Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңы

Осы жылдың 5 қарашасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария түрде еліміз үшін ең маңызды 6 заңға қол қойғаны белгілі. Сол құжаттардың бірі — «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы.

Жаңадан қабылданған заңға Конституциялық заң мәртебесі беріліп, прокуратура органдарының құқық қорғау функциясы біршама күшейтілді. Бұл еліміздің тарихында прокуратура органдарына қатысты конституциялық мәртебесі бар ең алғашқы заң.

Жаңа құжатта еліміздегі заңдардың пәрменді құралдары мен қадағалау тетіктері айқындалды. Атап айтқанда, «Прокуратура туралы» Конституциялық заңымен бас прокурорға — Конституциялық сотқа жүгіну құқығы берілді.

Бұл ретте, Конституциялық сотқа кез келген мемлекеттік орган жүгіне алмайды. «Конституциялық сот туралы» заңға сәйкес аталған сотқа жүгіну құқығы бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілге ғана берілген. Бұл жерде бас прокурор Конституциялық сотқа, Конституция мен нормативтік құқықтық актілер бойынша ресми түсініктеме беру үшін жүгіне алады.  Жаңа Конституциялық заңның новелласы — прокурорлар елден заңсыз шығарылған сырттағы активтерді қайтарумен айналысады. Прокурордың өкілеттігіне: қылмыстық жолмен алынған кірістерді шетелден қайтару мақсатында халықаралық ынтымақтастық саласындағы органдардың қызметтерін үйлестіру құзыреті берілген.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субьектілерін тексеру құқығы берілді. Бірақ оның ерекше тәртібі бар. Жеке кәсіпкерлік субьектілерін тексеру тек ғана Президенттің, бас прокурордың тапсырмасымен немесе олардың келісімі бойынша жүргізіледі. Прокурорлардың нұсқау беру уәкілеттілігі кеңейтілді, яғни әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қосымша тексеріс және атқарушылық іс жүргізуге, жазаларды орындауға, прокуратураның талабы бойынша жүргізілетін тексерулерге нұсқаулар бере алады.

Сондай-ақ прокурорлар қосымша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу туралы, күзетпен ұстау, жазасын өтеп жатқан,  пробация есебінде тұрған адамдарға қатысты тәртіптік жазалар мен марапаттаулардың күшін жою, өтінішті қарау аяқталғанға дейін, лауазымды және өзге тұлғаның актісін немесе әрекетін, үш жұмыс күніне дейін тоқтата тұру, сот орындаушыларының заңсыз актілерінің күшін жою және прокурорлық қадағалау актісін мәжбүрлеп орындату туралы қаулы шығаруға құқылы. Заңда бұл қаулылардың барлығы міндетті түрде орындалуға жатады.

Осы жаңа заң бойынша прокурорлардың ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін атап өту қажет, яғни дербес деректерді және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, ақпаратқа, мәліметтер мен құжаттарға, құқық қорғау органдарының және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелері мен ресурстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қол жеткізуге құқылы.

Демек, қажеттілік туындаған жағдайда, прокурор тиісті тәртіптерді сақтай отырып кез келген ақпаратты ала алады.  Бұл конституциялық заң  азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуде ерекше маңызы бар.

Шалқар ауданының прокуратурасы.

Posted Under
Санатталмаған