РЕФЕРЕНДУМ — 2022
Бүкілхалықтық референдумды жұртшылық арасында түсіндіруді мақсат еткен ақпараттық штаб мүшелері Жайлыбай Айымбетов, Қыдыралы Әлин, Дәулет Дәрібаев қаламыздағы №3 байланыс және белгі беру дистанциясының ұжымымен кездесіп, ҚР Конституциясының 33 бабына енгізілетін түзетулер мен өзгерістер туралы баяндады. Штаб мүшесі, аудандық мәслихат депутаты Ж.Айымбетов бұл референдумның суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруды көздейтінін түсіндірді.
Штаб мүшесі Д.Дәрібаев Конституцияға түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделгенін және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылатынын тілге тиек етті. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және Конституциялық құқық саласының мамандары әзірлегеніне тоқталды.
Штаб мүшелері кездесуге қатысушыларды Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлестерін қосу үшін 5 маусымда өтетін референдумға біркісідей қатысуға шақырды.