АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ АЗАЙМАЙДЫ

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Алдымен ол аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қабылдауында болып, ардагерлер қауымының қоғамда орны әрдайым жоғары болатындығын айтып, олардың атсалысуымен облыс көлемінде жасалған іс-шараларды тілге тиек етті. Шалқар өлкесінде атқарылып жатқан игілікті істерден де облыс ардагерлері хабардар екендігін жеткізді.

Аудан басшысы жергілікті ардагерлерге жасалып жатқан қолдауларды айта келіп, алдыңғы толқын ағалардың кейінгі буынға үлгі етер істері көп екендігін, осы бағытта жасалып жатқан ауқымды іс-шаралардың және алға қойылған жоспарлардың бірқатарын мәлімдеді.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы жуырда ашылған белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жұмысымен танысып, ардагерлермен кездесті. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепбергенге ардагерлердің уақыттарын тиімді өткізуге ойластырылған бұл нысанның адам белсенділігін арттыруға қолайлылығын айтып, алғысын білдірді. 

Жергілікті ардагерлер қатысқан кездесу барысында аудан басшысы Ж.Жидеханов: «Сіздердің әрқайсыңыз ауданның дамуы жолында өз үлестеріңізді қостыңыздар. Әр кезде де өңірдің өркендеуі бағытындағы берген ақыл-кеңестеріңізді ерекше бағалаймыз. Елімізде болып жатқан өзгерістерге өздеріңіздің ойларыңызды білдіріп, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық сақтауда салиқалы сөздерің-ізбен үлгі болып келесіздер. Сондықтан да ардагерлерге құрмет ешқашан азаймайды», деді.

Бұдан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаңғұтов зейнеткерлермен  пікірлесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Кездесу соңында ардагерлер дойбы, тренажер, үстел теннисі залы, тігін шеберханасы, массажы бар және спорттық-мәдени шаралар өткізуге арналған еңселі екі қабатты орталықты ашып бергені үшін аудан басшылығына ризашылықтарын айтып, баталарын берді.