28 шілде күні Шалқар ауданының қоғамдық кеңесінің отырысы болып, оны кеңес төрағасы Нұрлан Майкөпов жүргізді. Онда «Шалқар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2022 жылғы ауданда бұқаралық спортты дамыту, аудан халқының бос уақыттарын тиімді пайдаланудағы салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы спортпен жүйелі түрде шұғылдануына жағдай жасау туралы бір мәселе қаралды.Қаралып отырған мәселе бойынша аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Джуманов төмендегідей баяндады.
— Еліміздегі ахуалға байланысты (қаңтар оқиғасы) жоспарымыздағы спорттық іс-шараларды кейінге шегерді. Бір жүйеге түскеннен кейін жоспарға сәйкес, белгіленген спорттық бұқаралық іс-шаралар тұрақты түрде халықтың салауатты өмір салтын ұстануларына бағытталып, ұйымдастырылып отыр.
Ақпан айында Бейжің XXIV қысқы олимпиадасына қатысушыларды қолдау мақсатында шаңғы спорт түрінен аудандық біріншілік өткізілді. Жалпы біріншілікке 70-тен астам спортшы тілек білдіріп қатысты. Қар үстіндегі футбол, волейболдан аудан әкімі кубогіне арналған аудандық ашық біріншілік, Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен қазақша күрес, қол күрес, садақ ату, арқан тартыстан жарыстар өткізілді. Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылған күніне орай волейболдан аудандық біріншілік тағы да басқа спорттық бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Алда үстел теннисінен ересектер арасында аудандық біріншілік ұйымдастырылатын болады.Спорттық ғимараттарда спортпен жүйелі түрде шұғылданушыларға бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында залдарды қолдану кестесі де бекітілді.
Қазіргі таңда 159 спорттық нысан бар. Олар: 31 спорт зал: 6 атқыштар тирі, 100 жазықтық құрылғылар, 20 хоккейлік корттар, 1 стадион, 1 дене шынықтыру-сауықтыру кешені.
Ауданда дене шынықтыру және спорт жұмыстарын жүзеге асыратын 180 штаттағы қызметкерлер бар. Бүгінгі таңда 18 000-ға (нақты 17832) жуық спортшы спортпен жүйелі түрде шұғылданып 38 пайызды құрап отыр. Аудандағы жұмыс жасайтын спорттық секциялар: қазақша күрес, футбол, волейбол, грек-рим күресі, бокс, дзюдо, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ, садақ ату, еркін күрес тағы да басқа қызығушылығымен секциясы жоқ спорт түрлерімен аудан халқы спортшылар және жасөспірімдер жүйелі түрде шұғылдануда.
Ақтөбе облысының футзалдан әуесқойлар арасында 5-6 ақпан күндері өткен чемпионатқа Шалқар ауданы құрама командасы қатысты.
Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен 11-13 ақпан күндері Ақтөбе қаласында жасөспірімдер, жасжеткіншектер, жастар, ересектер, қол күресінен облыстық чемпионатқа Шалқар ауданы құрама командасы қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында шағын футболдан ардагерлер арасындағы Батыс аймақтық жарысқа Шалқар ауданы құрама командасы қатыстырылды. Ересектер арасында шаңғыдан аудандық біріншілік өткізілді. Біріншілікке аудан мекемелері, ауылдық округ, мектептерден спортшылар атсалысып қатысты. Шалқар ауданы әкімі кубогіне арналған волейболдан аудандық ашық біріншілік ұйымдастырылды. Волейбол жарысына ауданымыздың барлық мекеме, мектеп, ауылдық округтері және Ақтөбе облысының аудандарынан командалар атсалысып қатысты.
Үстіміздегі жылдың 27-29 сәуір аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығы аясында грек-рим күресінен жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері, ҚР «Құрметті спорт қайраткері» М.Ә.Есенжоловты еске алуға арналған І республикалық турнир өтті. Жалпы жарысқа мемлекетіміздің әр облыстарынан 300-ге жуық спортшы, ауданымыздан 14 спортшы қатысты. Сондай-ақ, мамыр айында жасөспірім қыздар арасында дзюдодан аудан біріншілігі, «15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне» орай жас отбасылар арасында «Отбасым — бақыт мекенім» тақырыбында отбасылық сайыс, мемлекеттік Рәміздер күніне орай бокс, грек-рим және дзюдо күресі спортшылары арасында «Елтаңбасымен еңселі, Гимнімен айбынды, Туымен тұғырлы» тақырыбында командалық спорттық сайыс ұйымдастырылды.
№2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 7 түрі бойынша футбол, волейбол, үстел теннисі, қазақша күрес, еркін күрес, тоғызқұмалақ, баскетбол спорттық секцияларда 467 жасөспірім ұлдар мен қыздар спортпен шұғылданады.
Биыл туған жеріміз Шалқар ауданының 90 жылдық мерейтойына және Балалар жылын атап өту мақсатында 26-27 наурыз аралығында тоғызқұмалақтан қоғам қайраткері Ж.Таушанов атындағы 9,11,13 жас ерекшеліктері бойынша қыздар және ұлдар, ересектер арасында ашық біріншілік, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесіне орай қыздар арасында волейболдан ашық біріншілік, сондай-ақ футболдан былғары доп турнирі, шахматтан М.Мақсұтовты еске алуға арналған турнир өткізілді.
Сонымен қатар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Бақтыбай батыр ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында қазақша күрестен жасөспірімдер арасында облыстық біріншілік ұйымдастырылды.
Ұйымдастырылған жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларымыз бөлім тарапынан марапатталуда. Яғни, дзюдо күресінен Сағитжан Сәулемай ҚР Чемпионатында қола медальді иеленсе, қазақша күрестен Әбдірейімов Ардабек ҚР Чемпионатында қола медальді жеңіп алды. Сондай-ақ, қазақша күрестен Нұрболат Нұрдәулет облыстық, республикалық деңгейде өткен жарыстарда жүлделі орындарға ие болса, Нұрболат Әбдірахим аудан біріншіліктерінде жоғары көрсеткіштерге жетіп жүр.
Қыз балалар арасында Алтынай Шыңғысқызы волейбол спорт түрі бойынша облыстық деңгейде көзге түсіп, облыстық құрама қоманда құрамына кіріп, Орал, Петропавл қалаларында өткен республикалық жарыстарға қатысып келді.
23 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күніне орай, аудандық спартакиада және 40 жастан жоғары аудан азаматтары арасында футболдан аудандық біріншілік ұйымдастырылды — деді, С.Джуманов.
Сонымен бірге баяндамашы осы жылдың жарты жылдығы бойынша аудан көлемінде 200 жуық спорттық шаралар өткізілгенін. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет бойынша 1 адамға спорттық атақ берілгенін және 3 өтініш келіп, өтініш берушілердің өтініші орындалғанын және осы аталған шаралардың барлығы дерлік аудан халқының салауатты өмір салтын ұстануларына және бұқаралық спорттың дамуы мен бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталғанын айтты.
Қаралып отырған мәселе бойынша аталған кезеңде атқарылған жұмыстарды тыңдаған қоғамдық кеңес мүшелері бөлім басшысы С.Джумановқа алдағы уақытта төмендегідей жұмыстарды жүзеге асыруды ұсынды: Ауданда спортты дамыту бағытында жұмыстарды жақсарту жөнінде нақты шараларды жүзеге асыру; Спортты дамытуға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына тиісті бақылауды күшейту; Ауданда спорттың дамуына байланысты қала, ауылдық әкімдермен тығыз байланыста болып, нақты шаралар алу; Жалпы аудандағы спорттың түрлерін дамытуға байланысты нақты іс-шаралар жоспарын жасап, оны қаржыландыру мәселесі бойынша ұсыныстарды тиісті органдарға тапсыруды іске асыру.
Сонымен бірге, С.Джумановқа атқарылған жұмыстардың нәтижесі бойынша үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанына дейін қоғамдық кеңеске жазбаша мәлімет түсіру тапсырылды. Және осы мәселерге орай қоғамдық кеңесте қабылданған шешімнің орындалуына тиісті бақылау жасау. Шалқар ауданының қоғамдық кеңесінің әлеуметтік сала, заңдылық, құқықтық тәртібі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Ж.Аимбетовке және Қоғамдық кеңес хатшысы Б.Рамазанға жүктелді.
Қыдыралы Әлин,
Шалқар ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшесі.