БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ

№6 орта мектебінің коворкинг залында аудан әкімі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген, бөлім, мекеме басшылары, кеңес мүшелері және волонтерлік топтардың жетекшілері  қатысты.

Алдымен аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Әбденова күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталды. Бірінші мәселе бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Джуманов спортпен шұғылданатын жастарды қолдау мақсатында атқарылған жұмыстарды, ал екінші мәселе —  жастар арасында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар жөнінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Аян Қорқытұлы, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Жайлыбай Аимбетов баяндады.

Өз кезегінде жастар тарапы мазалаған өзекті сауалдарын тиісті сала басшыларына қойып, стритворкаут спорттық алаңдары аудан орталығының әр қалашығында салынса, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілсе деген сынды бірнеше ұсыныс-тілектерін ортаға салды.

Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Төлепберген: «Өздеріңізге белгілі, елімізде әділетті Қазақстанды құруда нақты қадамдар жасалуда. Осындай жасампаз үдерістерге жастарымыз да үн қосуы керек. Осы тұрғыдан келгенде бір қуантарлығы, қазіргі ұрпақ жоғары әлеуетке ие, себебі әлемдік білім бәйгесінде кез келген елдің жастарымен иық теңестіре алады.

Бүгінгі жаһандану заманында өзіңе керек мағлұматтарды  лезде ғаламтордан таба аласыздар, алайда газет-журналдан да ақпарат алудың орны бөлек екені сөзсіз. Басылымдарды оқу арқылы бір жағынан рухани азық аласың, екіншіден мұндағы жазылған мәліметтер тасқа таңба басқандай тарих бетінде қалады.

Сондықтан сіздер қай ортада болмасын  ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, құрметтеп жүрулеріңіз қажет»  деп аға ұрпақ пен жас буын арасында осы сынды ашық пікір алаңы жиі ұйымдастырылып отырса, көптеген мәселелердің оң шешілуіне септігі тиетінін айтты.

Еркін форматта өткен кездесуде аудан әкімі Жанболат Жидеханов жастардың ой-пікірлерін тыңдады.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған әр Жолдауында жастарға баса назар аударып келеді. Елімізде олардың жұмыспен қамтылуына, кәсіп бастауына қолдаулар мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және қайтарымсыз гранттар — мұның барлығы жұмыс істеймін деген жасқа зор мүмкіндік. Әрине, еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет етемін деген жастарға әрқашан да мемлекет тарапынан көмектер көрсетіле береді.

Жастар — еліміздің болашағы. Сондықтан сіздер қоғам өмірінен тыс қалмай, тың идеяларыңызды жүзеге асырып, алға ұмтылсаңыздар, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ, — деді аудан әкімі.

Марапаттау кезегінде қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ж.Әбденоваға облыс әкімі Ералы Тоғжановтың, аталған орталық психологі Л.Есмағанбетова мен Қауылжыр ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Е.Қазымовқа облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың, №2 мектеп-гимназиясының «Ізгілік»,  №8 орта мектебінің «Мейірім шуағы» волонтерлік тобының жетекшілері Ж.Кенжалин мен Б.Қартжановқа облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның Алғыс хаттары табысталды.

Жиын соңында орталық басшысы Ж.Әбденова ауданның белсенді жастарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, келелі ойлары, ақыл-кеңестерімен бөліскені үшін аудан басшысына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасына алғысын айтып, мұндай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын таба беретіндігін жеткізді.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».