып өтіп кетіп жүрдік. Шахта деген жермен жүреміз, арғы жағы Мұғаджарға дейін ойлы-қырлы алдағы көлік батса артындағылар күрегін алып бара беретін. Сөйтіп біріміздің ізімізбен біріміз жүретін едік. Ол кезде машинаның пеші дұрыс істемейді, істесе терезені ашпайды, дұрыс киім де жоқ, керзі етік, шолақ күртеше, түнде үйге келіп шешінгенде балақтан, қойын-қонышымыздан қар жентектеліп түсіп жататын. Ал қазіргі жүргізушілерге рахат қой, жылы аяқ киім, капюшоны бар күртеше, автономды пеш, көлік жылы дегендей…

Жолда жүреміз, талай қызық оқиғалар да болды. 1989 жыл болу керек қыс, күн боран, қасымда Құрманбай деген інім бар трастың үстінде, ет комбинатының тұсында бір «Нива» тұр, қасында бір әйел зырылдап жүгіріп жүр, шоферы состиып тұр. Тұрып не болғанын сұрадық, Сөйтсек «Ниваның» ішінде келіншек босанып қалған, кіндік кесетін пышақ жоқ, қобдида жүрген пышағымды ала жүгіріп, баланың кіндігін кестім, енді байлайтын жіп жоқ, ішектің өзін түйдім, үстімде тоқпен қызатын кеудешем бар еді, баланы сонымен орап, прободтарын жұлып, байлап бердім. Сырттан келе жатқан адамдар екен. Перзентханаға дейін жол көрсетіп апардық. Тағы бірде құм жақтан келіп, М.Шыман ауылының тұсынан өте берген кезде бір әйел қарды омбылап жүгіріп келе жатыр екен. «Бір әйел қатты толғатып жатыр, қар қалың, машиналар жүре алмауда, қалаға жеткізіп берсеңіз» деп өтінді. Машинам ведущий бұрылып барып толғатып жатқан әйелді салып алдым. Бірақ қалаға жетпей кабинада босанып қалды, тоқтамай перзентханаға жетіп үлгердім.

Сенің ойыңды түсініп отырмын, «жасым келді ғой, қалай шаршамайсың» деп айтқың келеді. Тағы бірде Ақтайлақ шешен «Ер басында бақыт нешеу, кемдік нешеу» дегенде Қанай шешен төмендегідей жауап береді: «Астыңдағы атың жүрдек болса — жалғанның пырағы, алғаның жақсы болса — үйіңдегі қонақтың тұрағы. Әкең асқар тау, шешең қайнар бұлақ, балаң жақсы болса — екі көздің шамшырағы, — міне, бес бақытың осы деген екен. Сол айтқандай денің сау болса, отбасың жайлы болса, машинаң жақсы жүріп тұрса, шаршамайсың. 

Атың жаман болса — жалғанның азабы, алғаның жаман болса — дүниенің тозағы, балаң жаман болса — көрінгеннің мазағы, — үш кемтігің осы депті ғой Қанай шешен.

Міне, ер жігіттің басында осындай жағдай болса, ол — әрине, шаршайды, — дейді Қуекең.

Қуанышбай Әлмұратов көпшілікке қайырымдылығымен, батагөйлігімен де танылып жүрген адам. Сәті келгенде оның мәнісін де сұрап қалдым.

— Ия, мен сонау кеңес үкіметі кезеңінен қайырымдылық шараларына араласатынмын. Неге екенін білмеймін, әлде жауапкершілігі бар дей ме, басшылар жәрдем керек адамдарға мені жіберетін. Бірінші хатшыларды, ішкі істер бөлімінің, тағы да басқа ауданымызға  келетін басшыларды көшіріп қондыруға көбіне мен баратынмын. Бұл шаруаларды тап-тұйнақтай етіп атқарып, талай адамдардың алғысын алдым. Далалыққа халықтан ет жинайтын уәкілдермен көп шықтым. Берірек келе ауданның шаруасын айтып, басшылар «ала кел, апарып таста» деп өтініш жасайды. Жәрмеңкелерге аудан атынан мал жеткізіп беремін. Әсіресе, кешегі індет жайлаған кезде облыс орталығынан оттегі, дәрі-дәрмекке дейін тегін әкеліп беріп тұрдым. Соның арқасында халықтан, басшылардан алғыс алып, мерейім көтеріліп жүреді.

Ал енді бата жөнінде айтсам, ел біледі, біздің бабамыз Мөңке әулие. Жолдыбай ағам көзі тірісінде батасын «…бұл Мөңке әулиенің батасы» деп қайыратын. Яғни, менің тегімде батагөйлік қасиет әріден бар деп ойлаймын. Жалпы бата берудің жауапкершілігі жоғары. Әуелі кімге, неге арнап бата беріп тұрсың, асыл сөздің мағынасы соған бейім болу керек. Ол үшін көп іздену, жалғаннан өткен би- шешендердің айтқандарын көңілге тоқу керек. Оны өзіңнің өмірден көрген, білгендеріңмен тоғыстыру тағы бар. Бұл жөнінде Жеткерген Елемес деген ініммен бірге ақылдасып, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып тұрамыз. Өйткені, ол да батагөй өнеріне жақын. Және ауданда Қорғанбек Исаев сынды ақынжанды інілерім бар соларға барып бата ұйқасын келтіріп, дайындалып жүретін кездеріміз де болады.

2019 жылдан бері ауданда өткізілетін батагөйлер сайыстарына қатысып келемін. Соңғы 2021 жылы бас жүлдені жеңіп алдым. Облыстық бата байқауына онлайн қатыстым. Жеті мыңның үстінде адам қарап, 1800 лайк басылды. Жүлделі үшінші орынды иелендім. Ендігі жерге бата сайыстарына бізден кейінгі буындар қатысып, бұл үрдіс жалғасын табу керек деп ойлаймын.

Мен орайы келген кезде әкем мен атам туралы айтып кеткім келеді. Әкем Әлмұратұлы Айтоғыс Тотан байдың жылқысында қосшы бала болған. Ата кәсіп — төрт түліктің жағдайын жақсы білетін, өте еңбекқор адам болды. Бізді де жастайымыздан жұмсап, сол еңбекке баулыды. Әкемнің балуан ағасы болған, 19 жасында қайтыс болыпты, қандай аурумен қайтқанын да білмеймін дейді әкем. Менің ірілігім де сол әкелеріме ұқсастығым шығар. Ал әкемнің әкесі Әлмұрат өте шебер болған екен. Қуандық Ақшолақов ағайдың үйінде талдан тоқыған күбісі күні кешеге дейін болыпты. Сусын құйып қояды екен. Оны Жұрын деген жерден келген жиендері алып кетіп, «қалай істегенін көрейін» деп бұзып тастапты. Қол-өнердің қадірін білмеу деген осы шығар. Үйге Әлмұрат атамның ағаштан істеген кереуеті болды, мен оны музейге тапсырдым. Шешем Ермекті де айтпай кетуге болмайды, үй шаруасындағы адам болды. Біздерді бағып-қағып өсіріп жеткізді, көпшіл адам еді, иманды болсын.

Сол әке-шешелеріміздің арқасында ер жеттік, азамат болдық, зайыбым Гүлсім  Дүйсенқызы Жәрекешовамен 1972 жылы бас қостық, ол кісі Алматы қыздар пединститутын бітіріп, менеджер кадр мамандығын ал-ған. Аудандық аурухананың кадр бөлімінде ұзақ жыл қызмет істеп, зейнеткерлікке шықты. Төрт ер бала тәрбиелеп өсірдік, олар үйлі-баранды, жұмыстарын істеп жүр. Аллаға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз, — дейді Қуекең.

Иә, өзінің адал еңбегімен елге сыйлы, абыройы биігінен көрініп жүрген ардагер ағаларымыздың қатары сиремесін. Қуанышбай Айтоғысұлы 2021 жылы Шалқар ауданының «Жыл адамы» атанды. Күні кеше ғана аудан әкімінің қолынан «Шалқар ауданына — 90 жыл» төсбелгісін алды. Осындай ағаларымыз әлде де үлкен қазыналы қарттыққа жетіп, ел халқына пайдасын тигізсін, абыздыққа жетсін демекпіз. 

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».

Posted Under
Санатталмаған