5 маусым еліміз үшін тарихи күн болды. Бұл тарихи күнге бей-жай қарай алмадым. Аудандық мәслихат депутаты ретінде өзім дауыс берген референдум учаскесіндегі халықтың пікіріне құлақ астым. Ел тарихындағы елеулі оқиғаға қарапайым халық та немқұрайлы қарамайтынын байқадым. Себебі, референдумға келген халықтың қарасы қалың болды. Бірінші дауыс беруге талаптанған жастан еңкейген ақсақалға дейін белсенділік танытты.
Аудан жастарының көшбасшысы ретінде түсінгенім — жастар «Жаңа Қазақстанды» құруға батыл қадам жасағандай. Референдумға келіп, өз таңдауын жасап, пікірін білдіріп жатқан белсенді жастардың көптігі көңіл қуантты. Олар «Жаңа Қазақстан», жарқын болашақ жастарға керек екендігін түсінген секілді.
Жалпы халқымыз өзгеріске дайын екендігін, өзгерісті қалайтындығын байқадым. Бұл референдум әр қазақстандыққа өз пікірін білдіруге мүмкіндік бергенін, отандастарымыз мемлекетті басқару процесіне араласа алатындығын, халықтың даусы естілетіндігін, ой-пікірлерін ашық айту, қоғамға үн қосу еліміздің жарқын болашағына, жаңа өміріне қадам жасайтын кездің ауылы алыс еместігін түсінгендей. Ең бастысы, халық Президентті қолдауда.
Референдум өтті, халық қолдады. Енді референдумнан кейін бізді не күтіп тұр деген сұрақ әр қазақстандықты ойландыратыны анық. Алдағы өзгерістер қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына, азаматтардың қауіпсіздігінің артуына, құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ең бастысы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашуы тиіс. Елімізде биліктің қайнар көзі — халық деп танылғандықтан, республиканың негізгі заңын қабылдау кезінде халықтың ойы мен еркі ескеріледі. Халықтың қалауын негізге ала отырып, халық үшін қызмет ететін заң жобалары іске асады.
Осының барлығы да «Жаңа Қазақстанды» құрудағы алғашқы қадамдар. Қастерлі Тәуелсіздігіміз тұғырлы болған, ар мен намысымызға айналған рәміздерімізге 30 жыл толған кезеңде бүгінгі ұрпаққа берілген аманаттың салмағы ауыр екендігін көрсетеді. Жаңғыру мен жаңашылдықты бастау қиын емес, тек оны мақсатты шыңына шығару қиын. Ол үшін баршамызға бірлік, тыныштық, ауызбіршілік қажет.
Жанна АБДЕНОВА, Шалқар аудандық мәслихат депутаты, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының депутаттық фракция мүшесі.