Балалар жылына орай аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның қолдауымен «Жаңа Қазақстан: Жас ұрпақ. Жарқын келбет. Жаңа қадам» атты облыстық балалар форумы өтті. Оған облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Жолдас Нұршин, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиева, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Елеусіз Нұрғалиев, аудандардан дарынды, үздік оқушылар келді.
Алдымен Мәдениет үйінің фойесінде «Шалқарым — бақыт пен шаттықтың мекені» атты аудандық көркемсурет лицейі оқушыларының шығармашылық туындыларынан көрме жасақталды. Ашылу салтанатында аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, форумға қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның жар- қын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», деп 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады.
Ата-ананың ең үлкен бақыты — баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты — елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Себебі, бүгінгі жас ұрпақ — ертеңгі ел үміті, ұлттың жалғасы.
Сондықтан да, Сіздер, сапалы білім алып, еліміздің дәулетті, жеріміздің сәулетті болуы үшін белсенділік танытып, мемлекетіміздің одан әрі гүлденуіне өз үлестеріңізді қосуларыңыз керек. Сендердің оқуда озат болып, еңсесі биік ел азаматтары атануларыңа тілектеспін, — деді аудан басшысы.
Шарада №5 мектеп-лицейінің оқушысы Н.Хамит құрылғанына 90 жыл болған Шалқар ауданының тарихымен таныстырды. №6 орта мектебінің «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының мүшесі Н.Өтебаев жастарды адалдыққа үндесе, І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінің «Мектеп парламенті» президенті А.Талмырзаев, республикалық балалар өкілдігінің ауданымыз бойынша мүшесі, №4 орта мектебінің оқушысы Ж.Көшербаева, №3 орта мектеп парламентінің мүшесі Ә.Әбдіжамил жастарды жаңа Қазақстанның жарқын болашағына нық қадам басуына бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырды.
Бұл салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. «Асан мен Үсен» сахналық қойылымы ұсынылып, өнерпаз балалар әннен шашу шашып, би билеп, шара көрігін қыздырды.
Бұдан кейін делегация мүшелері аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі экспозициялық залдарды аралап, өлке тарихымен танысты. Сонымен қатар, Есет-Дәрібай кесенесіне барып, зиярат етіп, баба рухына Құран бағышталды.
Форумға қатысушылар түс ауа қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені алдында ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан жарыстарды тамашалады. Қорытынды кезеңінде аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев осы шарада белсенділік көрсеткен бірқатар оқушыларды аудан әкімі Жанболат Жидеханов атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Құммен сурет салу, көңілді спорттық ойындар мен «Тірі мүсін» бейнесіне куә болған жас өрендер бұл облыстық шарадан үлкен әсер алды. Осы шараға орайластырылған орталық саябақта түнгі отшашулар көптің көңілін өзіне аударды.
Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».