ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ЖАСАЛДЫ

«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жарылғасын Шамбалаев, партияның аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлия Әбдіғапарова Шалқар қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының күрделі жөндеу жұмыстарына мониторинг жүргізді.

«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі жол картасы аясында жүргізіліп жатырған  жұмысқа жауапты «ИМАН» ЖШС-нің өкілі Жасұлан Садықовтың айтуынша, жобаның жалпы құны 243 293 205 теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін мектеп ғимаратының сыртын қаптау, ғимараттың шатырын жөндеу жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда ғимараттың ішіне сылақ, еден төсенішін құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Партияның негізгі мақсаттарының бірі — сайлаушыларға берген уәделердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету. Науқан кезінде Шалқар  қаласының тұрғындары №2 мектеп-гимназиясы ғимаратының ескіргенін айтып, жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын айтқан болатын. Мінеки, аталған жұмыс Жол картасы аясында 2022 жылға жоспарланып, жүзеге асырылып отырғанын көріп отырмыз. Мектеп ғимаратын жөндеу жұмыстары бойынша партиялық бақылау комиссиясымен бірлесе отырып, тиісті ұсыныстарымызды айттық. Алдағы уақытта да жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі партияның тікелей бақылауында болады,— деді «AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жарылғасын Шамбалаев.

ӘДЕП НОРМАЛАРЫ ҚАТАҢ САҚТАЛУЫ ТИІС

Шалқар аудандық қазынашылық басқармасы ғимаратында «Этика талаптарын сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге «AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жарылғасын Шамбалаев, аудандық қазынашылық басқармасының басшысы Әсемгүл Егімбаева және басқарма қызметкерлері қатысты.

Жиналысты ашқан аудандық қазынашылық басқарма басшысының орынбасары Гүлжанат Мусагалиева күн тәртібіндегі тақырып бойынша баяндама жасап, әдеп нормаларына тоқталып өтті.

—Мемлекеттік қызметшілер әркез қызмет көрсетудің жоғарғы стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуі қажет. Әрбір мемлекеттік қызметшілердің әдеп сақтауы басты құндылық болуы тиіс,—деді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жарылғасын Шамбалаев.

Жиын соңында Шалқар аудандық қазынашылық басқармасындағы партия мүшелеріне жаңа үлгідегі партиялық билеттер табысталды.

«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы.

Posted Under
Санатталмаған