ӨНЕР ОРДАСЫНА — ЖАРТЫ ҒАСЫР

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы Саз мектебінің құрылғанына 50 жыл толуына орай «50 жыл — 50 іс-шара» атты салтанатты жиын өтті. Өрендерді дәстүрлі өнерге баулитын ғимаратта болған шараға мектеп ұжымы мен ардагерлері, оқушылар мен өнерге жанашыр меймандар қатысты.

Тарихы сонау 1972-1973 жылдардан бастау алған өнер ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі, алға қойған мақсат-міндеті жөнінде кеңінен баяндалды. Жарты ғасырлық мерейтойға орай қолға алынған іс-шараның түпкі мәні мектептің іс-тәжірибесін тарату және рухани-мәдени бағыттағы жұмыс нәтижелерін насихаттау.

— Саз мектебі кезінде өз алдына дербес 7 жылдық мектеп болып ашылған. Қазіргі таңда онда жасөспірімдерге музыка өнері үйретіліп, түрлі үйірмелер жұмыс істеуде. Алғашқы директоры, КСРО және Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, жергілікті композитор Емберген Тереков болған. Сол алдыңғы буын өнер майталмандарының жолын жалғаған түлектеріміз Нұржамал Ержанова, Света Жолашева, Айгүл Елшібаева, Жаңабай Өтегенов, Базаргүл Шарипова, Айнұр Кәрібаева, Гульфия Исакова, Гүлмарс Аманбаева, Динара Шынарбаева, Ақгүл Әбішевалардың есімдерін де мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде өнер ошағында 497 шәкірт білім алады, 56 педагог жұмыс жасайды. Елді мекендерде саз мектебінің 9 филиалы жұмыс істейді.

Халықаралық, респубикалық, облыстық фестиваль байқаулар мен конкурстарда оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болуда. Осындай жеңімпаздар дайындаған бірегей ұстаздарымыздың да есімдерін атап өткім келеді. Олар: Қазанғаптанушы Н.Жанаманов, Дархан Шайманов, Бану Жайханова, Төремұрат Ерсейітов, Оразғали Көшімов, Гүлжан Мұқтарова, Жанат Әбдуәли, Ақбөпе Ауашева, Кенжегүл Бахрадинова, Гүлшат Елтежілердің есімдерін ерекше мақтанышпен айтамыз,— дейді мектеп директоры Гүлбану Үмбетова.

Қараша айында басталған бұл іс-шара  келер жылдың мамыр айында қорытындыланады.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қаният аудан әкімі Жанболат Жидехановтың атынан ұжымға Құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады. №4 орта мектебінің директоры Гүлнар Қалдыбаева да өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.

Саз мектебіндегі 15 ұстаздың есімі  2019 жылы жарыққа шыққан «Лучшие люди»Халықаралық энциклопедиясына енген. Осы жылғы 12 қарашасы күні аталған мектепке Қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының мүшесі мәртебесі берілген.

Ән-күймен өрілген салтанатты жиын барысында ардагер-ұстаздар атынан Нұрболат Жанаманов, Бақыт Қалжанова, Жұмабике Шықыраева, Гүлзада Қалмағанбетовалар сөз сөйлеп, өткен кезеңдерді сағынышпен еске алып, өрендерге бата тілектерін берді.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.