САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ

САЙЛАУ – 2022

Шалқар қаласындағы №3 орта мектеп ғимаратында орналасқан №495 сайлау учаскесіне сайлаушылардың дауыс беруі жоғары деңгейде жүргізілуде. Сайлау учаскесінің кіреберіс дәлізіне қазақтың ұлттық тағамдарының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Қазақы киім киген арулардың ибалы ілтипаты айтулы күннің ажарын аша түскендей.

Осы сайлау учаскесіне ертемен өз таңдауын жасауға қала тұрғындары 90 жастағы Жақсылық Батыров, 70 жастағы Қанат Наурызалин, жас сайлаушылар қатарынан 18 жастағы Жалғас Ұлжан келді. Ақсақалдар аталған сайлау учаскесінің құрамына жақсы сөздерін арнап, істеріне сәттілік тілеп, баталарын берді.

– Біз осы жасымызға дейін талай сайлауларға қатысып, ел мүддесі үшін өз дауысымызды бердік. Әрбір адамға сайлау күні үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ол — сайлау учаскесіне менің азаматтық міндетім деп барып, дауысыңды беру. Ертеден бойымызға қалыптасқан осы қағидамен бүгін ертелетіп келіп, өз таңдауымызды жасап отырмыз, — дейді еңбек ардагерлері.

№495 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы Қайрат Тілешев алғаш дауыс беруші қос қарияға шапан жауып, үлгілі бастамалары үшін сайлау учаскесі құрамының атынан алғысын айтты. Ел болашағы үшін алғаш таңдауын жасаған Жалғас Ұлжан да сый-сияпаттан құр қалмады.

Осы №495 сайлау учаскесіне аудан әкімі Жанболат Жидеханов та келіп өз таңдауын жасады.

Жалпы Шалқар ауданы бойынша 38 сайлау учаскесі жұмыс істеуде, оның 25-і ауылдық округтерде, 13-і аудан орталығында орналасқан. Осы сайлау учаскелерінің аумағында түрлі жәрмеңкелер мен спорттық-мәдени іс-шаралар өткізілуде. Шалқар қаласындағы орталық базар маңында кең көлемде ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жалпы шалқарлықтар бұл сайлауға белсенділікпен атсалысуда.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, Шалқар қаласы.

Posted Under
Санатталмаған