ОТБАСЫНДА АТА-АНА ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Әке — тұлға, рухты ұрпақтың тірегі

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы аясында облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Әке — тұлға, рухты ұрпақтың тірегі» атты әкелер слеті өтті.

Оған облыстық Аналар кеңесі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері және аудандық Аналар, Әкелер кеңесінің, ата-аналар комитетінің мүшелерімен қатар, еңбек ардагерлері, ардагер-ұстаздар, білім беру ұйымдарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Мақсаты — бала тәрбиесіндегі әке рөлін күшейту, отбасы құндылықтары мен дәстүрлерін сақтау.

Шара Мәдениет үйі фойесінде «Қолөнер — сырлы өнер» деген атаумен түрлі салада қызмет жасайтын әкелердің өз қолынан шыққан сурет және қолөнер көрмесімен басталды.

Слеттің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев сөз сөйледі:

— Әуелден әке бейнесі — отбасының қорғаны саналған. Баланың өсіп-жетілуі үшін ана мейірімін аздық ететінін дана бабаларымыз сол заманның өзінде анық түсінген. Оның бойынан жақсылы, жаманды қасиеттерін байқаса, халқымызда оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көріп, тегіне тартқан деген. Сонымен бірге «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген даналық сөз бар. Жас ұрпақтың жеке тұлға боп қалыптасуында әкенің атқаратын рөлі ерекше. Өйткені, әкенің балаға қалдырған үлкен мұрасы — жақсы тәрбиесі. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізер азамат болып өсетіні сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда мәртебесі биік тұлғаның қоғамда орны төмендеп бара жатқаны да рас. Бұған себеп — жаһанданудың иірімінде ұлттық сананың әлсіреп, отбасындағы қазақы тәрбиенің берілмеуінен болып жатады. Сондықтан осындай іс-шаралардың  көптеп ұйымдастырылуы оң нәтиже берері анық.

Ендеше, отбасының мерейі — әке деген асқар таумен биіктеп, асқақтай берсін, — деп отбасындағы әке тәлімін аудандағы Әкелер кеңесінің жұмысымен ұштастырып, белсенділік танытып жүрген аталған кеңестің бір топ мүшелерін аудан әкімі Жанболат Жидеханов атынан Алғыс хаттармен марапаттады.

Жиында аудандық Әкелер кеңесінің төрағасы Қайрат Жұмасит «Әке тәрбиесі: бүгінгі қоғамның өзекті тәрбиесі» тақырыбында жыл бойына атқарылған жұмыстарды баяндап, бірқатар ұсыныс-тілектерін айтты. Сондай-ақ,  Әкелер кеңесінің мүшелері Бауыржан Төлегенов «Жастар тәрбиесі және спорт», Нұрбек Байнашов «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың міндеті мен құқығы», Самат Қорғанбеков «Тәрбие — адам тағдырын шешетін ұлы іс», Әлібек Батырғарин «Тау тұлға әке — ізбасар ұл» тақырыптарында баяндама жасап, ұрпақ тәрбиелеуде басты жауапкершілік — әкелерге артылатынын айтты.

Одан кейін сөз алған облыстық Аналар кеңесінің жұмыс үйлестірушісі Рауза Серғалина: «Әке — отбасының берік тұтқасы, берекесі. Ол ұстамды әрі әділдік танытып, үлгі-өнеге көрсетсе, баланың жақсы болмағы соған байланысты. Баламен сырлас, дос бола білу қажет. Ұрпағының саналы азамат болып өсуі әкенің тікелей міндеті. Сондықтан жас кезінен әке тағылымын көріп өскен бала әулетін, елін ешқашан ұятқа қалдырмайды», деді.

Жалпы слетке қатысушылар отбасы құндылығы, бала тәрбиесінде әкенің атқаратын рөліне тоқталып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, әке ұлағаты жайында пікір алмасып, өздерінің мазмұнды ой-толғамдарымен бөлісті.

Шара соңы Асылхан Дәрібаев «Әке», Ақжол Алдияров «Ассалаумағалейкум», Нұрсұлтан Сәрсенбаев «Әке туралы жыр», Дияр Нұргелді «Менің әкем», Асылан Әли «Рахмет әке» және Батырғариндер отбасы орындаған «Менің әкем» сынды әкелерге арналған әндерімен әдіптелді.

Аналар кеңесінің   отырысы         

   Түс ауа облыстан келген меймандар «Анаға тағзым» орталығындағы «Мейірім керуені» атты әлеуметтік бөлменің жұмысымен танысты. Бұл кабинетте Аналар кеңесінің қолдауымен әлеуметтік көмекті қажет ететін көпбалалы, аз қамтылған отбасыларының, әлеуметтік осал топ мүшелерінің қажеттіліктері қамтамасыз етіледі. Мұнда яғни,  тапсырылған және берілген заттар құжат бойынша тіркеледі, ай соңында қорытындысы шығарылып, аудандық жұмыспен қамту және  әлеуметтік бағдарламалар бөліміне есебі беріліп отырады.

Бұдан соң олар Дәстүр залында аудандық және ауылдық Аналар кеңесі мүшелерімен кездесті. Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Маржанкүл Бекетова осы жылдың 10 айы бойынша атқарылған кеңес жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2018 жылы 9 мүшемен басталған кеңес құрамында қазіргі таңда 300-тен астам мүшесі бар. Кеңес мүшелері құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамда әйел мен ананың рөлі мен отбасы құндылығын сақтау, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған әртүрлі форматта 70-ге жуық іс-шара өткізген.

— Ана — қашанда ұлттың ұйытқысы. Алдағы уақытта да Аналар кеңесі ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық дәстүрлерді сақтау, жас буынды тәрбиелеу мақсатында жүйелі жұмыстарын жалғастыра береді, — деді ол.

Сонымен бірге аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Жеңіс Шалқарбаев «Аудандағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі атқарылған жұмыстары туралы» баяндаса, Қауылжыр ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Қалима Тұрмағанбет те ауылда атқарылған жұмыстарының есебін берді. 

Ал облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Дариға Исмағамбетова:  «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұсынуымен дайындалған. Бұл жобаның басты мақсаты — отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына дарытып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге шақыру болып саналады. Бүгінгі таңда Аналар кеңесі — елдегі татулық пен бірлікті, отбасылық дәстүрді сақтауда өз үлесін қосып келеді, — деп ұлттық мәдениет пен ұрпақ сабақтастығын жалғастыру бағытындағы шараларда белсенділік танытып жүрген Маржанкүл Бекетова, Аманкүл Сүлейменова, Айсұлу Қалдинаны және облыстық «Ана әлдиі» байқауына қатысқан Гүлшат Сейтқалиқызын Алғыс хаттармен марапаттады.

Отырыс барысында облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жұмабике Қалиева, орынбасары Рамзия Есенбаева, координаторы Рауза Серғалина сөз алып, ауданымыздағы Аналар кеңесінің жұмысын оң бағалаған олар жиынға қатысушыларға отбасы құндылығы жайлы кітапшалар таратты.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».