КОЛЛЕДЖДЕ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР КҮНІ ӨТТІ

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында «Жұмыс беруші күні» іс-шарасын өткізу тұжырымдамасы негізінде Шалқар аграрлық-техникалық колледжінде жұмыс берушілер мен студенттер арасында диалогтық алаң өткізілді. Оған жергілікті жұмыспен қамту орталығының, кәсіпкерлік бөлімінің, кәсіпкерлер палатасының мамандары мен дуальды оқытуға қатысатын кәсіпорындардың жетекшілері, колледждің әлеуметтік серіктестері қатысты.

    Шара шымылдығы меймандардың колледж ғимаратын аралап, арнайы жабдықталған оқу кабинеттерін танысуымен ашылды.

Колледж басшысының міндетін атқарушы Жадыра Жиенғазықызы диалог алаңының мән-мақсаты — кадрлар даярлау сапасын арттырып, жұмыс берушілермен өзара тиімді жұмыстарды одан әрі арттыруға арналғанын жеткізді.

— 2025 жылға қарай еліміздегі барлық колледждер нарық талабына, кәсіпорындар мен өндіріс сұранысына сай техникалық, кәсіптік мамандықтар бойынша тегін білім алатын болады.

Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлайтын біздің оқу орнында қазіргі таңда 9 мамандық бойынша 230 студент білім алуда. Оқу процесінің 60%-ы өндірістік тәжірибеден өтуге бағытталса, 40%-ы теориялық оқытуды қамтитын үш жақты келісіммен дуальды оқыту жүйесі жүзеге асырылған. Модульді, кредиттік техникалық оқыту жүйесі бір жүйеге қойылған. «Талап» акционерлік емес ұйымының талабына сәйкес, кадрларды   даярлау мәселелері бойынша білім беру жүйесіне бизнес пен өндірісті тиімді өзара іс-қимыл жасаудың тәжірибесін қарауды ұсынды. Осы мақсатта колледждерге академиялық дербестік берілді. Бұл дегеніміз серіктес мекемелермен бірлесе отырып, мамандықтардың оқу бағдарламалары мен оқу мерзімдерін айқындайтын және оқу шеберханаларымыздан шыққан өнімдерді сатуға рұқсат алдық. Бұл шаралар жұмыс берушінің талаптарына сай келетін мамандарды даярлауға бағытталған іс-шара.

Қазіргі таңда аудан орталығындағы «Қамқор локомотив» ЖШС филиалы, «Баян», «Жанна»,  «Тігінші қыз» ательелері сынды т.б. серіктестеріміз бар. Сұранысқа сәйкес жылыжай өндірісі, балық шаруашылығы, ветеринария, токарь ісі мамандықтарын ашу, материалдық базаны жаңарту жоспарымызда бар.

Біздің колледждің негізгі бағыты — аграрлық-техникалық сала болғандықтан, негізгі серіктес мекемелеріміз шаруа қожалықтары, те-міржол мекемелері, ателье, наубайхана, кафе-бар базалары  студенттер үшін бар жағдай жасап, кәсіптік білімдерін шыңдауға көп қолұшын беріп отыр. Ауданда жұмыспен қамту мекемесі арқылы, жастар практикасы бағдарламасымен практикадан өтіп, қазір өндірістің түрлі саласында еңбек етуде. Бұның бәрі біздің серіктес мекемелерімізбен, облыстағы, аудандағы тиісті орындармен бірлесе жұмыс істеуіміздің жемісі, — дейді Жадыра Жұқатаева. 

Пікір алысу алаңына қатысқан «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Шалқар сервистік орталығының басшысы Нұржан Жұбатов «Дуальды оқыту — білікті маман даярлаудың кепілі», «Қамқор вагон» ЖШС вагон жөндеу депосы филиалының  басшысы Нұрым Әлжанов «Кәсіби біліктілік — заман талабы» тақырыптарында баяндамалар жасады. Дәнекерлеу ісі, теміржол құрылысы, жол және жол шаруашылығы, «Атамекен» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант ұтып алған түлектердің бастамасы, техникалық қызмет көрсету тақырыптарында бейнематериалдар көрсетілді. Кәсіпорын, кәсіпкерлік палатасы өкілдерімен колледж басшылығы бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру, өз кәсібін бастауға септесу тұрғысында үш жақты меморандумдарға қол қойды.

Диалог алаңының марапаттау сәтінде жұмыс берушілер сапындағы «Қамқор Локомотив» ЖШС филиалы Шалқар сервистік орталығының басшысы Нұржан Жұбатов пен «Қамқор вагон» ЖШС вагон жөндеу депосы филиалының басшысы Нұрым Әлжановқа Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың Алғыс хаты берілді. Өзге де қатысушы қонақтарға облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы Шалқар аудандық филиалының, Шалқар аграрлық-техникалық колледжі басшылығы атынан Алғыс хаттар табысталды. 

Шараны жүргізген колледж әдіскері Жеміс Алдерзина қатысушы қонақтар мен студенттер арасында еркін пікір алысуды ұтымды ұйымдастырып, жастардың өз ойларын ашық айтуларына мүмкіндік жасады. Жастар тарапынан қойылған сұрақтардың дені — студенттік өмірден кейінгі өз болашақтарына арналды. Білім алушылардың ертеңіне зор сеніммен қарауы көңілдерге нұр ұялатты.

М.БОҚАН.