«ТАҒДЫР ТАЙТАЛАСЫ»

ЖАҢА КІТАП

Белгілі журналист-жазушы, Қазақ ССР-нің мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, жерлесіміз Тауман Төрехановтың «Тағдырлар тайталасы» атты күнделік-мемуары Алматы қаласындағы «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Бұл жөнінде: «Мың айдың жүзін көрген қаламгер ақсақалымыздың сөзі де мың бір дауа. Жазғандары жанға сая. Олай дейтініміз — ақылман қарттың айтқаны көңілді кірбіңнен тазартып, жазғандары жүрегіңе даңғыл жол салады. Сөйтіп өзі де, сөзі де жазғандары да тәрбие құралдарына айналады. Өйткені, қазыналы қарттың тағдыры солай. Көргендері, естігендері, басынан өткізгендері кейінгі ұрпақ үшін өмірлік сабақтың қасиетті кітабы. Ізіне ергендердің иман шарттары. Кемеңгерліктің алтын тұғырында тұрған Тауман Алыбайұлы өзінің «Тағдырлар тайталасы» атты жаңа еңбегімен тағы бір жаңа әлем ашты», — деп жазады ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Гүлмира Өтемісова.

Өзінің осы кітабы жөнінде автор: «Мемуар-күнделік шынайы шындықты ашатын құжатты шығарма. Мемуарға әдеби де көркем тіл қажет. Оқыған оқырманды бірде қуантатын, бірде ойға батырып мұңайтатын, бірде үлгі алатын, бірде суалтатын оқиғалар болса ғана шындық ашылады. Тіпті оқырмандар оқып, танысып болып, тап сол оқиғаның ішінде болғандай сезім қалса, сөз жоқ, мемуар құнды болады.

Т.Төрехановтың бұл мемуары «Тағдырлар тайталасы» үш тілде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген 700-беттік еңбегінің жалғасы — ІІ-кітабы. «Жағалаудағы жайлы да жайсыз ойлары», өзі үшін жарыққа шыққан он бестей кітаптарын көбейте түсу үшін емес, танысқан, оқыған жас ұрпаққа бір ой салар ма, үлгі алар ма екен деп жазған. Және де бұл келер ұрпақ аға буынның өткен сүрдек жолдары қандай болды екен деп өмірлерінен, ата-бабалар ғұмырларынан тағылым алатын ойлар, оқиғалар баршылық.

Бір қызығы екі ғасырдың шыжығы мен қызығын автор сексеннен асқан, тоқсанға екі қадам қалған кезеңін төртке бөліп, «Бақытсыз балалығым», «Өмір үшін күреске толы жастығым», «Тайталасқа түскен жылдарым», «Бақытты қарттығым» деп бөле-бөле жазған. Содан кейін «Мәңгілік тыныштық…» депті. Және Мәскеуде танымал скульптор Аскар-Сарыджа Хасбулат Нұхбековичтың үйінде кездесіп, дәмдес болған даңқты ақын Расул Гамзатовтың «Сижу в президиуме, а счастья нет», деген аса терең философиялық ойын да жазыпты.

Оқып көрсең, талай тәтті де ащы оқиғаларға толы ойлары — бойыңды тітіркентетін трагедиялық оқиғаларды да кездестіре аласың. Мемуар қалың оқырманға арналған.