«КҮМІС ЖАС» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ

 Шалқар ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында  2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамытудың  Ұлттық жобасы» бағдарламасы бойынша «Күміс жас» жобасы іске қосылды.  Зейнеткерлікке  шығуына 2 жыл қалған  аудан тұрғындарын (әйел адамдар 1963 жылғы, ер адамдар 1961 жылғы)  шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге (1 жылдан асқан) жұмысқа жолдауды жүзеге асыруда. 

Бағдарлама кімдерге арналған?

«Күміс жас» жобасына қатысушылар — зейнеталды жастағы жұмыссыз адамдар. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтар уақытша жұмыспен қамтылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды қамтиды.

Жобаның шарты қандай?

«Күміс жас» жобасына қатысушылардың жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі — 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді 

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті.

Қалай өтініш береді?

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет. 

Еnbek электрондық еңбек биржасы арқылы тіркелу:

  • Enbek.kz-те жеке кабинет ашыңыз;
  • Жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге өтінімді толтырыңыз және ЭЦҚ-мен қол қойыңыз;
  • Өтінім автоматты түрде тексерілгеннен кейін жеке кабинетіңізге хабарлама келеді. 

 Жұмыс берушілерге қандай талап қойылады?

Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады.

Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кейбір мәселелері туралы бұйрыққа сәйкес, «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін зейнеталды жастағы адамды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналастыруға міндеттеледі. Тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартса, мемлекет есебінен төленген жалақының субсидияланған бөлігін бюджетке өтеуге міндетті.  

Жұмыс орындарына қойылатын талаптар қандай?

Қосымша жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс ашылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда, Ұлттық кәсіптер классификаторына сәйкес біліктілігі төмен қызметкерлердің 9-тобына жататын мамандықтар мен кәсіптер бойынша құрылмауы шарт.

                                                    Ақнұр ҚОБЛАШЕВА,

Шалқар ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы маманы.