Шалқар ауданының тарихи-өлкетану музейінде елге елеулі қызмет етіп, артына ізгілікті із қалдырған азаматтарға арналған экспозиция қатары жыл санап толығуда. Өлкемізге Юнис Шәңгірбаевтың есімі жақсы таныс. Көзі тірісінде туған жердің түлеуі үшін бар күш-жігерін салып, уақытпен санаспай еңбек еткен абзал азамат жайында әрдайым жақсылығы айтылатыны да сондықтан. Аудандық музейдегі танымдық бұрыштар қатары кеше осы Юнис ағаға арналған «Ұмытылмас тұлға» атты экспозициямен толықты.
Азамат есімін ұлықтаған рухани шараның ашылуында аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев сөз сөйлеп, оның кісілік болмысына, іскерлігіне, адамгершілігіне кеңінен тоқталды.
—Юнис Ыбырашұлы көпшілік үлгі тұтқан абырой иесі, өнегелі істерімен жерлестеріне сыйлы бола білген ел ағасы еді. Жарты ғасырлық ғұмырында артына айшықты із қалдырған іскер ағаларымыздың бірі болды. Ол Байқадам ауылында туып, мектепті аяқтаған соң, еңбек жолын сол оқыған мектебінде аға пионер вожатый қызметінен бастап, аудандық комсомол комитетінің I хатшысы, аудандық халық депутаттары кеңесінің депутаты, халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, Ақтөбе теміржол бөлімшесінің қаржы бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
Мен 1988 жылы аудандық комсомол комитетінің I хатшылығына сайланған кезде қызметіме сәттілік тілеп, кабинетіме келіп ағалық ақыл-кеңесін айтқан еді. «Жұмсақ кресло адамды жалқаулыққа жетелейтіні бар, қарапайым орындықтардың қадірі жоғары…», деп жымиып айтқан сөзін мен ешқашан ұмытқан емеспін,— деді аудандық мәслихат хатшысы.
Юнис Ыбырашұлының қызмет барысында қолданған бұйымдары, суреттері, мақалалары жарияланған газет қиындылары қойылған экспозицияның ашылу лентасын ұлы Әбілмансұр мен жақын досы Дәулетияр Әспенов қиды. «Жақсы адамның артынан із қалады» атты бейнероликте Юнис ағаның өмір жолы баяндалып, тың мәліметтер экраннан көрсетілді. «Жарқ еткен жарық жұлдыз еді» тақырыбындағы көрме де ел ағасының өткен жолдарынан сыр шертті.
Шара барысында Юнис Шәңгірбаев туралы риясыз әңгімелер лек-легімен айтылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген мен досы Дәулетияр Әспеновтің мәнді әңгімелері ойға қонымды болды. Ал бейнеэкран арқылы естелік айтқан Шалқар ауданының Құрметті азаматы Жеткерген Елеместің сөзі көпшілікті ұйытты.
Ұрпақтары атынан сөз алған інісі Ыбырайым Сүлейменов пен қызы Алтынай Юнисқызы игілікті істі ұйымдастырушыларға шынайы алғысын айтты. Аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының жыр-шашулары тағылымы мол жиынға жиналған қауымды бір серпілтті.
М. БОҚАН.