АТА ЗАҢ — АЙБЫНЫМЫЗ

Құрметті шалқарлықтар!

Сіздерді елдігіміз бен бірлігіміздің айғағы болып саналатын мереке — Конституция күнімен құттықтаймын!

Бұл күні егеменді еліміз үшін басты бағдарға айналған, отандастарымызды көк байрағымыздың саясына топтастырған айбынды Ата Заңымыздың қабылданғанына 27 жыл толып отыр. Бұл күн — Қазақ елі еркіндігінің бейнесі, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екендігіміздің дәлелі.

Үстіміздегі жылдың 5 маусымы күні барлық ел болып Ата Заңның 33-бабына яғни, үштен бір бөлігіне өзгертулер енгізу үшін жалпыұлттық референдумға қатысып, өзгерістер үшін дауыс бердік. Еліміздің әрбір азаматы негізгі заңның асқақ рухы мен маңызын, тарихын жақсы білуі тиіс. Ата Заңымызды құрметтеу, ондағы қағидаларды бұлжытпай сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын жетік білуіміздің арқасында біз өз елімізді, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Сондықтан, оны ардақтау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы әрі міндеті.

Құрметті жерлестер!

Баршаңызды Конституция күнімен құттықтай отырып, мереке қарсаңында әрбір азаматтың деніне саулық, әрбір шаңыраққа татулық пен келісім, табыс пен молшылық тілеймін. Ата Заңымыздан туындаған ізгі бастамалардың нәтижесінде Отанымыз өрлеу мен өркендеу биігіне көтеріліп, болашақ ұрпақтарымыздың мерейлі мақтанышына айналсын.

Ел тірегіне айналған Ата Заңымыздың айбыны әркез асқақтай берсін!

Шалқар ауданының әкімі                        Ж.Жидеханов.