Есімін елге таныстыруды қажет етпейтін тұлғалар болады. Бірақ, олар сирек. Сол сиректердің бірі — Әбдіжәміл Нұрпейісов қалың қазаққа ортақ абыз ақсақал еді. Ол қазақ әдебиетінде «Алыптар шоғыры» атанған ұлы қаламгерлердің көзін көрді, олармен иық түйістіріп қатар жүрді. Ол — қазақты қан қақсатқан аштықтың куәсі, елі мен жері үшін жанын қиған Алаш арыстарының тұяғы. Қан майданда оқ пен оттың ішінен аман келіп, қазағына классикалық туындылар сыйлады. «Соңғы парыз» романының көркемдік-эстетикалық мәні, тақырыптық деңгейі, ұлттық ойлау жүйесіндегі жаңашылдығы айырықша. Оның қайсыбір шығармалары болмасын бірін-бірі толықтырып, замана тынысын дөп басып тұрады. Әр сөйлемінің құрамына көптеген құнды қасиеттерді тоғыстырады.
Өмірдің тарихи да әлеуметтік те растылығын сөзбен сомдаған тіл мен ойдың қас шеберіне бас иетініміз де сондықтан. «Қан мен терін» оқып, көркем әдебиеттің құдіретін түйсініп, шығармашылық өнердің жанкешті еңбек пен ымырасыз күрестен тұратынын көріп, жаңа түсінікпен әдебиетке келген жазушының ізбасарлары Әбең туралы әрдайым ерекше толғанады.
Үстіміздегі жылдың 5 ақпанында бақилық болған абыз жазушымыз туралы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік: — Әбекең әдебиеттің шыншылдығын, шынайылығын, стильдік тазалығын талап етті, қаламгердің қақысы, әр шығармасы үшін әр сөйлем үшін күресті. Өзінің шығармашылығына дәл мұндай ерекше жауапкершілікпен қарайтын жазушы кемде-кем шығар. Тіпті біреудің шығармасын оқығанда да қолына қалам алып, астын сызып, ұнаған жеріне «ұнады» деп, ұнамаса «ұнамады» деп жазып отыратын ыждағаттылығын қайтерсіз! Тоқсаннан асқан шағында да жазуын доғарған емес. Әлдеқалай сәлем беру үшін үйіне бара қалсаң, сені отырғызып қойып жазып жатқан затын ұзақ оқып, самолеттен қалып барамын дегеніңді тыңдамайтын кезін талай көрдік.
Әбекең өз замандастарының ешқайсысына ұқсамайтын. Өзінің шығармашылығынан басқа ештеңені мойындамайтын, өзіне де өзгеге де қатал, суықтау мінезбен, тынымсыз ізденіспен ғұмыр кешті, — деп қимастықпен жоқтады.
Уақыт жүйріктігімен бәстескен кім бар?! «Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы сынды озық туындылары ұлттық әдебиет үшін ғана емес, әлем әдебиеті үшін де баға жетпес рухани мұраға айналған Әбдіжәміл Кәрімұлының үлкен жүрегінің тоқтағанына 100 күннен асып барады.
Мамыр айының 27-28 күндері Қызылорда қаласында ұлт абызының 100 күндік садақасына орай еске алу шаралары өтті. Осы шараға белгілі қаламгердің мектеп бітірген жері — Шалқар ауданынан арнайы делегация қатысты. Оның құрамында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақ, ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков және аталас інісі ретінде өзім болдым.
Есімін ел құрметтеген жазушының садақасына республикамыздың түкпір-түкпірінен белгілі азаматтар келіп, мәнді естеліктер айтты. Олардың қатарында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Энергетика министрі Болат Ақшолақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жазушы Смағұл Елубай, ақын Мырзан Кенжебай, кинорежиссер Рүстем Әбдірашев, бұрынғы балық министрі Құдайберген Саржанов, т.б. бар. Осындай қалың қонақтарды қарсы алушылардың қатарында жазушының ұлы Кәрім мен қызы Шұға болды.
Жиналған қауым алдымен «Қайран Әбе, қардарым» атты бейнесюжетті тамашалады. Бұдан соң «Мен теңіздің ұлымын» атты театрландырылған композиция, «Теңіздей терең жан сырым» атты фантасмогориялық рухнама қойылды. Өз кезегінде ақындар арнау оқып, жыршылар жазушының туған жері Арал туралы жыр-термелердің тиегін ағытты. Арал аудандық мәдениет үйінің халық театры мен облыстық Н.Бекежанов атындағы театр өнерпаздары драмалық үзінділер оқыды.
Қызылорда қаласындағы студенттер сарайында Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларына арналған республикалық ғылыми конференция өтті. Үлкен мейрамханада меймандарға ас берілді. Кең дастархан басында Шалқар ауданының атынан сөз сөйлеп, әйгілі жазушыны Ұлы Борсық құмымен не байланыстыратындығын айтып, шалқарлықтардың абыз ақсақалдың рухына деген құрметін жеткіздім.
Ұлы адам дүниеден өткенде ұлты жетімсіреп қалады. Қайран Әбеңді қалың қазақ әлі талай жоқтайды. «Алла ағамызды алдынан жарылқасын», деп дұға етіп, оның кісілік болмысын ізбасар буын дәріптей бермек.
Аманкелді ҚАЛЫБАЕВ, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.