11 мамыр күні аудан әкімі Жанболат Жидеханов Қауылжыр, Мөңке би ауылдық округтерінің орталықтарында, Ұлпан және Қайдауыл стансаларында болып, елді мекендердің жай-күйімен танысты. Тұрғындармен кездесіп, басталған жылдың алғашқы тоқсанында атқарылған жұмыстарды баяндап берді. Өз кезегінде аталған ауылдық округтері әкімдері де жыл басынан бері жүзеге асқан істеріне тоқталды.
Бұдан соң әкімдер тұрғындар сауалдарына құлақ түрді. Әңгіме еркін сауал-жауап түрінде өрбіп, елді мекендерді таза ұстау, жайылымын кеңейту, мал күтуін ұйымдастыру, оларды бірдейлендіру, таңбалау т.б. ортақ мәселелер айтылды. Әсіресе, тазалықтың мәселесі өзекті, себебі, апта сайын жасалып жатқан сенбілікте тазартылған жерлерге жауапсыз тұрғындар машинамен, арбамен қоқыс төгіп, қайта бүлдіріп жатыр. «Бұл біздің санамыздың төмендігін, мәдениетсіздігімізді көрсетеді», деді аудан басшысы. Сондықтан ауыл тұрғындарын туған мекенімізді ластайтын адамдарға бірігіп, қарсы күресуге шақырды. Құқық қорғау органдарының басшыларына заң талабы бойынша қатаң шаралар қолдануды тапсырды.
Халыққа ғаламтор, телефон арқылы арбайтын алаяқтардан сақ болуын айтып, алдағы 5 маусым күні өткізілетін референдумға біркісідей қатысуға шақырды.
Аталған кездесу келесі күні Ақтоғай, Бершүгір ауылдық округтерінде өтті. Аудан әкімі тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Ақтан батыр ауылының тұрғындары Мөңке би ауылына қатынайтын жолды тегістеп беруді сұраса, сарысайлықтар ауылдағы электр желісі бағаналары қалыпқа келтірілсе деген тілектерін жеткізді.
13 мамыр күні №8 орта мектебінде аудан басшысы Жанболат Жидеханов пен қала әкімі Нұртілек Жұмамұратұлы қала тұрғындарымен жүздесіп, осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Қазақай ахун көшесіне асфальт қашан төселеді, қала көшелеріне қосымша ойын алаңдары салына ма деген сауалдарын қойды.
Аудан басшысы кездесулерде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты.
Осы кездесулерге халыққа қызмет көрсететін мекемелердің және құқық қорғау органдарының басшылары қатысып, тұрғындар сауалдарына жауаптар берді.
Қ.ӘЛИН.