АРСЕННІҢ ЖЕҢІСІ ШАЛҚАРЛЫҚТАРДЫ ҚУАНТТЫ

Шалқар топырағынан шыққан тағы бір жас спортшымыз Арсен Жұма Италияның Рим қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды.

Күрес түрлері бойынша жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты биыл 25-31 шілде аралығында Италия астанасында өтті. Жас балуандар грек-рим күресі, еркін күрес және әйелдер күресі бойынша бақ сынады. 48 кг салмақтағы Арсен жарыс жолына алғашқы күні шыққан балуандардың сапында болды. Ол жартылай финалға дейінгі жекпе-жектерді жақсы өткізіп, жартылай финалда Иранның өкілі — Әли Ахмади Вафадан жеңілді. Ал 26 шілдеде өткен қола үшін белдесуде армениялық Тигран Галстянды 5:3 есебімен жеңді. Арсен қазір облыс орталығындағы Есет батыр атындағы олимпиядалық резервтегі мамандандырылған колледжде оқиды.

2 тамыз күні Шалқар теміржолы вокзалында жеңімпаз ұланымыз Арсен Жұманы спорт жанкүйерлері гүл шоқтарымен қарсы алып, сый-құрметтерін көрсетті. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов бүкіл еліміздің, оның ішінде шалқарлықтардың мерейін көтерген Арсенді жеңісімен құттықтап, алдағы уақытта грек-рим күресінен талай белесті бағындырып Әлем, олимпиада чемпионы болуға тілектестігін білдірді. Және жеңімпаз спортшыға Алғыс хат пен 500 мың теңгенің Сертификатын табыс етті. Сонымен бірге Арсен Жұманың бапкері, оны осындай биік дәрежеге жетуіне еңбегін сіңірген жаттықтырушысы Аслан Тахаевқа да Алғыс хатын ұсынды.

 Спорт ардагері Жеңсікбай Сейімбетов В. Цеханович қалыптастырған грек-рим күресі спорт мектебінен талай саңлақтардың шыққанын айта келіп, ел мерейін асырған Арсенге алдағы өмірінде спорт өнерінен талай биіктерді бағындырып, үлкен дәрежеге жетуіне тілектестігін білдіріп, ақжолтай батасын берді.