КІТАП САУДАЛАҒАН САЛТАНАТ

Рухани кемелденіп, ой-сананы жетілдірудің қайнар көзі — кітап оқуда, білім жолындағы ізденісте жатқаны бәрімізге аян. Осы тұрғыда көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Мен үшін кітап оқу — «кислородты жастықпен» бірдей деп бір түйіндепті.

Әлемді індет қысқан өткен жылдары дүйім жұрт үйге қамалса да, қоғамда небір тың идеялар пайда болып, жақсы бастамалар жасалған еді. Соның бірі — әйгілі ақын, жазушылардың шығармаларын насихаттауға арналған челлендждер болатын.

Адам баласын бір тарының қауызына сыйдырған пандемия уақытында шалқарлық Салтанат Тұралинаның да ойына жұрттың назарын кітап оқуға аударсам деген ой келеді. Ұстаздық жолда жүрген ол қазіргі жастар әлеуметтік желінің әуресімен жүріп небір құндылықтардан алшақтап бара жатқанына қынжылады. Қалта телефонға үйірсек балапандар өзінде де бар. Бірде оларға «Гарри Поттер» атты кітапты сатып әкеліп, балаларынан шытырман шығармалардың баяндалу желісін сұрап, бірте-бірте қызығушылығын оятады. Кітаптағы аңыздарға берік сиқыр әлемі, мәңгілік өмір сүру ұстанымы, адам қиялы жетпейтін алып мақсаттар мен биік мұраттар кішкентайларға бірден әсер етіп, қызығушылығын оята бастайды. Балалары оқитын кітаптарды сатып алған сайын, өзіне де ұнайтын мазмұнды еңбектерді қоса алдырады. Кітап құнын жоймас деп, түрлі жанрдағы көркем еңбектерді әкеліп, әлеуметтік желіден арнайы парақша ашып, оларды сатылымға шығарып отырады. Аз ғана уақыттың ішінде Салтанаттың кітаптарын жарнамалайтын желідегі @shaikar.kitap instagram парақшасы оқырмандарға тез танылады. Бүгінде кітап сату — бұл үйдің отбасылық кәсібі десек те болады. Жолдасының атынан заңды жеке кәсіпкерлік ашқан Салтанат желідегі кітап сату жарнамаларын көбіне өзі қадағалайды, ұл-қыздары сабақтарынан тыс уақыттарда жаңадан келген кітап мұқабаларын суретке түсіріп, instagram желісі парақшасына салуға әзірлеп қояды. Көпшілікке ұнайтын кітаптарды таңдар кезде  енесі Маруся Жансүгірованың көмегіне де ара-тұра жүгінеді. Маруся апай қаламыздағы І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің кітапханасында 37 жыл кітапханашы болып жұмыс істеген. Оқырман талғамын дөп басып, кітапты аса қадірлейтін зейнеткер кітапханашының ақыл-кеңесі келініне қашанда құнды.

Салтанат Әлімқұлқызы бүгінде қаламыздағы №2 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. «Ұстаздық менің сүйікті мамандығым, ол қашан да бірінші орында, кітап сату — менің хоббиім», дейді. Жергілікті кітапханалармен ұдайы тығыз байланыста жүретін ұстаз жақсылықтың жаршысы болудан шаршамайды. Үнемі белсенді қалпымен көрінетін жанның кітапты қаншалықты құрметтейтінін әңгімесінен аңғару қиын емес.

— Жақсы кітап қашанда өз биігінен түспейді, оны оқырманның өзі іздеп табады. Кітап пен оқырман арасын тәуір шығармалар ғана байланыстырады. «Еліміздің жарқын болашағы — білімді ұрпақтың қолында», деп өскелең буынға үміт артамыз.  Алайда қазіргі жастарды вертуалды әлем тәрбиелеп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Жаңаша ақпараттың шарықтау кезеңінде олардың тілі жұтаң, ой өресі төмен болуы бәрімізді ойландыруы тиіс. Сондықтан кітап оқу мәдениетін отбасындағы тәрбиеден қалыптастыруымыз керек. Желдей ескен жүйрік желіден жастар санасын жырақтатудың қамына қазірден кіріспесек, ертең кеш болады», — дейді кейіпкеріміз. Кітапқа жаны жақын адамдардың парасатты пайымы міне, осылай болу керек шығар…

Қазір ол кітаптарды Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалалардан тапсырыс бойынша алдырады. Құнды еңбектерді ыждағаттылықпен табуда ол едәуір тәжірибе жинақтаған. Оқырман талғамында шекара жоқ. Оның жарнамалаған кітаптарына бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер де бар. 18-30 жас аралығындағы жастардан көбіне мотивациялық кітаптарға сұраныс берсе, көп ата-аналар ертегі кітаптардың бала тәрбиесінде маңыздылығы зор деп бағалайды екен. Ал көркем әдебиетке сұраныс қашанда жоғары.

— Шалқарда кітапты жоғары бағалап, оған көп ақшасын жұмсайтындар жетерлік. «Абай жолы», М.Әуезовтың эпопеяларын, Д.Қонаевтың естеліктерін, Ш.Мұртазаның шығармаларын үзбей оқитын ауданымыздағы іргелі бір шаруа қожалықтың төрағасы құны 80 мың теңге тұратын кітапқа тапсырыс беріп, сатып алды. Бұл менің кәсібімдегі ең қымбат бағаға әкелінген кітап деп айта аламын. №8 орта мектептің мұғалімі Элеонора Басмағамбетованың жыл бойы кітаптар сатып алып, жеке кітапханасын толықтырып отыратын, үлгі боларлық қадамын айрықша айтқым келеді. Әріптесіміз соңғы уақытта оқушыларына да кітап сыйлауды үрдіске айналдырып келеді. Қазір кітап сыйлық ретінде де жақсы бағаланады, — дейді.

Кейіпкерімізге «Кітап сатып баюға бола ма?» деген сауал жолдаған едік: «Кітап құнына киім не басқа тауар секілді  қосылмайды. Сондықтан кітап саудасымен айналысқан адамның байлыққа кенелуі екіталай, есесіне, үлкен сауап жинап, рухани бай болады. Бұл кәсіптің соңына түскен адамның әуелгі мақсаты сол болуы керек», деген жауап алдық. 

Бүгінде төрт баланың анасы атанған Салтанат Әлімқұлқызының туған жері — Мұғалжар ауданына қарасты Талдысай ауылы. Ата-анасының тәрбиесімен кішкентайынан кітап оқуға әуес болып өседі. Еңбек жолын Қ.Жұбанов атындағы  Ақтөбе өңірлік университетінің ағылшын тілі филологиясында оқытушы болып бастаған, жоғары санатты зерттеуші мұғалім.

— Бала кезімізде үйде Жюль Верн, А.С.Пушкин, С.Есенин, т.б. авторлығымен шыққан орыс тіліндегі кітаптар жинағы көп болды. Кейіннен  әке-шешеміз «Қан мен тер», «Аласапыран» атты кітаптарды әкеліп, қадағалап бізге оқытатын-ды. Жыл сайын газет-журналға жазылу отбасымыздың дәстүрлі ісі болды. Қағаз бетіне түсетін ой еңбегіне деген құрмет бойымызға бала кезден осылай қалыптасты. Отбасында бес баламыз, бәріміз де кітап оқуға құмар болдық. Ортаншы бала болғандықтан ба Машқар Гумеровтың «Ортаншы ұл» атты кітабындағы шығармаларды ұнататынмын, — дейді ол.

Иә, кітап — биік белестерге жетелейтін тәрбиелік құрал. Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп міндеттейді. Кітап сөзіне жанасқан тағылымды теңеулер өте көптеп кездеседі. Бірақ бәрінің де мәні біреу, ол — адамзатты кітап оқуға баулу. Осы мақсаттағы Салтанат Әлімқұлқызының сауапты ісіне сәттілік тілейміз.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.