ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛЫП КЕТТІ

5 қыркүйек күні аудан әкімдігі үйінің мәжіліс залында өткен 1 қыркүйектегі ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауын түсіндіру мақсатында жиын өтті. Оған бөлім, мекеме, құқық қорғау органдарының қоғам ұйымдардың басшылары, ардагерлер қатысты. Жиналысқа аудан әкімі Жанболат Жидеханов төрағалық етті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді. Президент білімнің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығы мен денсаулық сақтау саласын дамыту жайында айта келіп, отбасылық демографиялық жағдайына және балалардың құқығы мен қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, азаматтық қоғамға қолдау көрсету, шағын және орта бизнес мәселесін көтерді. Жолдауды аудан азаматтары болып талқылап, аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет, — деді аудан басшысы.

Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары Қ.Ақшолақ пен М. Әлібеков Жолдауда көтерілген ауылшаруашылығы, жер қатынастары, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс секторы, автожол құрылысы мәселелері бойынша ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.

Шалқар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Н.Майкөпов Жолдауда қозғалған бірқатар мәселелерге тоқталып, олардың жүзеге асуы үшін біркісідей жұмыла жұмыс істеп, қолдауға шақырды.

Аудан басшысы жиынды қорытындылай келе «Жолдауда міндеттелген тапсырмалардан туындаған жұмыстарды іс жүзінде жүзеге асырып, нақты нәтижесін шығаруымыз керек» деді. Осыған орай тиісті адамдарға тапсырмалар берді. Және алдағы кезеңде Президент Жолдауын ауылдық округтерде, Шалқар қаласындағы мекемелер мен өндірістік ұжымдарда, білім беру мекемелерінде насихаттауды шегелеп айтты.

«Шалқар»-ақпарат.