Шалқар ауданы әкімінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі «Елді мекендерді санитарлық тазарту және абаттандыру туралы» №138 қаулысына сәйкес осы жылдың 7 сәуір-4 маусым аралығында ауданымыздың елді мекендерінде санитарлық тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, әр апта сайын сенбілік жұмыстары жасалады. Қоғамдық жұмыспен жүрген адамдар күн сайын тазарту жұмыстарын жүргізеді. Енді осы мекенімізді кім бүлдіреді деген сұрақ туады. Әрине — өзіміз, себебі сырттан келіп ешкім бүлдірмейтіні анық. Көзді ала бере қағаберіс жерге арбалап, машиналап үйден шыққан күл-қоқысымызды аударамыз. Сонда туған мекеніміздің тазалығы кімдер үшін жасалып жатыр?!
Қала сыртында күл-қоқыс төгетін арнайы полигонымыз бар, одан қалды әр үйдің алдынан шыққан қалдық-қоқысты жинайтын тазалық мекемесі бар. Осының барлығы — санамыз бен мәдениетіміздің қандай дәрежеде екендігін аңғартады.
Жақында әлеуметтік желіден Нұр-Сұлтан қаласынан 100 шақырым жерде орын тепкен бір керемет, таза көрікті ауылды тамсана көрсетті. Ол ауылдың тұрғындарының дені неміс ұлтынан екен. Неге ол ауыл айырықша көрікті десек, тазалыққа ден қоюдағы мәдениетінің әбден қалыптасқандығынан екен.
Бірде кешкілік қаламыздың Резванов көшесімен келе жатсам, зулаған жеңіл машинаның терезесінен сыраның қос шынысы ұшты, домалап келіп алдыма түсті. Кейде қуыс жерлерге арбалап коқыс төгіп жатқандарды да көзіміз шалып қалады. Қала шетіндегі шұңқырларға тасалап барып, машинамен қоқыс аударып жатқан тұрғындар қаншама… Сонда біз тазалықтың нашарлығын айтып кімге ренжиміз?!
Аудан әкімі Ж.Жидеханов елді мекендер тұрғындарымен кездесу барысында, әсіресе, тазалықты қатаң сақтау керек екенін баса айтты. Себебі, тазаланып жатқан жерлерді жауапсыз адамдардың қайта бүлдіретінін тілге тиек етті. Ондай адамдарды ортаға салып, ұялтып, санасына жеткізу керектігіне тоқталды. Және құқық қорғау органдарының басшыларына, елді мекендерді бүлдіретін жандарға заң талабы бойынша қатаң шара қолдануды тапсырды.
Бүгінгі күні санитарлық тазалықтың екі айлығына орай қала, елді мекендерді және көліміздің айналасын тазарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелер өздеріне бекітіліп берілген көшелерді, алаңдарды тазартуда, абаттандыруда. Ғимараттардың ауласын шөптен тазартып, сырлап, ағаштар түбін ақтауда. Ендігі біздің айтарымыз, осындай жүріп жатқан игі жұмысқа баршамыз болып атсалысуымыз керек. Атсалысқанымыз сол — тазартқан жерді бүлдірмегеніміз жөн.
Өзіміздің туған мекенімізді саналы түрде көрікті қылып ұстайық, өсіп келе жатқан ұрпағымызға да тазалық елдің көркі екенін айтып, санамыз бен мәдениетімізді бір саты болса да жоғары көтеруге тырысайық.
Қ. ӘЛИН, «Шалқар».