Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз брифингі өтті. Брифинг барысында аудан әкімі осы жылдың 6 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы төмендегідей баяндады.
— Шалқар ауданы — Ақтөбе облысының оңтүстік- шығысында орналасқан облыстағы үлкен аудандардың бірі. Аудан Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Ырғыз аудандарымен және Қызылорда облысының Арал ауданымен, Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Аудан территориясы 61,85 мың шаршы км, (облыс аумағының 20,6 пайызы). Аудан орталығы Шалқар қаласы арқылы Жезқазған-Бейнеу бағыты бойынша теміржол транспорты өтеді. Халық саны 01.06.2022 жыл бойынша 45818 адамды құрайды (облыс халқының 5,0 пайызы), оның ішінде экономикалық белсенді халық саны — 22453 адам. Халықтың ұлттық құрылымы: қазақтар — 45302 адам, орыстар — 304 адам,басқа ұлт өкілдері — 212 адам. Аудан орталығы — Шалқар қаласы, Ақтөбе қаласынан 365 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудан орталығының халық саны 01.06.2022 жыл бойынша 28171адам. Аудан 1 қала және 12 ауылдық округке қарасты 32 елді мекеннен тұрады. Оның ішінде 8 елді мекен-тірек, 9 елді мекен-спутниктік елді мекенге жатады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен ауданда белгіленген экономикалық көрсеткіштер мен бағдарламалар бойынша негізінен тұрақты даму қалыптастырылды, — деді аудан әкімі.
Аудан басшысының мәлімдемесі бойынша есепті кезеңде аудан бюджетіне 2098,5 млн. теңге түсіп, кіріс бөлігінің болжамды көрсеткіштері 118,7 пайыз орындалып, 330,6 млн.теңге артық түскен. Өткен жылмен салыстырғанда 111,8 пайыз немесе 222,1 млн.теңгеге артық орындалған. Аудан бюджетінің шығыстары 6662,4 млн.теңгені құрап, 100,0 пайыз орындалған. Есепті мерзімде өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 9771,7 млн.теңгені құраған, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 126,2 пайыз. Тау-кен өнеркәсібінде жалпы өнеркәсіп өнімінің 43,1 пайызын құрайтын 4215,0 млн. теңгенің өнімі өндіріліпті, нақты көлем индексі 179,9 пайыз. Аудан экономикасын дамыту перспективасында тау-кен өнеркәсібіне тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту бірнеше жылдардан бері мақсат болып қойылып келген, қазіргі таңдағы көрсеткіштер осы мақсатқа қол жеткізілгенін көрсетеді. Және алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғаса береді.
Ауыл шаруашылығы саласыныңжалпы өнім көлемі 2022 жылдың 6 айында 7425,0 млн теңгеге жеткен, нақты көлем индексі 104,0 пайыз. Ауданда тіркелген 510 шаруа қожалықтары, 21 ауыл шаруашылығы кооперативтері және 1 өндірістік кооператив ауыл шаруашылығының дамуына өз үлестерін қосып келетіні айтылды. Мал басы мүйізді ірі қарадан 58,4 мыңға (109,5 пайыз), қой-ешкіден 140,5 мыңға (104,1 пайыз), жылқыдан 52,7 мыңға (144,4 пайыз), түйеден 15,0 мыңға (114,5 пайыз), құстан 6,1 мыңға (120,0 пайыз) жетіпті. Өндірілген ет 5,2 мың тн. (105,5 пайыз), өндірілген сүт 8,4 мың тн. (101,2 пайыз), алынған жұмыртқа 369,1 мың дананы (137,1 пайыз) құраған. Сала бойынша есепті кезеңде 37,0 млн.теңге инвестиция тартылса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,3 пайыз құраған. Жыл сайын ауыл шаруашылық құрылымдары мал басын көбейту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып келеді. Жыл басынан бері «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде аудан шаруашылықтары 434 бас МІҚ (тапсырма 700 бас, 62,0 пайызға орындалған), 1342 бас қой (тапсырма 2200 бас, 61,0 пайызға орындалған) сатып алынған. Ауылшаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша 14 трактор және 36 мал азығын дайындайтын техникалар сатып алу тапсырмасы беріліп, бүгінгі күнге 7 трактор және 19 басқа да техникалар сатып алынған. Мал жайылымдарын құдықпен қамту мақсатында 20 бірлік ұңғыма қазу тапсырмасы берілсе, 13 бірлік ұңғыма қазылып жұмыс жасап тұр. Мал бордақылау алаңдарына 1300 бас бұқашық өткізу тапсырмасы 11,0 пайызға орындалып тұр. (144 бас) екен. Қысқа 293,6 мың тн. мал азығын дайындау тапсырмасы беріліп, 25 шілдеге 240,7 мың тн. шөп дайындалып, тапсырма 81,9 пайызға орындалған. Мал шаруашылығын цифрландыру бойынша 6 ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер 16 GPS трекер қондырғысын жылқы малына қондырған.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2022 жылдың 1 шілдесіне 2832 бірлікті құрап тұр, оның 2666-сы жұмыс жасайды немесе жұмыс жасайтын субьектілердің үлесі 94,1 пайыз құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 115,1 пайыз; 119,2 пайыз. 2022 жылдың 1 сәуіріне шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерімен 1454,0 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл салада 3,5 мың адам жұмыс жасайды немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 16,0 пайызын құрайды.
«Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша 90 жоба жоспарланып, қазіргі таңда 75,5 млн.теңгенің 11 жобасы жүзеге асқан (12,2 пайыз). Оның ішінде: субсидиялау бойынша — 3 жоба, сомасы 12,8 млн.теңге; кепілдендіру бойынша — 7 жоба, кепілдік сомасы 30,8 млн.теңге, несие сомасы 59,2 млн.теңге; грант бойынша — 1 жоба, сомасы 3,5 млн.теңге.
Ауданда халық тұтынатын азық-түліктің және дәрі-дәрмектің бағалары облыс бойынша орташа деңгейде екен, қаладағы азық-түлік дүкендері жанындағы қоймаларда аудан халқына қажетті азық-түліктің жеткілікті қоры бар екені айтылды.
Ауданның барлық елді мекендері электр қуатымен қамтылған, 33 елді мекеннің 12-сі көгілдір отын пайдалануда, бұл жалпы халық санының 85,1 пайызын немесе 39,0 мың адамды құрайды.Есет ата және Қопасор ауылдарын газдандыру үшін ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2024-2025 жылдары Шілікті, Бершүгір, Сарысай, Тоғыз, Жылан, Көпмола, Кеңдала, Есет ата ауылдары газдандырылады деп жоспарлануда. Орталықтандырылған ауыз суменауданның 27 елді мекені қамтамасыз етілген.
Аудан басшысы биылғы жылы облыстың бюджет қаржысына бірнеше жолдарға жөндеу жүргізілгеніне тоқталды. Мәселен, Шалқар-Бозой трассасынан М.Шманұлы ауылына дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу (211,3 млн.теңге), Шалқар қаласындағы солтүстік өткелден Жомарт ауылына дейінгі автомобиль жолын күрделі жөндеу (232,0 млн.теңге), оңтүстік айналма жолды Шалқар-Бозой трассасына дейін орташа жөндеу жүргізілуде (165,2 млн.теңге), Қауылжыр ауылына кіреберіс жолды күрделі жөндеу жұмыстары (112,1 млн.теңге), Жылтыр ауылына кіреберіс жолды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған (138,9 млн.теңге). Қаланың 6 көшесін (Сейітов, Жамбыл, Бостандық, ағайынды Қалжановтар, Байсалбаев, Қыдыров) орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (248,3 млн.теңге бөлінген, қажеттісі 179,0 млн.теңге). Сонымен қатар, алдағы жылдарға Шалқар қаласының 10 көшесінің және 4 ауылдың (Мөңке би, Аққайтым, Байқадам, Қотыртас) кіреберіс автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттары дайын, бюджеттік өтінім берілген. Бұған қосымша, 3 ауылдың (Бегімбет, Қайдауыл, Бершүгір) кіреберіс және Шілікті ауылының 4 көшесінің автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтуде. Бершүгір ауылының 2 көшесінің, Жылтыр ауылындағы 1 көшенің, Шалқар қаласындағы 2 көшенің автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге жобалық құжаттарын дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде екені айтылды.
Есепті мерзімде ауданда жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде 1253 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 1125 жаңа жұмыс орны ашылған. Бағдарлама аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 58 адам жіберілген. Әлеуметтік жұмысқа 81 адам, жастар практикасына 79 адам, қоғамдық жұмысқа 338 адам, алғашқы жұмыс орындарына 7 адам жіберілген. Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 100 адамға грант беру жоспарлануда. Ресми жұмыссыздық деңгейі 3,4 пайыз құрайтыны (773 адам) айтылды. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау бойынша 123 отбасына 27,5 млн.теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, 126 отбасына 2,0 млн.теңге тұрғын үй жәрдемі төленген. Сонымен қатар, 94 отбасына 174 балаға 6,9 млн. теңгеге кепілдендірілген пакет берілген. Аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатындажыл басынан бері аудандық бюджеттен 32,6 млн.теңге қаржы қаралып, бүгінгі күнге 17,0 млн.теңгеге 5 үй сатып алынуда. Қалған қаржыға конкурс жарияланған. Сонымен қатар, мекемелердің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 645 адамға 4,4 млн.теңгенің қайырымдылық көмегін көрсеткен. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы 529 өтініш түсіп, қанағаттандырылған. 116 жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға, 18 жасқа дейінгі 47 балаға арнаулы әлеуметтік қызметі көрсетілген. Аудан басшысы басқа салалар бойынша да атқарылған істерге тоқталып өтті. Мәселен, ауданда 2021-2022 оқу жылын 8645 оқушы аяқтаса, соның 70 оқушысы «Алтын белгі»-мен бітіріп шыққан, 75,5 млн.теңгенің 36909 оқулығына тапсырыс берілген.
Ағымдағы жылы аудандық емханаға (100,1 млн.теңге) және аудандық аурухананың мәйітхана ғимаратына (32,0 млн.теңге) күрделі жөндеу жұмыстары жасалуда. Емдеу мекемелерінің материалдық базасын жақсарту мақсатында 20,0 млн.теңгенің материалдық құрал-жабдықтары сатып алынған.
Ауданда 159 әр түрлі спорттық нысандарда тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндіктер жасалған. Жыл басынан бері 200-ге жуық спорттық шаралар өткізілген. Сонымен қатар, есепті кезеңде 54030 көрерменді қамтыған 306 мәдени шаралар өткізілген. Қоғамдық тәртіп бойынша үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін барлық тіркелген қылмыстың саны 59 болған, ол өткен жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға аз.
Есепті кезеңдегі атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталған аудан әкімі «Алда тұрған міндеттерді барша ел болып еңсеріп, мемлекет басшысы міндеттеген Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы жолында ауданымыздың өсіп-өркендеуі үшін бір кісідей жұмылып, еңбек ететін боламыз», деді.
Аудан әкімі Ж.Жидеханов бұдан кейін облыстық телеарнаның, облыстық газеттер журналистерінің сұрақтарына жауап берді. Көлдің табанын тазарту барысы, жеке қабылдау кезіндегі тұрғындардың ең мұң-мұқтаж сұрақтары, жер беру жәйі, Шалқар-Бозой жолының асфальттану жұмыстары т.б. сұрақтары берілді.
— Көлді тазарту 3 жылға жоспарланған, жұмыстары жүріп жатыр. Көлге келетін судың таудан бастау алатын жерлері комиссиямен, өзімнің және депутаттардың қатысуымен тексерілді, бәрі дұрыс, су жайылатын 3 шақырым жерге канал қазылып, соның арқасында биыл көктемде су көлге жақсы келді. Ағымдағы жылы 570 га. жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда 10 га. артық. 6 шаруашылық картоп, көкөніс және басқа дақылдары егілген, 50 гектар жерге тамшылатып суару техникасын пайдалануда, — деді аудан әкімі.
Әр аптаның бейсенбісі күні тұрғындар аудан әкімінің қабылдауында болып, өздерінің мұң-мұқтаждарын айтады, үй, жұмыс сұрайды. Сұраныстары заң шеңберінде ретімен орындалатыны айтылды.
Аудан әкімі жер мәселесі жөнінде журналистердің сауалдарына төмендегідей жауап берді: — Аудан бойынша барлық жер көлемі 6185080 га. құрайды. Оның ішінде ауылшаруашылық мақсатында пайдаланылып отырғаны 1906846 га. елді-мекен жерлері 816380 га. өнеркәсіп, көлік, қорғаныс, байланыс және басқа бағыттағы жерлер 27811 га. босалқы жер көлемі 3104891 га. Жер саласындағы ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету және жер учаскелерін тиімді және әрі ұтымды пайдалану мақсатында ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру конкурс негізінде жүзеге асырылуда. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерден 79 учаске, яғни, 252155 га. жер конкурс арқылы табысталды. Сонымен қатар жұмыс жасамаған 5 қожалықтан 14572 га. жер учаскесі ауданның босалқы қорына қайтарылды. Кәсіпкерлік мақсатында жер учаскелері белгіленген электронды түрдегі ережеге сәйкес, сауда-саттық арқылы табысталуда. Биылғы жылы 4 жер учаскесі (көлемі 0,4230 га.) электронды түрде аукционға шығарылып, сатылды. Аукционнан 124,6 мың теңге қаржы бюджетке түсірілді. Жыл басынан бері жер учаскелерін сатудан 10575,2 мың теңге, жер учаскелерін жалға беруден 12453,6 мың теңге қаржы бюджетке түсірілді,—деді ол.
Сонымен бірге дәстүрлі емес шаруашылықпен қала және қала іргесіндегі Жомарт елді мекені тұрғындарының айналысып отырғаны айтылды. Бағаны тұрақтандыру үшін күнделікті тұтынатын тауарларға кәсіпкерлердің келген бағаға 10-15 пайыз үстемеден артық қоспаулары қадағаланады. Бозой бағытындағы трассаны асфальттау биыл Бегімбет ауылына дейін жетпек. Журналистердің басқа да сауалдарына жауап берген аудан әкімі олардың жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Қ.Әлин, «Шалқар».