АУЫЛДЫҚТАР КӨКЕЙДЕГІ САУАЛДАРЫН ОРТАҒА САЛДЫ

9-12 қараша күндері аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Ақшолақ Жаңақоныс, Айшуақ, Бозой, Шетырғыз, Кішіқұм, Тоғыз ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесіп және ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, хал-жағдайларын білді, ауылдықтардың мұң-мұқтаждарына құлақ түрді.

Жаңақоныс ауылдық округіне қарасты Қопасор ауылының тұрғындары Шалқар-Қопасор бағытындағы жолды қарап, тегістеп берсеңіздер десе, аққайтымдықтар кіреберіс жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ауыл маңындағы бітелген екі ұңғыманың ашылуына көмек көрсетілсе деген тілектерін жеткізді.

Байқадамдықтар да ауылға кіреберіс жолды салып беруін сұрады.

Айшуақ ауылдық округі, Бегімбет ауылының тұрғындары округтегі жастарға қолдау болса, жемнің бағасын түсіруге ықпал жасалса деп өз талап-тілектерін білдірді.

Аудан орталығынан шалғай жатқан Бозой ауылдық округінің тұрғындары ауылшаруашылығы бойынша мамыр айында субсидияға құжат тапсырылды, бірақ осы күнге дейін неге болмай жатыр? Қазіргі мектеп апатты жағдайда, жаңа мектеп құрылысы қашан басталады? Бозойдың шыға берісіндегі көшелерді жөндеуге жалға қойған техникалар үшін төлемдерін әлі ала алмай отырмыз. «Байнұр» ЖШС-мен келісім-шарт бар, кімге жүгінеміз деген сауалдарын ортаға салды. Және «Президентіміз Бейнеу-Шалқар жолын жүргізуді тапсырды, осы жол Бозой арқылы жүргізілсе» деген ұсыныстарын айтты.

Шетырғыздықтар Қаратоғай ауылына дейін жол салынса деді.

Кішіқұм ауылдық округінің тұрғындары да бірқатар сауалдарын алға тартты. Мәселен, шоқысулықтар ауыл ішіндегі әр үйге су кіргізілсе, медпункт салынып берілсе, Ақеспе елді мекеніне көше жарығы орнатылса десе, қарашоқаттықтар да әр үйге су кіргізілсе, аудан орталығына қарай автомобиль жолдары салынса, жаңа мектеп құрылысы тез аяқталып, пайдалануға берілсе деген тілектерін ортаға салды. Ал Кішіқұм ауылдық округінің орталығы Шілікті елді мекенінің тұрғындары да бірнеше сауалдарын айтты. Олар: Шілікті ауылындағы Тоғыз дәрігерлік амбулаториясының сыртқы қоршауын ауыстыру, ашылмай тұрған теміржол вокзалын пайдалануға беру, ауылға газ тарту мәселелері болды.

Тоғыздықтар да ауылға газ келсе, Тоғыз ауылының көшелеріне асфальт төселсе деген ұсыныстарын жеткізді. Қауылжыр, Мөңке би ауылдық округтерінде де өткен кездесулерде осы тектес ортақ мәселелер көтерілді. Қ.Ақшолақ тұрғындардың ортаға салған сауалдары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып өтті. Жалпы барлық сұрақтардың да шешімі бар, уақытымен, кезегімен жасалынатынын жеткізді.

Кездесулерге халыққа қызмет көрсететін мекемелер, құқық қорғау органдарының басшылары да қатысып, тұрғындар сауалдарына жауап берді және жеке қабылдаулар өткізді.

*  *  *

№4 орта мектепте қала әкімі Нұртілек Жұмамұратұлының Газшылар қалашығы тұрғындарымен кездесуі өтті. Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Ақшолақ, мекеме, кәсіпорын басшылары, ардагерлер қатысты. Қала әкімі аудан орталығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Кездесу барысында аталған қалашық тұрғындары өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Зейнеткер Қ.Ахетов Есет Көтібарұлы, Әйтеке би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы керек деп ұсынысын білдірсе, Н.Ізбаева Қараөткел көшесіне түнгі жарық шамын қондыру мәселесін шешіп беруді сұрады. Қала тұрғыны В.Қалиева аудан әкімінің міндетін атқарушы Қ.Ақшолаққа осы қалашықта жаңа мектеп салынса деген сауалын жолдады.

15 қарашада аудандық Мәдениет үйінде қала әкімі Нұртілек Жұмамұратұлының қала тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Қала басшысы осы жылға атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жылы қолға алынатын жоспарларын мәлімдеді. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Ақшолақ іске асырылған жұмыстарды айта келе, келесі жылға қойылған міндеттерге тоқталды.

Қала тұрғындары тарапынан Даму 2 аймағынан №8 орта мектепке оқушылар қатынайтын көлік қарастырылса, Ә.Биекенов көшесіне суағар салынса, Жұмысшылар қалашығына балалар ойын алаңы, қаңғыбас иттерді жою, көлге канал қаздыру жұмыстары жүргізілсе, жалғызбасты аналарға қандай көмектер беріледі деген сынды мәселелер көтерілді.

Қала әкімі Н.Жұмамұратұлы тұрғындардың ұсыныс-тілектері рет-ретімен шешілетінін айтып, қаламызды көркейту бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Өз тілшімізден.