КҮМБІРЛЕП ӨТКЕН КҮЙ МЕРЕКЕСІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КҮЙ БАЙҚАУЫ

Қазанғап атам күйінің,

Тереңін бойлай түсінген.

Тұрамын саған сүйсініп,

Сыршылдығың да үшін мен.

Тиегін саздың ағытып,

Көңілінің қоңыр желі ессе.

Шалқыған сенің шабытың,

Шалқар көл, бейне емес пе!

                          Бәкір Тәжібаев.

Жақында Ақтөбе қаласында Қазанғап мұрасын жеткізуші күйші-композитор Сәдуақас Балмағамбетовтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы өтті. Әңгімені бастамас бұрын Сәдуақас Әдіманұлы Балмағамбетов кім десек, ол 1941 жылдың 17 қыркүйегінде Шалқар ауданының Айшуақ елді мекенінде дүниеге келген. Алғаш рет Қазанғап күйлерін,  Қазанғаптың шәкірті әрі нағашысы Матай Қуантайұлынан үйренеді. Бертін келе Жәлекеш, Кәдіралы, Келбет, Құрманғали сияқты күйшілердің шеберліктерімен танысады. Әкесі Балмағамбет те Қазанғаптың таңдаулы шәкірті болған. С.Балмағамбетов 1959 жылы Шалқар қаласындағы №1 қазақ орта мектебін бітіреді. Еңбек жолын Карл Маркс атындағы сегізжылдық мектебінде есепші болып бастайды. 1964 жылы Алматы консерваториясының ұлт-аспаптар оркестрі факультетінің домбыра бөліміне түсіп, 1974 жылы профессор Хабидолла Тастановтың домбыра класы бойынша бітіреді. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясында 25 жыл доцент болып ұстаздық қызмет ат-қарды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл өнер додасына Ақтөбе, Өскемен, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан барлығы 25 домбырашы қатысты. Негізінен Қазанғаптың және Сәдуақас Балмағамбетовтың күйлері орындалған байқау екі күнге созылды. Бірінші кезеңде Қазанғаптың екі күйі, Сәдуақас Балмағамбетовтың екі күйі, өз таңдауы бойынша Қазанғаптың бір күйі орындалды. Екінші кезеңде екі күйшінің екі күйі, С.Балмағамбетовтың бір күйі орындалды. Негізінен екінші кезеңде С.Балмағамбетовтың күйіне басымдық берілді. Байқау екі күнге созылды.

Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, күйші Айтжан Тоқтаған бастаған, мүшелері: ҚР еңбек сіңірген әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері Тұрар Әліпбаев, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, ҚР мәдениет қайраткері, «Домбыра» телеарнасының продюсері, өнер зерттеушісі, күйші Мұрат Әбуғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы, күйші Жайлау Асылханов, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясы домбыра кафедрасының аға оқытушысы, ҚР мәдениет саласының үздігі, күйші Асылбек Кенегесов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің мұғалімі, Қазанғаптанушы, күйші Нұрболат Жанаманов.

Қазанғап десек, қазақтың үш кәсіби өнер қайраткерлері еске түседі. Академик Ахмет Жұбанов қазақтың күй өнеріндегі жеті мектептің бірі — Қазанғап дәстүрі деп атап көрсеткен. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәлекеш Айпақов Қазанғап күйін республикаға алғаш танытқан адам. «Тірі Қазанғап» атанған Алматы консерваториясының доценті Сәдуақас Балмағамбетов Қазанғап күйлерін республика жұртшылығына танытуға, насихаттауға ұлан-ғайыр еңбек сіңірді. Ол телевизия мен радиодан бағдарламалар жүргізді және күйлерін нотаға түсіріп, кітап етіп шығарды.  

Енді Сәдуақас Балмағамбетов туралы Алматы консерваториясында бірге жұмыс істеген профессор Айтжан Тоқтағанов былай дейді: «Сәдуақас тартысындағы Қазанғап күйлері айырықша таза, мөлдір бұлақтай, көңілді шартарапқа құйқылжытып, міне нағыз паң да пәк дүние» дегізіп, ырықсыз тамсантып, таң қалдырады… Ол асқан домбырашы, күйші, күй дүниесін жетік меңгерген дарынды ұстаз».

Қазақ күй өнерінің барлық мектебін меңгерген әрі Қазанғаптың күйін шебер орындайтын Мұрат Әбуғазының айтуында: «Сәдуақас ағам домбыра тартуға ғана жаралғандай сүйріктей біткен салалы саусақтардың астынан түрлене шыққан сырлы үннің сұлулығы шексіз. Күйдің күрделі иірімдерінің өзінде әр дыбысы маржандай төгіліп шығады. Кез келген дыбысты бос жібермейді, жүректен өткізеді. Қазанғап күйлерін орындағанда шеберліктің шыңын бағындырған Сәдуақасты ұлы дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиев «Тірі Қазанғап» деп бағалауы тегін емес еді…». 

Күйші Нұрболат Жанаманов:

— Қазанғап күйлерін жеткізушілердің барлығы дерлік Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүниеге келгендер. Қазанғап қазіргі Айшуақ елді мекеніне қарасты Көкаланың бойында дүниеге келсе, ал оның шәкірттері айналасы 10-25 шақырым жердегі аумақта яғни, Жіңішке құмында Матай Қуантайұлы, Маташта Жәлекеш Айпақов, Қамқа құмында Кәдіралы Ержанов, Ордақонғанда Балмағамбет туған. Яғни сол маңды күй өнерін дәріптеген тұлғалар дүниеге келген киелі жер деуге болады. 

Мен Сәдуақас күйшінің інісі ретінде оның 80 жылдық мерейтойын республика көлемінде атап өтуге бастама көтердім. Осы бастаманы қолдаған облыс әкіміне, шара құрылтайшысы,  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Алтынай Юнисоваға, ұйымдастырған облыстық халық шығармашылық үйінің қызметкерлеріне шын жүректен алғысымды айтамын, — деді Н.Жанаманов.

 Қазанғап күйлері туралы Сәдуақас Балмағамбетов үш кітап шығарды.  Әуелі 2000 жылы «Саз зергері Қазанғап» жинағы, одан кейін 2005 жылы «Қазанғап» атты кітабы шықты.

Ал 2016 жылы Сәдуақас Балмағамбетовтың «Күй дастан» атты кітабы шықты. Бұл кітапта Қазанғаптың 24  күйі бар және өзінің күйші-композитор ретінде шығарған 20 күйі, 4 әні бар. Сәкең мен күй шығардым деп ешқашан кеудесін ұрмайтын. Оның шығарған күйлері, әуендері ешбір күйшінің әуеніне ұқсамайтын тың әуен болатын.  Кешегі болған шара Ақтөбе шығармашылық академиясының акт залында өтті. Оны Ақтөбе филармониясы жанындағы ұлт аспаптар оркестрі, бас дирижері Мәдина Қабижанова «Айналайын Ақтөбем» күйімен ашты. С.Балмағамбетовтың   төрт күй, бір әні орындалды. Оның күйлері «Космос», «Қайда екен қайран боздақтар», «Қыз қуу», «Солдат сағынышы» және «Күй дастан» күйлерінде асқан шабыттың үні естіледі. Оның «Күй-дастан» атты туындысы фортепианоға лайықталған. Өскен өлкеге орнатқан мәңгілік ескерткіш, туған жерге деген ерекше сүйіспеншіліктен туындаған, ол «Шалқарым» деген күйі еді…

Ол қазақ музыка өнерінің майталмандары Шамғон Қажығалиевпен, Нұрғиса Тілендиевпен, Хабидолла Тастановпен, Әсет Бейсеуовпен, Ескендір Хасанғалиевпен,  Бәкір Тәжібаевпен, т.б. шығармашылық және достық қарым-қатынаста болды.

С.Балмағамбетовтың күйлері «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында шыққан «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына енді. Оның орындауындағы Қазанғаптың және өзінің күйлері қазақ радиосының алтын қорына енді.

Күйшілер байқауында қазылар алқасының шешімімен қорытындысы шығарылды. Сәдуақас Балмағамбетовтың және Қазанғап Тілепбергенұлының күйлерін өте жоғары дәрежеде орындап, шеберлігін көрсеткені үшін бас жүлде Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің домбыра класының мұғалімі Думан Бекмырзаға берілді (бір миллион теңге). Бірінші орынға тігілген 500 мың теңге Алматы Ұлттық консерваториясының төртінші курс студенті Бейбіт Темірханға берілді. Ал екінші орын екі жүлде 350 мың теңгеден Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының екінші курс студенті Дастан Тоқтаровқа және Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер университетінің домбыра факультетінің үшінші курс студенті Мағжан Шәріпке берілді. Үшінші орынға үш жүлде, әрқайсысы 250 мың теңгеден берілді. Олар: Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы Болат Жалғасұлы, Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер университетінің үшінші курс студенті Марғұлан  Ахмедиярға, Алматы Ұлттық консерваториясының үшінші курс студенті Арна Батихановқа берілді. Айта кету керек, Алматы қаласында тұратын жерлесіміз, ірі кәсіпкер, шебер күйші Алтынбек Үмбетов С.Балмағамбетов атындағы  жүлде қорына қосқан, 600 мың теңге болатын арнайы қымбат домбыра сыйлады. Осы қымбат сыйлықты  қазылар алқасы Сәдуақастың күйін шебер орындаған Алматы Ұлттық консерваториясының екінші курс студенті Ләззат Ақиқатқа табыс етті және оған қосымша 100 мың теңгені Нұрболат Жанаманов байғазыға байлады.

Тағы да айтарым, байқауға арналған жүлде қоры өте жоғары болды. Жоғарыда аталған жүлделерден бөлек Жәлекеш Айпақов, Айса Шәріпов, Х.Тастанов және облыстық  күйшілер одағы атындағы төрт сыйлық, әрқайсысы 100 мың теңгеден 4 конкурсантқа берілді. Тағы екі күйшіге Дипломант жүлдесі 75 мың теңгеден берілді. Сонымен бірге  12 күйшіге байқауға белсене қатысқаны үшін Диплом және әрқайсысына 50 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Ал мен өз демеушілігіммен Сәдуақас Балмағамбетовтың «Күй-дастан» кітабын 200 дана етіп қайта бастырып (2022 жыл), осы үлкен шараға қатысушыларға сыйға тараттым.

Шараның соңында марапаттау рәсімі болып, аудан әкімі Жанболат Жидехановтың Құттықтау хаты мен сыйлығын Алтынай Юнисоваға  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев тапсырды.  Алматы Ұлттық консерваториясы ректорының Құттықтау хатын күйші Асылбек Кенегесов тапсырды. Ал Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің Құттықтау хаты облыстық шығармашылық үйіне тапсырылды. Және соңғы қорытындылау сөз Сәдуақас Балмағамбетовтың жолдасы, кезінде «Тамаша» ойын-сауық отауының режиссері болған ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Мақтымқұлы атындағы сыйлығының лауретаты, ақын Қойшығұл Жылқышиевке берілді.    

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».