1941 ЖЫЛДЫҢ ЖАЗЫ

Жеңіс күні мерекесі қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде қазақтың партизан батыры Әди Шәріповтің өмірі мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қасіретін паш еткен «1941 жылдың жазы» атты кинофильмінің тұңғыш көрсетілімі болды. Көрермен қауымға енді жол тартқан фильмді шалқарлықтарға сүйіншілеудің де өзіндік себебі бар. Осы туындыда жерлесіміз 1917 жылы Шалқар ауданына қарасты қазіргі Есет ауылында туылып, ел басына түскен аштық, репрессия сынды ауыр кезеңдерді басынан өткізіп, Жапон, Фин қақтығыстарына тағдыры тап келіп, ІІ Дүниежүзілік соғысының майданында  Белоруссия жеріндегі партизан құрамасында болған Әбдіғали Нұрғалиұлы Төлегеновтің де өр тұлғасы, батыл қадамдары  баяндалады.

 Әбдіғали Нұрғалиұлының соғыстағы ерліктері туралы жазушы Әди Шәріповтың «Партизан қызы», «Арбасу», «Ормандағы от» сынды т.б. кітаптарында кеңінен жазылған. Елге есен оралған соң жерлестерінің жадында «Партизан» деп сақталған «Қызыл Жұлдыз», «Жауынгерлік Қызыл Ту», I, II дәрежелі «Отан соғысы» орден-медалдарын иеленген майдангердің есімімен бүгінде Шалқар қаласында бір көше аталады.

Мәдениет үйі сахнасындағы кең экраннан ұсынылған жаңа туындының басталуында аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, Отанға деген сүйіспеншілікті оятатын бұл фильмнің патриоттық мәні жоғары екендігін жеткізді. Партизан жауынгердің баласы Құдайберген Әбдіғалиұлы киноны көруге ықыласпен жиналған көрермендерге ризашылығын білдірді. 1946 жылы елге оралып, ұзақ жылдар бойы жергілікті шаруашылық ұйымдарда еңбек етіп, 2004  жылы өмірден озған  майдангер әкесінің тәлімін еске алды.

Фильмде кескілескен ұрыстағы майдангерлердің антқа адалдығы, батылдық пен патриотизмнің шынайы көріністері, сатқындық кесірі жалпақ көрерменге үлкен ой салды. Нақты бір желімен өрбіген туындының негізгі түсірілімі Белоруссияда болса,  кей тұстары Алматы облысында жүргізілген.

Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.