ДЕПУТАТТАР АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

РЕФЕРЕНДУМ — 2022

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы республикалық партиялық штабының мүшесі Аманғали Бердалин және Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Баян Сәрсенбина референдумды насихаттау, маңыздылығын түсіндіру мақсатында «Қамқор Вагон» ЖШС Шалқар вагон жөндеу депосының жұмысшыларымен, білім саласының қызметкерлерімен, тұрғындармен кездесті.

— Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем береді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Сонымен қатар мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі — сайлаушылардың мүддесін республикалық деңгейде ғана емес, жергілікті жерде де  жіті қорғауға мүмкіндік туғызады, — деді А. Бердалин.

Кездесу барысында Шалқар вагон жөндеу депосының жұмысшылары ұсыныстарын айтып, референдумға қолдау білдірді. Жұмамұрат Сисенбай өндірістік салада жұмыс жасайтын жұмысшылардың зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрады.

Баян Сәрсенбина Ата заңымызға енгізілетін нақты нормалардың маңыздылығына тоқталды. «Суперпрезиденттік» модельден президенттік республикаға түпкілікті көшу, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлі мен мәртебесін күшейтуді қамтамасыз ету, сайлау жүйесін реформалау мен жаңа саяси партиялардың құрылуы туралы толыққанды айтып берді.

«AMANAT» партиясы Шалқар аудандық филиалы.