ПОЛИЦИЯ — ЕЛ ҚОРҒАНЫ

Аудандық Мәдениет үйінде 23 маусым — Қазақстан полициясы күні мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Шарада аудан әкімі Жанболат Жидеханов полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

— Сіздер Тәуелсіз еліміздің аспаны әркез  ашық болуы үшін аянбастан  Отан тыныштығын күзетіп, елдің амандығын ойлаған бүгінгі заманның батырлары ретінде бағаланасыздар.  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған ешкімге құл болмайды» деп даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы айтқандай, ел ішінде тәртіптің сақталуын, Ата Заң қағидаттарының бұлжытпай орындалуын қадағалайтын осы мамандық иелерінің қай кезде де Тәуелсіздігіміздің толағай жетістіктеріне қосып келе жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Бүгінгідей алмағайып заманда біздің сүттей ұйып отырған тыныштығымыздың шырқын бұзуға ұмтылушылар да аз емес. Осы орайда азат елдің ішкі тыныштығын сақтап, әлсізге пана, қамқор болып жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысына да жоғары баға беруге тиіспіз.

Ел басына күн туғанда етігімен су кешуге дайын тұратын ерлер біздің полиция сапында көптеп кездесетінін күнделікті өмірімізде көріп келеміз. Осы сөзіміздің бір дәлелі,  ел еңсесін есеңгіретіп кеткен пандемия кезеңінде барлық адам үйлерінен шыға алмай отырғанда, полиция күштері желдің өтіне, боранның ызғарына қарамай блок-посттарда тұрып, халықтың амандығын қадағалады. Олардың арасында коронавирус дертіне шалдыққандар да аз болмады. Сонда да өздеріне жүктелген қасиетті міндеттен бас тартпай, нағыз ерлерге тән әрекет етті. Бұл жағдай олардың қиындығы мол кәсіптерінің бір көрінісі ғана. Ал күнделікті өмірде құқық қорғаушылардың сан мәрте суық қаруға қарсы шығып, бастарын өлімге тігетін сәттері көптеп кездеседі. Халықтың амандығы үшін өз өмірін қатерге тіккен осындай ерлерімізбен біз әркез мақтанамыз, — деп қоғамдық тәртіп пен халықтың тыныштығын қорғауда уақытпен санаспай қызмет етіп келе жатқан тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

Бұдан кейін аудан басшысы Ж.Жидеханов аудандық мәслихаттың осы жылдың 10 маусымдағы №256 шешімі бойынша Шалқар ауданының экономикасының дамуына, саяси-әлеуметтік саласының өсіп-өркендеуіне қосқан зор үлесі және қоғамдық қызметтердегі белсенді еңбектері үшін Бақытжан Қарпықовқа «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағын және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және сіңірген еңбегі үшін Бектемір Құлымбетов, Сермағанбет Кенжебаев, Ибрахим Ұлмағамбетовке Құрмет грамотасын табыстаса,  12 полиция қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Аталмыш жиында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар ішкі істер саласында ұзақ жылдар еңбек еткен, аудандық полиция бөлімі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Қ.Дәулеталин мерекеге орай өзінің жылы лебізін білдіріп, жас сақшыларды аға буыннан үлгі алып, Отанды қорғауда әркез дайын болуға шақырды.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Сатаев бір топ полиция қызметкерлеріне «Қазақстан полициясына — 30 жыл» төсбелгісін тақты. Мерекелік шара мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».