БАТЫР АТЫНДАҒЫ ТАРТЫСТЫ ТУРНИР

Қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевты еске алуға арналған бокстан 2009-2010 жылдары туылған кіші жасөспірімдер арасында IV республикалық турнир өтті.

Балалар жылына орайластырылған шараның ашылу рәсіміне аудан әкімі Жанболат Жидеханов, спорт саласының ардагерлері мен жанкүйерлері қатысты. Аудан басшысы Ж.Жидеханов Ідіріс Үргенішбаевтың ерлік жолдарын насихаттауда бүгінгі шараның маңызы зор екенін айтып, жас спортшыларға сәттілік тіледі. Аталған республикалық турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне қолдау көрсетіп, үлес қосқандары үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Джуманов, облыстың бокс федерациясының президенті Владимир Гринберг, обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Ғалым Мәмбетов пен Әбілмұрат Илиясовқа Алғыс хаттар мен естелік алқалар табыстады.

Жарыста Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан облыстарынан, Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар,      Ырғыз, Шалқар аудандарынан барлығы 15 команда қатысып, 100-ге жуық былғары қолғап шеберлері бақтарын сынады.

Бокс турнирінің қорытындысында ауданның намысын қорғаған спортшылар да Дипломдар және алтын, күміс, қола алқалармен марапатталды. Атап айтсақ, 34 келі салмақ дәрежесінде I орынға Бейбарыс Саясатов, II орынға Түгел Серікбол, 36 келіде I орынға Ержігіт Тұралы, 38 келіде I орынға Саят Серікбай, 40 келіде III орынға Ерасыл Әбдімұрат ие болды. 52 келі салмақ дәрежесінде 3 орынды Айбар Қосынбаев, 56 келіде 2 орынды Ерасыл Жасұлан, 74 келіде 1 орынды Нұрбек Сержанұлы алды. Сонымен қатар Бейбарыс Саясатовқа «Үздік техникасы үшін» номинациясы берілді.

Төрт күнге созылған дүбірлі додада шаршы алаңдағы  боксшылардың бәсекесі спортсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Батырдың ұрпақтары турнир қонақтарына ас берді.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».