ДОМБЫРАШЫ ЕДІЛ ТУҒАН АУЫЛЫНА КЕЛДІ

Шілде айының бірінші жексенбісі — Ұлттық домбыра күніне орай Бегімбет ауылдық клубында «Домбыра — халық даналығы» тақырыбында халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің доценті, «Алтын Домбыра — 2007», Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған медалінің және Құрманғазы төсбелгісінің иегері, Қазанғап күй мектебін жалғастырушы,  жерлесіміз Еділ  Басығараевпен  кездесу кеші өтті.

Еділ Бақытұлы 1970 жылы  Шалқар ауданы, Бегімбет ауылында дүниеге келді. Жастайынан өнерге құштар болып, әкесі Бақыттан Қазанғап күйлерін үйреніп, 1987 жылы П.И. Чайковский атындағы музыка училищесінде әдіскер күйші Т.Бәділовтың сыныбына түседі. 1993 жылы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда өнертанушы, ғалым-ұстаз А.Райымбергеновтің, әрі қарай ассисентурада профессор Қ.Ахмедияровтың сыныбын тәмамдайды. Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінде 15 жылдан берi домбыра тобының әртісі қызметін атқарып келеді.

Бегімбет ауылында өткен шара барысында А.Роман, Ж.Жұмағалиева әннен шашу шашса, Е.Басығараев Қазанғап күйлерін тартып, өзiнiң елге деген сағынышқа толы «Айшуағым — балалық ертегім» әнінің тұсауын кесіп, ауылдастарына арнады.

   Ән көрермендердің көңілінен шығып, халықтың ықыласы мен қошеметіне бөленді. Ауыл үлкендерi жылы лебiздерiн бiлдіріп, өнер жолына сәттілік тілеп, ақ батасын беріп, иығына шапан жапты.