САРТАБАНОВТЫҢ САРА ЖОЛЫ

Еңбегімен елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, есімдері елге танылған жерлестердің өмір жолы — ізбасар буынға өнеге. Ұлықұмның бастауындағы аядай ауылда дүниеге келіп, білімнің көкжиегіне көз тіккен ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ҚЫЗМЕТКЕР, Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов салмақты сөзімен жылылықтың шуағын шашып жүретін адам. Бар ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ғалымның жетекшілігімен 10 кандидаттық, 1 докторлық және 3 Phd докторлық диссертация қорғалған. Мыңдаған шәкірттерді «ғылымдардың патшасы — математика» әлеміне баулыған.

  Балалық шағы байырғы Жаңажол ұжымшарының Дамбар ауылында өрбіген ұлдың есімі — Жайшылық аталуының себебі де сол дәуірдің тынысымен тікелей байланысты. Ұлы Отан соғысы тұтанысымен әкесі Алмағанбет майданға аттанады. Сол тұста дүние есігін ашқан сәбидің ныспысын үлкендер ырымдап: «Алла елімізге бір жайлылықты нәсіп еткей» деп, Жайшылық қояды. Осы тілек оңынан болды, майдангер әке кескілескен майданнан аман-есен елге оралды. Анасы Бибісара ауылдастарының сеніміне ие, үй мен тыстың шаруасын тең тындыратын жан еді. Бұл жалғандағы оның ғұмыры қысқа болды.

Майдангер  әке оқуға ынталы Жайшылығының білім алуына бар амалын жасайды. Ауылдың интернатына, Шалқарда досының үйіне жатқызып, 10 жылдық білім алғызады. Ол кездегі ойын балалары табиғаттың аясын тәуір көретін-ді. Машина, трактор дегенің жоқтың қасы. Ұлықұмның күншығыс жақ жиегі жазда шалғынды бұтасымен, жабайы жуасымен, қыры аң-құсымен құлпырып тұрыпты. Ауыл балалары алысқа көз тігіп, өркештей құмдарды, қарайған шілік пен талдарды көзбен санап, жаңылысып жатады екен. Бала Жайшылық кішкентайынан санауға жүйрік болып, осы қабілеті есейе ширай түсіп, есептерді де шемішкедей шағады.

— Осы талабымды мұғалімдерім да ерте аңғарды. Жеті жылдық Дамбар ауыл мектебінде оқыған кезімде Еренғайып Жолекенов ағайдың математика пәні сабақтары артық-кемі жоқ, үлгі боларлықтай еді. Ол оқушыға басы артық мақтау сөз айтпайтын-ды. Шалқардағы қазақ орта мектебінде оқыған кезімде осы пәннен сабақты класс жетекшіміз Нәрен Нұржанова есімді апай берді. Оның сабағы да шашаусыз, талапқа сай өтетін. Сонымен қатар, апайдың сабақ үлгеріміндегі менің жетістіктерімді бағалай қарайтынын сезінетінмін. Кейін кәсіби бағдарды анықтауда математика мамандығын қалауыма кеңес берген де осы кісі болды.

Математикаға ыңғайымды байқап, қабілетіме баға берген ұстаздарым ретінде Емберген Тереков пен  Нұрмұқан Талипов ағайларымды да айта аламын. Емберген ағай бір тоқсанда тіптен менен сабақ сұрамай-ақ, үлгерімімді өте жақсы деп бағалағаны бар. Ал, Нұрмұқан ағай математика үйірмесін ұйымдастырып, осы пәннен баяндама жасауды үйреткен еді.

Осы ұстаздарымның ақылымен математика пәні бойынша жоғары білім алуды мақсат еттім. Екі жыл ауылда жұмыс істеп, еңбектің алғашқы дәмін татып, одан әрі сол кездегі Қазақтың жалғыз университеті — ҚазМУ-дың механика-математика факультетінің математика бөліміне оқуға түстім. Университетте әлемге аты әйгілі академик К.Персидскийден, тамаша ғалым В.Харасахалдан, тәжірибелі ұстаз Х.Ибрашевтан, жас білікті дәріскер Д.Үмбетжановтан ғылымның іргелі саласы — математикалық анализден және дифференциалдық теңдеулерден сабақ алу бақытына ие болдым. Атақты академик О.Жәутіковтен ғылыми кеңес алғанымды өзіме мақтаныш санаймын.

Университеттің екінші курсынан бастап математикалық үйірмелерге қатыстым. Үйірменің ғылыми жетекшісі академик К.Персидскийдің шәкірті болған, өзіндік ғылыми жолы бар талантты ғалым В.Харасахал, ал ұйымдастырушысы Д.Үмбетжанов еді. Оның бағыты дифференциалдық теңдеулердің шешімдері теориясының проблемаларын зерттеу әдістері болатын. Мен осындай тақырыптағы алғашқы ғылыми баяндамаларыммен Орталық Азия және Қазақстан университеттері студенттерінің ғылыми конференцияларына қатыстым. Ғылым жолындағы бағытым осылай айқындала берді.

Қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, бұрынғы Ақтөбе педагогикалық институтына мен 1966 жылы Министрліктің жолдамасымен жоғарғы оқу орнын бітірген бойда келдім. Осы жолдаманы алуыма Ұлттық Академияның корреспондент-мүшесі, профессор, жерлесіміз Дәулет Үмбетжановтың тікелей көмегі тиді. Ақтөбедегі бұл оқу орны ол кезде, әлі ғылымы қалыптаспаған, біліми мекеме еді. Қазір көрсеткіші жоғары,  білім беру сапасы жетілген, ғылымы дамыған ірі университеттің біріне айналды. Бүгінде мен осы университеттің математикалық ғылыми мектебін басқарамын.

Осы білім ордасы маған студенттік деңгейден ғылым докторына дейінгі ең жоғарғы биікке көтерілуге, жап-жас оқытушылықтан математика профессоры атты ұстаздықтың шыңына шығуға жағдай жасады. Екінші үйімдей болып кеткен қасиетті білім қабырғасынан асып, биік мансап іздеу, басқа жаққа кету менің ойымда болған емес. Кезінде осы университеттің проректорлық қызметі және басқа факультеттің декандығы маған ұсынылды. Мен өзім құрысқан математика факультетінен, оның математика кафедрасын қиып кете алмадым. Таңдаған ғылымыммен айналысып, ұстаздық шеберлігімді арттыра беруді абыройға санадым,—дейді профессор.

Ол жылдар бойы осы математика әлемінде тынымсыз ізденісте келеді. Осы ғылымда атақ дәрежесі толығып, есіміне ел бұрылса да ол өз жолынан еш ауытқымады. 500-ге жуық ірілі-ұсақты ғылыми-әдістемелік жарияланымдардың авторы, түрлі деңгейдегі марапат мен медальдардың иегері атанған ардагер университетімен  әлі тығыз байланыста. Қазір сонда докторанттар мен магистранттарға да сабақ береді, ғылыми жетекшілік жасап, PhD докторларын әзірлеуде. Студент шәкірттерден басқа, бүгінде 3 докторант, 5 магистрантпен бірге зерттеулермен шұғылдануда.

Өмірлік серігі, Білім беру ісінің үздігі Рахима Төлебайқызының мәңгілік мекеніне беттегеніне биыл жеті жыл болды. Екеуінен өрбіген ұл мен қыз  өмірден өз орындарын тауып, жоғары білімдерімен ел игілігіне қызмет жасап жүр. Еліміздің, көрші Ресей елінің белді жоғары оқу орындарынан білім алып, ата жолымен ғылым қуған немерелері бар.

Жайшылық Алмағанбетұлы жаңашылдыққа ұмтылған қоғамнан математика таңбаларындағыдай нақ­тылықты көргісі келеді. Және мына бір әңгімені еске салады. Ілгеріде Жазушылар Одағының съезінде Социалистік Еңбек Ері, ырысты елдің Ыбекесі — Ыбырай Жақаевқа сөз кезегі берілген екен. Зиялы қауым қара жұмыстың адамы қалай сөйледі екен деп, демін тарта құлақ түріпті.

Мінберге шыққан Ыбекең:

«Егінші — кетпеніне, қойшы —

таяғына, жазушы — қаламына ие болсын, деп қысқа қайырған екен. Ғалым ағаның да ұстанымы сол Ыбекеңдікіндей. «Әркім өз ісін білсе, ілгері жылжу болады», дейді.

Мықты математик болудың құпиясы шешуі шытырман теңдеулерден иненің жасуындай қателік жібермеуде жатады екен. Ол үшін үнемі ізденіс қажет. Бүгінде сексен жастың биігіне қол созған Жайшылық ағаның күніне бірнеше теңдеуді ойша шешпесе, көңілі жайланбайтындығы сондықтан шығар…

— Осы жасыңызда туған жеріңіз  сізді несімен тартады? — деп сұрадым жақында бұл кісіден.

— Бұл шын мәнісінде, жасы үлкейген адамға ауырлау сұрақ, — деді сабырлы кейпімен. — Көсемсөзші Шерхан Мұртаза ағамыз өмірінің соңғы жағын «кәріқұлжа жалғыз жайылады» деп сипаттаған екен. Мен де кейде жалғыз жүргендей сезінемін өзімді. Қазақ «қатарың болмаса тойға барма» деп үгіттейді. Онда қайда барамын? Демек, бардай көрінетін жоққа баруым керек. Ол — ата-бабалар   жатқан жерлер, солардың рухына тәу етуге, тағзым жасау, — дейді ардагер.

Ғалым аға күнделігіне: «Қазақ елінің орталығынан күйме арбамен шығып Ырғыз арқылы Орынборға талай сапар шеккен Ғабит Мүсірепов, Дінмұхамед Қонаев, Әліби Жангелдин, ағайынды Жұбановтардай т.б. қазақтың марғасқалары пойызға отырған Шалқар теміржол вокзалы менің тәу етер орным. Әкем атын суарған, шешем құдығынан су алған кіндік қаным тамған ауылым Жылтырды көргенде жасым ұлғайса да бала күйіме түсемін…», деп толғанысын бір тұжырымдап қойыпты.

Кісілік пен кішіліктің кілтін бекем ұстайтын озық ойлы перзенттер қашанда елдің абыройы. Шалқар аудандық мәслихатының осы жылғы сәуірдегі шешімімен Жайшылық Сартабановқа «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. 

Қасиетті білім ордасының есігін жарты ғасыр бойы ашып, ғылымға сара жол салған көрнекті оқытушыға қандай да құрмет үйлеседі. Оның ішінде туған жердің ықыласы ыстық болатыны аян.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.