ТӨРЕЖАН МӘНДІБАЙҒА  ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көрнекті жазушы-сатирик Төрежан Мәндібайдің 85 жасқа толуына орай туған жері — Шалқар қаласында «Сатираның сарабдал сарбазы» атты әдеби-танымдық кездесу кеші өтті. Бұл шараға қарт қаламгер Төрежан Мәндібайдің өзі қатысып, жерлестерін бір қуантты.

Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған бұл жүздесуде аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақ сөз сөйлеп, әзілі басым шыншыл шығармаларымен оқырман қауымға танылған сатира сардары Төрежан Мәндібайдың шығармашылық жолы туралы айтып, оны мерейлі жасымен арнайы  құттықтады. Игі дәстүр бойынша жерлестерінің атынан иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Шара барысында Кішіқұмның бойындағы Сарытепсең ауылында өмірге келіп, туған жерінде ұстаздық жолда еңбек ете жүріп, сатира жанрына қалам тербеген талантты жазушының «Сыпыртқы командасы», «Оңай деймісің», «Махаббат минөті», «Қазығұрт-Қорасан» т.б. кітаптарына енген шығармалары, ондағы кейіпкерлер жайлы кеңінен айтылды. Сөз кезегінде Төрежан Мәндібай сатираға алғаш қалай келгендігін, шығармаларына оқиға желісін, кейіпкерді арқау етерде бірінші негізге алатын қырларын айтып, жазу тәжірибесін көпшілікпен бөлісті.

Жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, мерейтой иесінің қошеметіне бөленді. Туған мекенінің бұл сый-құрметтерін жазушы жылы қабылдап, батасын берді.

М. МЫРЗАЛИН.