САЯСИ ЖАҢҒЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ

РЕФЕРЕНДУМ — 2022

Референдумды қолдауға арналған аудандық қоғамдық штаб мүшесі Марғұлан Ермекбаев пошта байланысы торабы ұжымымен кездесіп, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіріп, үгіт-насихат жұмысын жүргізді.

— Елімізде ауқымды реформалар мен саяси өзгеріс жасау қажеттігі айқындалып отыр. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тартып, әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған Президенттік өкілеттігі және Парламент мәртебесін кеңейту бағыты ұсынылды. Соның нәтижесінде «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидатына  бағытталған құқықтық негіз қалыптасады. Бұл жерде ұлттық заңнаманың орны ерекше, сондықтан Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Президенттің кей міндеттері Парламентке, орталық биліктен өңірлік билікке беріледі, мемлекет пен қоғам арасында тиімді диалог жолға қойылады, мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне көшуге жағдай жасалады, — деді М.Ермекбаев.

Баяндамашы референдумның өтуіне санаулы күндер қалғанын айта келіп, Конституциялық реформа ең алдымен халыққа қажет екендігін, өзгерістерді егжей-тегжейлі талдауға халықтың ашық араласатынын жеткізді.

— Алда күтіп тұрған үлкен өзгерістерге осындай маңызды шешімдерді қабылдауға бүкіл қоғам болып қатысып, әркім өз қалауын білдіруі керек. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін референдум қажет, — деді М.Ермекбаев.

Кездесуде пошта торабының қызметкерлері референдумның мәнін терең түсінетіндерін айтып, 5 маусым күні ұйымдасқан түрде дауыс беретіндерін жеткізді.