ШАЛҚАРЫМ — ШАТТЫҚ МЕКЕНІМ

немесе туған жерден түлеп ұшқан перзенттердің ыстық-ықыласы

Рухани қағидаттың басты арқауының негізі — туған жер. Бұл бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде «Туған жер» бағдарламасы жүзеге асып келеді. Соның бір дәлелі — қадамы нық, еңсесі биік, тағылымы мол Тәуелсіздігіміздің, елдік пен ерлігіміздің, өз еліне, туған жеріне деген ыстық-ықыластың нәтижесі — бүгінгі таңда аталып отырған  ғасырға жуық тарихы бар Шалқар ауданының 90 жылдығы.

Жерлестер форумы

    Шежіреге бай, тарихы тағылымды өлкенің мерейтойына орай «Шалқарым — шаттық мекенім» атты жерлестер форумы өтті. Форумның мақсаты — Шалқар ауданының өркендеуіне, гүлденуіне үлес қосу, инвестиция тарту, ауданымыздан түлеп ұшқан перзенттерінің басын қосу.

     «Туған жерге тағзым ету — парызым, туған елге қызмет ету — қарызым» деп Шалқар жерінде бас қосқан жерлестер қаладағы Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінің төрінде өздерінің туған еліне деген ыстық ықыластарын білдірді.

      Алдымен сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов форумға қатысушыларды туған өлкенің 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауданның өткен кезеңдердегі тарихи жолдарына шолу жасап, қысқаша тоқталып өтті. Баяндамада өлкеде атқарылып жатқан жарқын істер де айтылды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Әділетті Қазақстанды құру енді ғана басталды» деген еді өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында. Мұндай салиқалы істі жүзеге асыру үшін бізге берекелі бірлік, үлкен ауызбіршілікпен еңбек ету керек. Шалқар ауданының халқы игі істерді қолдап, еңбек ететініне сенімдімін, — деді аудан басшысы.

      Жиында облыс әкімінің кеңесшісі Нұржан Оразов сөз алып, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың Шалқар ауданының 90 жылдығына орай ыстық ықыласын білдірген Құттықтау хатын тапсырды.

       Бұдан соң Шалқар ауданының Жыл адамы, өлкетанушы Аманғали Мұханбетуллин, Шалқар ауданының құрметті азаматы, «Қазақавтожол» ЖШС облыстық филиалының басшысы  Рахат Сыдықов, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сәтжан Дәрібай, ғалым, ұстаз Сабыржан Мұхтаров, журналист-ақын Гүлсамал Аймаханова, «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қыдыралы Әлин, «Шалқар» энциклопедиясының жалғасын дайындап, жарық көруіне игілікті іс қосқан, ардагер ұстаз Өзгеріс Елеуова, т.б. азаматтар шығып сөйлеп, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар құмы — құт, суы — байлық, жері — киелі, тарихы шежірелі Шалқар өлкесінің облысымыздағы  іргелі аудандардың бірі екендігін, әлеуметтік-экономикалық ахуалының күн сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтовтың Құттықтау хатын оқып, табыстады.

       Форум барысында бірқатар марапаттауларға орын берілді. Мәселен, аудан әкімі Ж.Жидеханов жер-жерден арнайы келген жерлестерге «Шалқар ауданына — 90 жыл» мерекелік төсбелгісін табыстады. «Даланың дарабоздары» атты облыстық термешілер байқауының жеңімпаздарына жүлде ұсынды.

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы С.Дәрібай ауданмен бірге өзінің 90 жылдығын атап өтіп отырған аудандық «Шалқар» газетінің қызметкерлерін марапаттады. Газеттің директоры Қыдырәлі Әлинге Ауылшаруашылығы министрлігі салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалін тақты. «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншиннің идеясымен есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ел өркендеуіне еңбегі сіңген азаматтардың атындағы сыйлық беріліп жүр. Бұл жолы да игі дәстүр жалғасын тапты. «Ақтөбе» газетінде ұзақ жыл қызмет жасаған, бас редактордың орынбасары болған Таңатар Шанбатыров атындағы сыйлық аудандық баспасөз майталманы Қ.Әлинге берілді. «Шалқар» газетінің бас редакторы Мұхтар Мырзалинге Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасы, газет корректоры Клара Мұқановаға    Алғыс хаты табысталды. «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қ.Әлин жас ақындар байқауының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Ғалым, ұстаз С.Мұхтаров «Шалқар» газетінің ұжымына сый-сияпат жасады.

       Форум барысында Шалқар ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрген «Шалқар» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Оқырмандарға жол тартқан энциклопедия лентасын ардагер ұстаз Қ.Сүйеубаев, ауданның құрметті азаматы Р.Сыдықов, аудан әкімі Ж.Жидеханов қиды.

        Шарада бас қосқан жерлестер аудан көркемөнерпаздары дайындаған шағын концертті тамашалады. Н.Жақсылықовтың «Қазақстаным — жайлы мекенім», Б.Жанықұловтың «Шалқарым — жұмақтың бесігі», К.Сүндетбаеваның «Мөңке баба», т.б. көркемөнерпаздардың орындауындағы әуелете салған әндер көрермен көңілінен шықты. Сондай-ақ домбырашылар ансамблінің күй тартысы, Н.Жанамановтың орындауындағы Қазанғап күйлері, «Самға» дуэтінің орындаған Е.Терековтің «Шалқар вальсі» әндері де өте әсерлі болды.

Жерлестер форумының соңы:

—  Шалқар деген мағыналы ат қандай,

Маңғаз далам мәңгі шалқып жатқандай.

Күннің көзі Шалқар жаққа батқандай,

Таңның өзі Шалқар жақтан атқандай, — деп жергілікті ақын Зиядин Әбдуәлиев жырлағандай, қазақтың кең жазира даласында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Шалқар —  батырлықтың, ақындық пен шешендіктің, және ұлылықтың иесі болған дархан халқымыздың мекені. Олай болса ұлттың қамын ойлар азаматтар көбейіп, жүрегі елім деп соғар ұрпақтарымыз аман болсын! — деген жалынды сөздермен аяқталды.

Торқалы тоқсан төрінде

      Шалқар ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Торқалы тоқсан төрінде» атты шара ұйымдастырылды. Ол Шалқар қаласындағы 90 жасқа толған қарттарға аудан әкімінің Құттықтау хаты тапсырылып, сый-құрмет көрсетуімен басталды. Осы шара аясында аудан әкімі Ж.Жидеханов аудандық перзентханада 90 жылдық мерейтой қарсаңында дүниеге келген сәбилерге торқалы тойдан тарту ретінде ұлттық домбыра сыйлап, аналарына Құттықтау хат пен естелік сыйлық табыс етті. Шара қаламыздың жер-жерінде жалғасты. Әйтеке би көшесінің бас жағында орын тепкен №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кең ауласында қазақ күресінен, гір көтеру, қол күресінен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы және ақшалай сыйлықтарға ие болды.

        Орталық саябақта «Жас жұбайлар шеруі» өтіп, аудан әкімі Ж.Жидеханов мерейтоймен тұспа-тұс шаңырақ көтерген жастарға ізгі тілегін арнап, сый-сияпаттар табыстады. Осы бір қуанышты сәтте Қ.Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің оркестрі орындаған күмбірлеген күй ырғағымен көк аспанға көгершіндер ұшырылып, жас жұбайлар вальсіне ұласты.

         Форум қонақтары Шалқар-Бозой тас жолы бойындағы сквердің ашылуына қатысты. Оның лентасын ел ақсақалдары О.Әділбаев пен А.Қалыбаев қиды. Бұл нысандағы бүлдіршіндер ойын алаңы, жастарға арналған спорттық алаң, субұрқақ қонақтар көңілінен шықты.

        Туған жерге арнайы ат басын тіреген қонақтар ауданның өткені мен бүгінін болашақ ұрпаққа насихаттайтын аудандық тарихи-өлкетану музейіне бас сұқты. Онда аудандық баспасөздің 90 жылдығына арналған «Тамыры терең, тарихы мол баспасөз»,  ұшқыш, Ұлы Отан соғысының ардагері Қуандық Ақшолақовқа арналған «Қазақ елінің ұлы перзенті», әлем дәрігері Серік Ақшолақовқа арналған «Әлем таныған жарық жұлдыз», 1962-1973 жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Төлеу Алдияровқа арналған «Өмірі өнегелі тұлға», Бұқарада жеті жылдық жоғары діни оқуын тәмамдаған аса сауатты дін өкілі Мәтей Қоқанұлына арналған «Алтын діңгекті алып емен» атты көрмелерді тамашалады.

Есет Көтібарұлы көшесінің бойында киіз үйлер тігіліп, мәдени-көпшілік шаралар тойдың көркін қыздырды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, қолөнер бұйымдарының және тарихи-өлкетанымдық көрмелері ұйымдастырылды. Қонақтарға және жұртшылыққа 90 ару дәм тартуларын ұсынды, киіз үйлерден қонақасылар берілді. Келушілер үлкен сахнадан аудан көркемөнерпаздарының концертін тамашалады. Шұғылалы Шалқардың 90 жылдық мерейтойының өтуіне үлес қосқан бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары марапатталды.

Мерекелік шара кешкілік қала шетіндегі «Алау» стадионында гала-концертке жалғасты. Онда көпшілік елімізге белгілі әншілер Асхат Тарғынов, Әйгерім Мамырова және Нұрдәулет Карлов және жергілікті әншілердің әндерін тыңдады. Гала-концерт соңы мерекелік от шашуға ұласты.

Көкпар мен бәйге

         Мерейтой көркін қыздыртқан ат бәйгелері қала сыртындағы ипподромда болды. Түс ауа жұртшылық солай қарай ойысты. Ат құлағында ойнаған жігіттер көкпарда серкені тақымға қысып, бір-біріне дес бермей ептілері қазандыққа салым салып, көрермендердің қошеметіне бөленіп жатты. Тартысты көкпар сайысында жүлдегерлерге бір миллион теңге көлемінде бәйге берілді.

        Бұдан соң жұртшылық назары 16 шақырымдық құнан бәйгеге ауды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген құнандар алып-ұшып мәре сызығын бірінші болып кесуге ұмтылды. Бірақ шын жүйрік шабыста сыналды. Мәрені алғашқы болып Алға ауданының Бесқопа ауылынан келген Асылтас деген құнан қиды. Сөйтіп, құнан иесі Дамир Тұрақбай 500 мың теңге — бас бәйгені иеленді. Екінші орынды Түркістан облысы Созақ ауданынан келген Нұрай атты құнан, үшінші орынды Қобда ауданынан келген Кенже атты құнан алды. Құнандардың иелері Айдар Әшірбеков пен Ардақ Ниязов 300 мың және 200 мың теңгені қанжығаларына байлады.

          Халық асыға күткен аламан бәйге де өте тартысты өтті. 32 шақырымдық аламанда небір жұлқынған тұлпарлар өздерінің аяқ алыстарын байқады. Дегенмен мәре сызығына бабы келіскендері келді. Сонымен, аламанда бірінші келген қала іргесіндегі М.Шманұлы ауылынан қосылған Тахмина деген ат болды. Тұлпар иесі Шынболат Досмайылов бас бәйге — «Шевролет» маркалы автокөлігін иеленді, шабандозы — Нұрасыл Ахметов. Екінші орынға тігілген мотоциклді Мөңке би ауылынан келген Абырой деген аттың иесі Нұрымбек Ерімбетов олжалады. Үшінші болып Құлагер (Түркістан облысы Созақ ауданы) деген жүйрік келді, ат иесі Айдар Әмірбеков 500 мың теңгеге ие болса, 4-орын Қызылорда облысынан келген Елік атты ат иесі Кентай Игенбаевқа бұйырды. Ал аламанда 5-ші болып  Жамбыл облысы Байзақ ауданынан келген Сұңқар деген аттың иесі Жандос Досқұлов 100 мың теңге алды.

       Тарихы бай, шұғылалы Шалқар ауданының 90 жылдық мерейтойы осылай үлкен ұйымшылдықпен атап өтілді. «Шалқарым — шаттық мекенім» атты форумға еліміздің әр түкпірінен келген жерлестер қазақы салт-дәстүрге бай, шуақты да шежірелі өлкенің торқалы 90 жылдық тойының куәсі болып, тамаша көңіл күймен тарқасты.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар«.