Өткен ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басында ел басына нәубет келген қасіретті кезеңде дүниеге келген басылым «Социализм туы» (қазіргі «Шалқар») газеті содан бері өз уақытының үні, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов айтқандай «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып келеді. Ең бастысы қай кезеңде де газет өзінің басты шығармашылық бағыты — халық мүддесін паш етіп, оны қорғаудан айныған жоқ. Әрдайым уақыттың, қоғамның, өмірдің талаптарынан туындайтын үлкен міндеттерді орындауға қалың жұртшылықты жұмылдыру міндетін адал атқарды. Және абыроймен орындап келеді.
Өңір баспасының қара шаңырағы «Шалқар» газетінің тарихы ел мен жер тарихына тікелей қатысты. Заманының үні, Шалқар өңірінде өткен оқиғалардың жылнамасы, жылдардың шежіреге толы келбетін сарғайған парақтарынан көруге болады. Газеттің 90 жылдық тарихы кеңес мемлекеті бой түзеп, бұғанасы қатайғаннан кейін үгіт-насихат жұмысын кең көлемде жүргізуге ден қойған тұсынан басталады. 1931 жылғы 18 қаңтарда партияның орталық комитеті «Селолық, аудандық және төменгі баспасөз туралы» қаулы қабылдап, елдің алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруда, аудандық баспасөз құралдарының рөлін күшейту жөнінде ерекше екпін берді.
Сол бір қиын-қыстау кезеңде көптеген ұйымдастыру және үлкен қиыншылық жағдайында Шалқар ауданының төл газеті «Социализм туы» дүниеге келді. Сөйтіп Шалқар қаласының Жангелдин поселкесінде, қазіргі Арал маңы тәжірибе стансасының орнындағы қаңылтыр төбелі кірпіш үйде ауданымыздың тұңғыш аудандық газеті шықты. Газет жоғарыда атағанымыздай «Социализм туы» деп аталады. Бұл — 1932 жылғы 20 тамыз еді.
Газеттің алғашқы саны қалың сарғыш қағазға латын альфавитімен басылып шықты. 70-ші жылдардағы газеттің сарғайған беттерін парақтап отырсақ, газеттің алғашқы санының шығуын сол кездегі алғашқы ауыл тілшісі, жылтырлық мұғалім Омар Батыров: «Біз ауданға мұғалімдер конференциясына қатысуға келдік. Мен ол кезде аға ұрпақ Жұмаш Шүйтбаев, Әлкен Биханов, Әдие Мәмбетқұлов, Іскендір Құрмановтармен қатар жүріп, олардан балаларды оқыту тәжірибелерін үйренетінмін. Бұл 1932 жылдың тамыз айы еді. Осы кездің бірінде аудандық «Социализм туы» газетінің бірінші нөмірін оқыдық. Газетті қызықтап жүргенімізде арамызға аудандық газеттің редакторы Әбидолла Биекенов келді де, мұғалімдерге газеттің мақсатын түсіндірді, бәрімізді газетке тілші болуға шақырды. Мен сол сапарда тілшілер қатарына жазылып, «Найза» деген жасырын атқа ие болдым деп жазған екен.
Әрине, газетті ұйымдастырып шығару оңай болған жоқ. Оны шығару үшін полиграфиялық база керек болды. Газет басатын «Санкт-Петербург» маркалы тегіс баспа машинасын газеттің алғашқы редакторы Әбидолла Биекенов Қостанай қаласынан әкелді және Иванов деген орыс маманын ерте келген. Машинамен бірге әріп теретін 4-5 касса, 2 реал, 3-4 орта гранка келгенде бір зауыт көшіп келгендей болған екен. Шалқар паравоз депосының инженері әрі шебері Жуловтың қатысуымен станокты орнатып, іске қосқаннан кейін әріп теруші, машина басушылар да дайын болған. Бірінші әріп терген Сәмен Ахметов, печатник Қайып Сәлпенов деген кісілер екен.
Газет алғаш шыққан кездерде жаппай коллективтендіру жұмысының аяқталған кезі болатын. Әрине шаруаларды жаппай коллектив мүшесіне тарту, коллективті ұйымдастыру оңайға соққан жоқ. Өйткені Шалқар ауданының жері шалғай, шаруалары көшпелі болатын. Сондықтан бір жағынан коллективтік шаруаға ұйымдастыру, екінші жағынан қоныстандыру жағы едәуір қиынға соқты. Осындай коллективтің алғашқы өмірге қадам басқан дәуірінде аудандық газет еңбекшілерге серіктестіктің мақсаты мен келешегін түсіндіруде көп жұмыстар атқарды.
Сол кездерде ауданда мал шаруашылығын дамытып, мал басын көбейтуге бағытталған 43 серіктестік ұйымдастырылып, жұмыс істей бастаған. Сондықтан да газет мал шаруашылығын өркендету, әсіресе КПСС Орталық Комитетінің 17 қыркүйектегі Қазақстанды шығыстағы мал шаруашылығы базасына айналдырайық деген қаулысын кеңінен насихаттады.
Шалқар ауданында 1934 жылы алғаш рет егіс салынды. Осы кезде газет агротехникалық шараларды үйретудегі партияның нұс-қауын насихаттап отырды. Осы кезде серіктестіктің мүшелері бірең-сараңы болмаса мүлде сауатсыз еді. Сондықтан да сауат ашу мектебінің жайы, оны жақсарту шараларын және бұл жөнінде жақсы тәжірибелерді де жазып отырды.
Алғашқы кезде «Социализм туы» газетінің тиражы 600 дана болып тараған. Газеттің жұмысшылардан, ауыл еңбеккерлерінен 55 адамдай тілшілері болған. Алғашқы қалам ұстап, тілші болғандарды атар болсақ, Айшуақ өңірінен Жұбан Мырзабаев, Нұртай Бисенбин, Шетырғыздан Орынбай Өтемәмбетов, Жылтырдан Омар Батыров. Олар газет жұмысына белсене араласқан адамдар еді. Шежіреші журналист Тілеужан Шойғарин 1972 жылы аудандық газетке жариялаған «Газет өткен жол» деген мақаласында «Социализм туы» газетінің тілшісі, Талдықұм бастауыш мектебінің мұғалімі Ідіріс Үргенішбаев Отан соғысы жылдарында Черныгов облысы, Любереч майданындағы ұрыста неміс-фашист басқыншыларына қарсы жанқиярлықпен күрескені үшін «Совет Одағының Батыры» атағына ие болды деп жазады. Бұл жолдардан біз Ідіріс Үргенішбаевтың «Социализм туының» алғашқы тілшілерінің бірі болғанын білдік.
«Социализм туы» газеті коллективтендіру дәуірінен кейін Ұлы Отан соғысы жылдарында «Барлығы майдан үшін, барлығы жауды жеңу үшін» деген партияның ұранын жүзеге асыра отырып, тылдағы қаһармандық еңбектің барысын өз беттерінде үнемі жариялап тұрды. 1941 жылғы 5 тамызда газет М.Әбдуәли деген автордың «Отан қорғау қорына» деген хабары жарияланды. Онда былай делінген: «Қазақ орта мектебінің коллективі Отан қорғау үшін нығайта беру үшін өздерінің жиналысында мемлекеттік Отан қорғау қорына 35 адам 2595 сом ақша берді» Газеттің сол жылғы бір нөмірінде жариялан-ған «Әйелдер көмегі» деген материалда мынадай деректер бар: «қалалық Казкино театрының кең залында үй шаруасындағы әйелдердің жиналысы болды. Жиналысқа 182 әйел қатысты. Жиналыстың күн тәртібі Отан қорғау қорын жасау еді. Бұл туралы жиналыста сөз сөйлеген Голауаддинова Отан қорғау қорына алтын шұбыртпасын, Исмағұлова 300 сомдық, Бәкиева 2700 сомдық облигацияларын тапсырды». «Социализм туы» газеті Шалқар еңбеккерлерінің тылдағы жанқиярлық еңбегі мен майданға көмегі жайлы үнемі хабарлар берген. Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру және оны өркендетуге де халықты жұмылдыруға үлес қосып отырды.
1963 жылдан бастап «Социализм туы» газеті «Коммунизм таңы» болып шыға бастады. Мұның өзі социализмнен коммунизмге өту дәуірін бейнелеудің бір көрінісі еді. Бұл кезеңде аудандық газеттің көлемі ұлғайып, аптасына үш рет шығатын болды. Әрбір нөмірі партияның басшылығымен алда тұрған міндеттерді орындаудың үлгі істерін аудан өмірімен байланыстыра отырып жазды. Халықтар достығы мен ынтымағы жарасқан адамдардың бүгіні мен ертеңін көрсетті. Сол кездерде редакция бір параллельде тұратын бауырлас Украинаның Кировогород облысына қарайтын «Коммуністична прация» газетімен бірлесіп «Ұлы достықтың туы астында» деген тақырыппен біріккен арнаулы номер ұйымдастырды. Сондай-ақ Украинаның Черновицк облысы Строживецк аудандық «Родьянске село» газеті мен осы республиканың Днепропетровск облысына қарасты Маргенец қалалық «Шахтер марганца», Гурьев облысының Мақат аудандық газеттерімен де беттер алмасты.
Біз осы газеттің мерейлі мерекелік сәтінде әр жылдарда Шалқар аудандық газетін басқарып, елдің мақтанышына, белгілі тұлғаларына айналған ағаларымызға тоқталмай кете алмаймыз. Соның бірі «Социализм туының» алғашқы редакторы Әбидолла Үмбетжанұлы Биекенов. Ол кісі жоғарыда айтқанымыздай Қостанай қаласынан станок әкеліп, 1932 жылдың 20 тамызында аудандық газеттің тұңғыш нөмірін шығарған. Ол кезде Әбидолла Биекенов Шалқардағы №39 мектепті, Ақтөбедегі кеңес партия мектебін бітірген 21 жастағы жас жігіт еді. 1935-36 жылдары ол Қостанай облысының Қарабалық ауданында, Ақтөбе облысының Жұрын ауданында халық соты қызметінде болды. Ал 1937 жылы КСРО заң министрлігінің Мәскеудегі екі жылдық жоғары академиялық курсында оқып, 1939 жылы оны тәмамдаған соң Қарағанды облыстық сот қызметіне жіберіледі. 1942 жылы Қарағанды облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы болып сайланады. Әбидолла Биекенов қай жерде жүрсе де, не істесе де адал да әділ болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Белорусь майданы саяси басқармасында нұсқаушы болып қызмет атқарды. Соғыстан соң, ол Қазақ ССР Жоғарғы Сотының төрағасы болып сайланды. Бұл кезде ол 35 жаста болатын. Әбидолла Биекенов 1946 жылы кенеттен қайтыс болған. Оның халқына сіңірген еңбегі еленіп, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен наградталған. Шалқар қаласында Биекенов атында көше бар, Ақтөбе облыстық соты ғимаратының алдындағы алаңға ескерткіші қойылған. Яғни, бұл адам Шалқар халқының мақтан тұтар азаматына айналды.
Енді бір мақтан тұтар ағамыз, кезінде «Шалқардың тірі шежіресі» атанған, аудандық газетте 43 жыл жұмыс істеген Тілеужан Шойғарин. Тілекең 1933 жылдан 1962 жылға дейін «Социализм туы» газетінің редакторы болды. Ал 1963 жылдан зейнеткерлікке шыққан 1976 жылға дейін «Коммунизм таңы» газеті редакторының орынбасары қызметін атқарды. Тілеужан Шойғарин 1959 жылы Мәскеуде өткен СССР Журналистерінің І құрылтай съезіне делегат болып қатысқан. Сол съезде СССР Журналистер Одағы құрылып, Тілекең сол Одаққа мүше болып алғаш кірген қазақ журналистерінің бірі. Тілеужан Шойғарин өзінен кейінгі жастарға үлкен қамқорлықпен қарайтын, әрі оларға дұрыс тәлім-тәрбие бере білген, ұлағатты ұстаз болған. Ол аудандық газет редакциясы жанынан әдеби бірлестік құрып, сол кездегі жас қаламгерлер Үмбетбай Уайдин, Қалқа Бисеналина, Болат Теміров, Әбдіқани Аймағанбетов, Нағашыбай Ердәулетов, Зиядин Әбдуәлиев, Төрежан Мәндібаевтарды өз төңірегіне топтастырды. Бұлардың бірқатары дүниеден озды, бірқатары арамызда. Бірақ олардың барлығы да еліне, халқына сыйлы азамат, қарымды қаламгер болып қалыптасты. Ал Тілекеңнің «шекпенінен шығып», жалпақ елге мәшһүр болған азаматтар қаншама! Шынықұл Қарамергенов, Тауман Төреханов, Жарқынбай Назарбаев, Әкімжан Оралбаев, Әбдіқұл Жұмабаев, жоғарыда айтқан Үмбетбай Уайдин, Болат Теміров, Әбдіқани Аймағанбетов, Нысан Мусин, Аманбай Көздібаев, Үбайт Төлеубаев, Жұбатқан Тұрлыбекова, Батырхан Мейірханов, Ниетбай Маманбаев, Зұлхия Іскендірова, Маркен Асанов, Мұқамбетәли Есмағанбетов, Жаңғабыл Қабақбаев, Ғалымжан Төреханов, Өрік Наурызғалиева, Жақсылық Кенжалиев, Аманбике Әуезбекова, Әбдісағи Мүтәлиев, Хайрулла Тыныбеков, Тілепберген Тілешов тағы басқа. 2006 жылдың желтоқсан айында ауданымызда Тілеужан Шойғариннің 100 жылдық мерейтойы өз дәрежесінде аталып өтті. Халық, жалпы өнер адамдары, баспасөз өкілдері оны ұйымдастырған азаматтарға журналистің 100 жылдық кесекті датасын ірі мерекеге айналдырғаны үшін зор ризашылық сезімдерін білдірді.
Мақтан етер ағамыздың тағы бірі — 1963 жылдан 1992 жылға дейін Шалқар аудандық газетін 30 жылға жуық басқарған Тауман Алыбайұлы Төреханов. Таукеңнің баспасөз саласындағы ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңес Президиумының Құрмет грамотасымен, Қазақ ССР мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер атағымен, КСРО баспасөзінің үздігі белгісімен марапатталды. Туған жері Тауман ағамызға «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Біз бұны журналиске көрсетілген лайықты баға деп санаймыз. Тауман ағамыз тоқсан жастың төріне шықса да, бүгінде қаламын тастаған жоқ. Ақтөбе, Шалқар өңірі, оның азаматтары туралы «Көз көргендер еді», «Қанмен жазылған тағдырлар», «Ғасыр қасіреті», «Зердесінде ұрпақтың», «Жұмақ елі», «Жазбады-ау демесін», «Кісенделген дала», «Адам әлемі» және «Тарихтың қанды іздері» т.б. кітаптарды дүниеге әкелді. Яғни, Тауман ағамызды өмірін өлке тарихына арнаған адам деп айтуға толық қақымыз бар.
Тілеужан Шойғарин мен Тауман Төрехановтың шәкірттері болып есептелетін жоғарыдағы айтылған осы бір үлкен шоғыр, журналист қаламгерлер кезінде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, республикалық радио комитетінде, облыстық газеттерде, облыстық телевидение мен радио комитетте-рінде, ал кейінгілері аудандық газет редакторлары, аудандық баспахана директорлары болып қызметтер атқарды. Әлі де баспасөз салаларында басшы қызметтер атқарып жүргендері баршылық.
Шалқар халқы кезінде Шалқар аудандық газетінде қызмет істеген, бұл күнде қазақ сатирасында көгілдір жұлдыздай жанған, марқұм сықақшы-жазушы Үмбетбай Уайдин ағамызды да мақтан тұтады.
Шалқар ауданының газеті өзінің жүріп өткен жолдарында талай жетістіктерге де жетті. Соның біреріне тоқталар болсақ, өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап жыл сайын аудандық газеттердің мазмұны мен көркем безендірілуі жөнінен облыстық және республикалық конкурстарда үнемі жеңімпаз болып отырды. Сол кездегі техникалық жабдықтармен бұндай конкурстарға қатысу оңай емес еді. Алайда сол кездегі Тілекең мен Таукең басқарған ылғи шебер журналистер мен полиграфистер еңбек ететін аудандық газет пен баспахана 19 жыл бойы облыстық конкурста бірінші орынды, ал республикада екінші, үшінші орындарды жеңіп алып жүрді. Осы жетістіктердің барлығы да сол кезеңдерде еңбек еткен тілші-журналистердің ерен еңбегі еді.
90 жыл бұрын газеттің ең алғашқы нөмірін басып шығарған Қайып Сәлпенов баспахананың негізін қалап, ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Бұдан соң баспахананы 1963-78 жылдары Жұмағали Тағанов басқарып, ол кісі ауданымызда шебер полиграфистер қалыптастырды. Жұмағали ағаның ізін жалғастырған Иван Иванович Дронов, баласы Берік Тағанов та өз ісінің шебері болып қалыптасты. Аудандық газеттің сарғайған беттерінде газет беттеушілері болған Разия Тілепованың, Ақтілек Медетованың, Тома Карагулинаның, Әсем Мұрсалованың, Мәниға Аманжолованың, Әсия Кәрімбаеваның, Райкүл Түлкібаеваның, Дөкеш Ахметовтың, Сәнім Құдайбергенованың, Баян Ақжановалардың және есепші Төлеген Ахметовтің, басқа да көптеген қызметкерлердің іздері бар.
Шалқар аудандық газеті одан бергі жылдарда да табанды шығармашылық принциптерінің арқасында аудан жұртшылығының сырлас досына, сүйікті газетіне, асыға күтер басылымына айналды. Оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
1990 жылдың ақпан айынан бастап ауданымыздың газеті «Шалқар» деген атпен шыға бастады. Біздің Шалқар өңірі тарихи тұлғаларға бай өлке. Сол 90-шы жылдардан кейін «Шалқар» газеті тарихи тұлғаларды зерттеп, халыққа паш етті. Сонау Бақтыбай баба, Есет батыр Көтібарұлы, Әзберген, Қарағұл, Елтізер, Жәлімбет, Бекет батырлар, Қазанғап, Келбет, Құттығұл, Кәдіралы сынды күйшілер, Батақтың Сарысы, Әлима, Таразы, Саршолақтай композиторлардың, Қаршығалы, Есентүгел, Пұсырман, Шүрен сияқты жыраулардың, Айдос, Кеңес, Іскендір, Рахмет сияқты зергерлер мен ісмерлердің, тағы да басқа көмескіленіп бара жатқан тұлғаларды ізін тауып, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуде игі жұмыстар атқарды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң, әуелгі кезеңде экономикалық қиыншылықтарға кезікті. Осы уақытта көптеген облыстық, аудандық газеттер жағдайға бейімделе алмай жабылып қалып та жатты. Әңгіменің шындығын айтсақ, еліміздің нарықтық қатынасқа көшкен тоқсаныншы жылдардың ішіндегі өтпелі кезеңде Шалқар аудандық газеті де үлкен қиыншылықтарға ұшырады. Яғни, қаржы тапшылығына байланысты газет бюджеттен өте аз қаржыланды. Бұрын аптасына үш рет шығатын «Шалқар» газеті бір-ақ рет шығатын болып қалды, оқырмандарынан айырылды, бес мыңнан асатын тиражы бірден мың жарымға дейін құлдырады. Газет кадрларынан айырылды, бұрын 15 тілші-қызметкер болса, ол 4-5 адамға дейін қысқарды. Сол бір қиын кезеңде нарық қыспағына тап болған «Шалқар» газетінің баспаханаға, салыққа, еңбекақыға бережақ қарызы өсті. Қызметкерлер 5-6 айлап еңбекақыларын ала алмай жүрді. Газет редакциясы көбіне жетіспеушілікпен, соттасумен жүрді. Түрлі себептермен аудандық газет редакциясының ұжымы осындай қиындықты 2006 жылдың сәуір айына дейін тартты. Яғни, ауданымызда өтпелі кезең соққысын қатты да ұзақ көрген екі ұжым болса, соның бірі – «Шалқар» газеті деп айтуға әбден болады. Бірақ қандай қиын жағдай болса да, газет қызметкерлері жұмыс орнын тастаған жоқ. Аз ғана еңбекақыларын алып, жылдап ала алмай аш құрсақ жүрсе де аянбай қызмет істеді, аудандық газетті тоқтатқан жоқ, болашаққа зор сенім, үмітпен өмір сүрді. Жергілікті әкімшілік бүкіл елге қиындық әкелген сол өтпелі кезеңде аудандық газетті қиындықтардан шығарудың түрлі жолдарын іздеді. Осы мақсатта 1997 жылдың қаңтар айында сол кездегі аудан әкімі Мақсат Сейітжапаровтың шешімімен аудандық газет пен аудандық баспахана біріктірілді. Бірақ бұл қадам аудандық газетті қиыншылықтан шығара алмай, екі жылдан соң екі мекеме қайта ажыратылды. Сол тұстарда «Шалқар» газетін сақтап қалу үшін көмек қолын созған азаматтар да болды. Соның бірі газетке өз қаржысынан баспахана комплексін сатып алып, газетті екі жыл көлемінде тоқтатпауға жәрдем берген жерлесіміз, кезінде облысымыздың Мәртөк ауданына қарасты «Хазірет» ЖШС директоры болған Сырбай Тәңірбергенов мырза еді.
«Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, 2002 жылғы мамыр айынан бастап еліміздің қолданыста жүрген кейбір заңнамаларының өзгеріске ұшырауына байланысты аудандық газеттің құрылымдық статусы заңға қайшы келді. Бұл жағдай аудандық газеттің бюджеттен қаржылануын тіпті қиындатып жіберді. 2006 жылы облыс әкіміне облыстық газеттерді біріктіріп отырған «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-не аудандық газеттерді қосып, оның құрылымдық статусын заңға сәйкестендіру жөнінде ауызша және жазбаша ұсыныстар жасалды. Бұл ұсыныс қаралып, зерделенгеннен кейін сол кездегі облыс әкімі тарапынан қолдау тапты және «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы да облысымыздағы жалпы аудандық газеттердің қиын жағдайын терең түсініп, өзі басқарып отырған серіктестікке ауыр тиетін болса да «Шалқар» газетімен бірге барлық аудандық газеттерді де қанатының астына алды.
Уақыт ағымымен аудандық газеттің сапасы қай жағынан да дұрысталып, тиражы қайта көтеріліп келеді. Қаржыландырылуы да дұрыс жолға қойылды. Редакцияға жас кадрлар іріктелініп алынды. Материалдық-техникалық базасын да жақсарту қолға алынды.
Бүгінгі күні тәуелсіз еліміз әлемдік қауымдастықтағы өзінің лайықты орнын алды. Экономикасы қарқынды түрде көтеріліп, жедел дамып келеді. Оны әрбір күнделікті өмірдегі нақты істерден көріп отырмыз. Газет еліміздегі, аудандағы атқарылып жатқан игілікті істер туралы тұрақты жазып, елді бірлікке шақырып, мемлекет саясатын насихаттауға үлес қосып келеді. Белгіленген жоспар бойынша мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларға байланысты материалдар ұйымдастырады. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің қазіргі ахуалына, келешектегі даму жолына жан-жақты талдау жасалып, экономикалық өркендеу арқылы әлеуметтік мәселелерді оң шешудің нақты бағыттары айқын көрсетілген. Осының аясында өлкемізде жасалып жатқан шаралар «Шалқар» газетінің бетінде үнемі көрініс табуда. Қарапайым адамдар, зейнеткерлер, мұғалімдер, көп балалы аналар қоғамдағы оң өзгерістерге ризашылықтарын газет арқылы жеткізеді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы кездері газет жаңа кескін-келбетке ие болды, мазмұны да айшықты, ажары да өзгерді. Таралымы жағынан облыстағы аудандық газеттердің алдыңғы қатарында. Әлеуметтік желідегі ақпараттар шарықтап тұрған тұста өлкелік басылым туған мекенге қатысты танымдық материалдарға басымдық беріп, әрбір ақпараттың мазмұндылығына айрықша ден қоюды мақсат етеді. Газеттің сайты, инстаграм парақшасы бар.
Мұның бәрі ең алдымен замана көшінен қалмау үшін атқарылып жатқан шаруалар десек, артық айтқандық болмас. Тоқсан жылдық тарихы бар «Шалқар» газетінің шығармашылық әлеуеті бүгіндері өңір тұрғындарына шыншыл ақпарат тарататын, оқырманның сенімін жоғалтпауға тырысатын үрдісті қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Егемендік, тіл, ұлттық салт-дәстүр, экономикадағы іргелі ізденістер, өткір өмірлік мәселелер аудандық газеттің басты тақырыбына айналуы қажет. Қоғамның жалпы мүдделеріне қызмет ету — газеттің басты қағидасы болуы шарт. Газет тілшілері, авторлары бұл үрдістен шыға алса, оқырман сенімінен шыға алары хақ.
Бүгінде жарық көргеніне 90 жыл толған аудандық «Шалқар» газеті әрқашанда өлкенің қайнаған өмір шежіресі, барлық экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани өмірінің айнасы болып қала бермек.
Қыдыралы ӘЛИН,
«Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры.