ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

РЕФЕРЕНДУМ — 2022

Аудандық штаб өкілдері Елубай Төлепберген, Қыдыралы Әлин және Жайлыбай Айымбетов саяси науқанды, яғни Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша қаламыздағы теміржолға қарасты вагондарға техникалық күтім жасау бекеті және қалпына келтіру пойызы мекемелерінде болып, ұжым мүшелерімен кездесіп, егжей-тегжейлі түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

  — Референдум өткізудің маңыздылығы қоғамның барлық санаттарына саяси реформаларды жүзеге асыруға, қатысуға мүмкіндік береді. Бұл құралды ауданымыздағы теміржолшылар да толық көлемде пайдалануы керек. Жаңа Қазақстан бұл жай ғана ұран емес, бұл — жаңа қоғам құру қағидаты, — деп атап өтті штаб төрағасы Е.Төлепберген. Ол сондай-ақ Жаңа Қазақстанның әсіресе, жастар болсын, теміржолшылар болсын, жалпы қоғамның қандай саласы болсын жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын еске салып өтті.

Кездесу кезінде теміржолшылар референдум өткізу және Конституцияға түзетулер енгізу туралы өз пікірлерімен бөлісті. Жиынға қатысушылар реформаны іске асырудағы теміржолшылардың белсенділігі, Жаңа Қазақстандағы өзекті мәселелерді шешу жолдары жайлы ойларын ортаға салып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауаптар алды.

Кездесулерде сөз алған белсенді теміржолшылар өздерінің ел дамуындағы жаңа кезеңді референдуммен байланыстыратындарын атап өтті. «Халық болып жатқан өзгерістерді көріп отыр және елімізді дамыту үшін Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдауға дайын», деді теміржолшылардың бірі.

Кездесу соңында штаб өкілдері барлық теміржолшыларды 5 маусым күні өтетін республикалық референдумға біркісідей қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.