АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін сағат 18.00-де президенттікке үміткерлерді тіркеу аяқталып, кандидаттар сайлау алдындағы үгіт жұмыстарына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен кезектен тыс президент сайлауына дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт-насихат үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталған кезден, яғни 2022 жылғы 21 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 00.00-де аяқталады (2022 жылғы 19 қарашада сағат 00.00-де аяқталады).
Үгіт науқанына берілген мерзім түгесілген шақта сайлау алдындағы «тыныштық күні» жарияланады, бұл – 19 қараша сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін.
Еске салсақ, 23 қыркүйек пен 21 қазан аралығында республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар 12 тұлғаны Орталық сайлау комиссиясына үміткер ретінде ұсынған болатын. Соның алтауы президенттіктен үміткер ретінде тіркеліп, президенттікке кандидаттар бүгін сағат 18.00-ден бастап үгіт-насихат жұмыстарына кірісуге рұқсат алып отыр.
Олар:
1. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – Қазақстан Республикасының қазіргі Президенті.
Оның кандидатурасын бірнеше саяси партия мен республикалық қоғамдық бірлестік халықтық коалиция ретінде ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевті 12 қазанда үміткер ретінде тіркеді.
2. Мейрам Зекешұлы Қажыкен – «Заманауи қоғамды зерттеу институты» ЖШС директоры.
Оның канидатурасын «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды. М.Қажыкенді Орталық сайлау комиссиясы 15 қазанда президенттікке кандидат ретінде ресми тіркеді.
3. Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев – «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының президенті.
Оның кандидатурасын «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясы Ж.Дайрабаевті 17 қазанда кандидат ретінде тіркеді.
4. Қарақат Жақсылыққызы Әбден – Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Астана қоғамдық кеңесінің мүшесі, Астана әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі.
Оның кандидатурасын «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынды.
Қарақат Әбденді Орталық сайлау комиссясы 19 қазан күні кандидат етіп тіркеді.
5. Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова – ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының негізін қалаушы.
Оның канидатурасын «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігін ұсынды.
Орталық сайлау комиссиясы Салтанат Тұрсынбековаға кандидат куәлігін 20 қазанда тапсырды
6. Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы.
Оның кандидатурасын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы ұсынды.
Нұрлан Әуесбаевті Орталық сайлау комиссиясы алтыншы үміткер ретінде тіркеді.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Президенттікке ұсынылған Бақыт Жаңабаевтың, Нұржан Әлтаевтың және Жұматай Әлиевтің кандидатурасын тіркеуден бас тартты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, канидатурасын «Қазақстан әуесқой футболшыларының» қоғамдық бірлестігі ұсынған Бақыт Жаңабаев үміткер ретінде тіркелуге қажетті қол жинай алмаған.
«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес, қолдауға 58 889 қол жиналды, тексеру нәтижелері бойынша 4 054 қол рас деп танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1%-ынан аз.. Осылайша, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағының кандидатты қолдауға сайлаушылар қолының қажетті саны туралы талабы орындалмады», – деді ол ОСК отырысында.
Ал «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Нұржан Әлтаевтың канидидатурасына қатысты дау сотқа жеткенін бұрын да жазған едік.
«Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органының 2022 жылғы 6 қазандағы №19 ҚР Президенттігіне кандидат ретінде Н. Әлтаевты ұсыну туралы хаттамасы Астана қалалық Байқоңыр аудандық сотының 2022 жылғы 17 қазандағы шешімі бойынша жарамсыз деп танылуына байланысты Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат ұсыну туралы қолданыстағы құжаты жоқ деп танылады. Сол себептен Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің қарауына тіркеуден бас тарту туралы тиісті хаттама мен қаулы жобасы дайындалып, ұсынылды», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Осыны алға тартқан Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.
«Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Жұматай Әлиев те канидат ретінде тіркелуге қажетті қол жинай алмады.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцованың мәліметі бойынша, Жұматай Әлиев өзін қолдау мақсатында 20 өңірден 187 723 қол жинап өткізгенімен, оның көбі талапқа сай болмай шыққан.
«Тексеру нәтижесінде 36 776 қол сенімді деп танылды. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 1%-дан азын құрайды. Осылайша, сайлау туралы Конституциялық заңның 56-бабы 2-тармағының кандидатты қолдауға сайлаушылар қолының қажетті саны туралы талабы орындалмады», – деді ОСК мүшесі.
Осыны алға тартқан Орталық сайлаукомиссиясы Жұматай Әлиевті ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдады.
ОСК мәліметі бойынша, президент сайлауына қатысатын әр кандидатқа үгіт-насихат жүргізуі үшін шамамен 10 млн теңге бөлінуі керек.
Бас прокуратура сайлау науқанының талаптарын бұзғандарға қандай жаза қолданылатынын мәлім етті.
Құзырлы орган дерегінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте сайлау алдындағы үгіттің тәртібі мен шарттарын бұзу фактілері 9 бірдей баппен реттеледі.
Қазақстанда президент сайлауы 20 қараша күні өтеді.