ШАБЫНДЫҚТАҒЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС

2022-2023 жылдардың қыс айларына мал басын шөппен қамтамасыз ету үшін ауданға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан екі айлық 293600 тонна шөп дайындау міндеті қойылған болатын. Бүгінгі күнге 105030 тонна мал азығы дайындалды. Орындалуы 35,8 пайыз. Осы дайындалған шөптің 47675 тоннасы тасып алынды. Оның ішінде қыстаққа 39875 тонна, жұртшылық ауласына 7000 тонна тасылды. Бұл жұмыстар күз айларына дейін жалғасын тауып, мал азығымен толығымен қамтылуға жұмыстар жүргізіле беретін болады.

Жеке  тұлғаларға  мал азығын  дайындауға  ауылдық  әкімшілік  жерлері  мен  босалқы  жерлерден  жер  ұсынылып,  шөп  шабуға  мүмкіндік  берілуде және шаруашылықтар өздерінің шабындық жерлерінен және әр округте  шөп дайындайтын бригадалар құрылып, шөп шабуда. Қала және барлық ауылдық округтерге  мал санына қарай мал азығын дайындау көлемі берілді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша екпінді екі айлық мал азығын дайындау нау- қаны қызу жүргізілуде. Шөптің түсімі де өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Бұл қыстағы қардың қалың болуымен және сәуір-мамыр айларындағы нөсер жаңбырдың әсерінен болып тұр. Аудан бойынша мал азығын   дайындау  жұмыстарына 56 шөп бригадасы, 93 трактор, 123 шалғы, 69  тырма, 50 шөп буғыш, 45 шөп  көтергіш, 76 тіркеме  қатыстырылуда.

Қала және барлық ауылдық  округтер арасынан Есет Көтібарұлы, Жаңақоныс, Мөңке би, Шетырғыз, Ақтоғай, Шалқар ауылдық округтерінде шөп шабу жоспары, шөпті тасып алу жұмыстары жақсы ұйымдастырылуда.

Ауданымызда ауылшаруашылық құрылымдарынан Есет Көтібарұлы ауылдық округінен «Жомарт», «Бағдат», «Дастан» шаруа қожалықтарында, Жаңақоныс ауылдық округінен «Даурен», «Дархан», «Ержан», Мөңке би ауылдық округінен «Тұрсын», «Санжар», «Тасқора», «Досжан», «Азамат», Шетырғыз ауылдық округінен «Елеукен» шаруа қожалығында, «МТС Қаратоғай» өндірістік кооперативінде, Шалқар ауылдық округінен «Әнуар», «Ақжол», «Меңдеш», «Қайрат Жомарт», «Ебес» шаруа қожалықтарында, Ақтоғай ауылдық округінен «Қызылсаз», «Береке» шаруа қожалықтарында мал азығын дайындау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Аталған шаруашылықтар ауылдық округ тұрғындарын да қысқы мал азығымен қамтамасыз етуде.

Ағымдағы жылы Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Жомарт», «Бағдат», «Дастан» шаруа қожалықтары жылдағыдай малдың қысқы азығын әзірлеуге ерте кірісіп кетті. Шөп дайындау  әрине, оңай шаруа емес. Ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі түгелдей жойылып кетпей тұрғанда жинап алу қажет. Әдетте мал азығын дайындау маусым-шілде айларында жүреді. «Осы уақыт аралығында үлгермей қалсаң, әрі қарай шөп қурап, бойындағы нәрі де азаяды», дейді шаруашылық басшылары. Сол себепті қазір шаруашылық шөпті құнарлы кезінде шауып, Байқадам, Бегімбет, Есет, Бозой елді мекендері тұрғындары мен шаруа қожалықтарына шөп тасып жатыр.

Аудан басшысы Жанболат Жидеханов бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірлесіп жұмыстар жүргізіп, алдағы қысқа мал басын аман алып шығу үшін барлық шаралар қарастырып, жұмыстар жүргізу қажеттігін тапсырды.

Мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны — қауіпсіздік. Өрттің қашанда  жақсылық әкелмейтіні  де белгілі. Сондықтан тілсіз жау — өртке ешуақытта жол бермеуіміз керек. Бұл бағытта ауылдық округ әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыстар істелуде. Қыс шанасын жаз сайлап жатқан пішеншілер арасында үгіт-насихат жұмыстары тоқтаған емес.Кішкентай шоқтың үлкен өртке айналатынын жете түсініп, тілсіз жаудың алдын алу баршамызға міндет деп білейік. Шөп шабу қамына кірісіп кеткен шаруалар, механизаторлар өрттен барынша сақ болайық.

Марғұлан ДОСЖАНОВ,

аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары.