РЕФЕРЕНДУМНАН КЕЙІНГІ ОЙ

Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген тәмсіл бар. Осыдан бір ай бұрын «болады» деп басталып, еліміздің тарихына жазылған референдум да кешегі күнмен тарихқа енді. Референдум алдындағы бір ай уақытта ауданымыздағы түсіндіру тобына жататын зиялы қауым, түрлі партия өкілдері, қоғамдық ұйымдар,  жастар, арнайы құрылған штаб мүшелері жалпы халыққа өте түсінікті тілмен баяндап, аталған науқанның маңыздылығы мен ертеңгі болашақ үшін әкелер пайдасын жеткізе білді. Осының нәтижесінде халықтың бұл шараға деген ынтасы оянып, белсенділігі артты. Оның айғағы белгіленген күні сайлау учаскесіне ағылған жұртшылықтың қарасының молдығынан көрінді. Референдумға келіп, өз таңдауын жасаған кәрінің де, жастың да көзінде ертеңгі күнге деген үміт оты мен сенім байқалды. Болашақ  үшін ең керегі осы еді.

5 маусым күні кешкілік референдумның алғашқы нәтижелері де хабарлана бастады. Бұл ретте нағыз ел күткен қорытындылар айтылып, бұрынғыша жалаң ұранға салынбай, Жаңа Қазақстанға тән көріністер ел алдына шықты. Халық өзінің нақты таңдауын жасап, Ата Заңымызға елеулі өзгерістер енгізілетін болды.

Осымен барлық іс бітті деп ойласақ, біз қателесеміз. Өйткені, референдум өткізілген  тарихи күн алдағы болатын үлкен өзгерістердің бастауы ғана еді.  Конституциямызға енгізілетін өзгерістердің негізімен келер күндері көптеген заңдарға өзгерістер енгізіліп, ол заңдар өз кезегінде қоғамды өзгертері сөзсіз. Сондықтан алдағы болатын реформалық кезеңде Мемлекет басшысының идеясының маңына шоғырланып, ел болып елдігімізді білдіргеніміз дұрыс.

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, біздің бірлігіміз ел ертеңі үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін өте маңызды. Отандастарым ең алдымен осыны түсінсе деймін.

 Жайлыбай АЙЫМБЕТОВ,

Қазақстан Халық партиясының Шалқар аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты.

Posted Under
Санатталмаған