2007 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2020 әскери бөлімінің «Сарыағаш» шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтей жүріп, контрабандашыларды құрықтау барысында ерлікпен қаза тапқан Ерлан Ниязовтың батылдығын шалқарлықтар әрдайым жоғары бағалайды.
Аудан орталығындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің түлегі Ерлан Қонысбайұлының жігерлі болмысын, әскери антқа адалдығын насихаттау мақсатында жыл сайын патриоттық-танымдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
ҚР ҰҚК ШҚ Ақтөбе облысы бойынша департаменті Шалқар шекара бөлімінің ғимаратына өр рухты жауынгердің өмір жолы, ерлігі баяндалған «Бірінші наряд—соңғы… Мәңгілік…» деген тақырыптағы стендтің қойылуы соның бір жұрнағы. Қайсар жауынгердің ата-анасы Қонысбай ағай мен Сарбияз апайды Шалқар шекара бөлімінің бастығы, подполковник Нұрбол Қалмахан қабылдап, батыр ұлдарының отансүйгіштігі, әскери борышына шынайылығын айтып, батыр перзент тәрбиелегендері үшін оларға алғысын білдіріп, оның өр бейнесін паш ететін көрнекіліктер қатары алда да жасала беретіндігін сөз етті. Шекара бөлімінің офицерлері мен келісім-шарт бойынша әскери қызметшілерімен жүздесу барысында Қонысбай аға ұлының балалық шағын, үлкенге тән дара қасиеттерін айтып, оның есімін ұлықтау тұрғысындағы оң қадамдарына сәттілік тілеп, сапта тұрған қызметкерлерге батасын берді.
Патриоттық мәні мол кездесу барысында подполковник Нұрбол Нағашыбайұлы Ерланның ата-анасына сый-сияпаттар табыстап, Шалқар шекара бөлімінің алда да өздерімен тығыз байланыста болатындығын жеткізді.
Ерлан Ниязовтың есімімен қазір Шалқар қаласында бір көше аталады, осы көшенің басына ескерткіш белгісі қойылған. «Ерлігі үшін» медалі беріліп, есімі «Мемлекеттік шекара» кітабы мен «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» жинағына енгізілген.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.