СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТҚАН А.В.СОТНИКОВ

Су деген — тіршіліктің қаны емес пе?

Су деген — табиғаттың жаны емес пе? 

Су жоқ жерде өмір жоқ, ол ақиқат,

Күміс су қара жердің сәні емес пе?

Адамзат та, табиғат та сусыз өмір сүре алмайтындығы белгілі. Бірақ, әлем халқы көбейіп, экология мәселесі туындаған сайын таза су тапшылығы да байқала бастады. Бұл — әсіресе, Орта Азия елдеріне тән құбылыс.   Бүкіләлемдік су ресурстарын қорғау күнінде, міне, осы маңызды мәселе туралы көптеген ұсыныс-пікірлер айтылады.

Сусыз тіршілік, өмір жоқ. Адамның денсаулығы, қоршаған ортаның берекесі тікелей таза суға байланысты. Табиғат биосферасы, азық-түлік өндірісі және әлемдік экономикалық дамуы түгелдей дерлік суға байланысты.

1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау және дамыту жөніндегі конференциясында 22 нау-рыз — Дүниежүзілік су қорлары күні деп жарияланды. Бас Ассамблеяның 1992 жылғы желтоқсан айының 22 күні 47/193 қарарымен жарияланған Дүниежүзілік су қорлары күнінің маңызы өте зор. Әлемнің кейбір дамыған мемлекеттерінде тұщы су мәселесі жөнінде көптеген күрделі проблемалар кездеседі. Ал Таяу Шығыста, атап айтсақ, Израильде тұщы сулы жалғыз Галилей теңізі бар екен. Ол теңізге су Сирия-Ливан шекарасындағы 2 өзеннен келеді екен. Өз аумағынан шығатын суды Хасбани суын өзінше бұрып алмақ болған кезде Израиль 2002 жылы әскери шабуылмен қорқытпақ болған.

Сондай-ақ, су дауы Түркия, Сирия және Ирак арасында да баршылық. Ол үш ел Түркиядан бастау алатын суға кіріптар. Егер Халықаралық қауымдастық бұл мәселені өзара келісіп, дер кезінде шешіп отырмаса, ел зардап шеге беретін болады. БҰҰ-ның атсалысуымен өтіп жатқан Әлемдік су күні, міне, осы мәселеге жіті назар аударуда.

Адам табиғаттан суды таза күйінде алады, ластанған күйде қайтарады. Өзен мен көлдерге, зауыт, фабрика, тұрғын үй-жайлардан сар-қынды сулар құйылады. Одан өзен мен көлдегі балық пен басқа жәндіктері қырылып қалады, тіпті адамның өзі де шомылуға қауіпті. Тұщы су жер бетінде аз, ал біз оны ластаймыз. Сондықтан біздің елімізде «Су қоймаларын қорғау туралы» арнайы заң бар. Онда қолданылған су өзен мен көлдерге ағызыларда міндетті түрде зиянды қоспалардан тазартылуы тиіс делінген. Су арнайы қондырғылар арқылы тазартылады. Өзен мен көл сулары таза болуы үшін оны қоқыстардан тазартуы керек. Күл-қоқысты тастауға болмайды. Суды үнемдеп қолдану да суды қорғауға жатады. «Судың да сұрауы бар» деп тегін айтылмаса керек.

Халықты таза, әрі тұщы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қаншама геологтар барлау жұмыстарын жүргізіп, аянбай еңбек етті. Сондай геолог-барлаушылардың бірі — Анатолий Васильевич Сотников.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысының тұрғындары осындай геологтардың еңбегінің нәтижесінде тұщы суды пайдаланып отырғанын бірі білсе, бірі білмейді.  Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің табиғат залында облыстың су қорына арналған экспозицияда ерекше орын алған Қазақстанға еңбегі сіңген геолог-барлау-шы А.Сотниковты ерекше атауға болады.

Ол — геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстанға еңбегі сіңген геолог-барлаушы. 1912 жыдың 26 сәуірінде Рязань облысының Касимовск ауданында ұлағатты ұстаздар отбасында дүниеге келген. 1930 жылы Касимовск педагогикалық техникумын тәмамдаған. Өмірінің алпыс жылында геология саласында еңбек етіп, соның ішінде Батыс Қазақстан территориясындағы Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Алға, Қандыағаш, Шалқар, Темір, Хромтау, Ембі, Арал қалаларындағы 800-ге тарта су құбыры объектілерінің, Шалқар қаласындағы минералды су шығаратын зауыттың салынуына, Арал мен Ералиев қалаларындағы ашық профилактикалық сауықтыру орнының ашылуына бірден-бір еңбегі сіңген азамат. Батыс Қазақстанда да жерасты суларының халық игілігіне пайдалануына мол үлес қосқан. Сондай-ақ, Ембі әскери қалашығында инженерлік-геологиялық құрылыс объектілерінде де елеулі еңбек еткен. Далалық тәжірибе, іздестіру-барлау жұ-мыстарын өндірісте қолдануды тақырыптық құжат түрінде жасаған. Халық шаруашылығына қажетті бірнеше артезиандық бассейіндер ашқан және Каспий, Арал теңіздері жағалауларында гидрогеологиялық зерттеу жұ-мыстарын жүргізген.

Көптеген жылдар бойы су ресурстарын тиімді пайдалану туралы 700-дей еңбегі жарық көрген. Соның ішінде кейбір кітаптарын музеймен бірлесе отырып шығарған. Музейде оның дербес қоры бар. Кітаптарының ішінде «Водные ресурсы Актюбинской области и их народнохозяйственное использование», «Вода — жизнь», «Водные ресурсы — народное богатство», «Проблеме водных ресурсов Иргизского района» (Ырғыздың 150 жылдығына), «Подземные водные ресурсы централизованного водоснабжения», «Природные лечебные факторы на службу оздоровления населения Актюбинской области» атты кітаптары су ресурстарын пайдалану тәжірибе-сінде үлкен көмегі тиді. Оның әртүрлі геоло-гиялық зерттеулермен қатар көптеген маман тәрбиелеп шығарған тамаша ұстаз болған. Осы Батыс Қазақстанның өндірісіне ауыл шаруашылығына көрсеткен тәжірибелік көмегі үшін оған Жоғарғы Кеңестің шешімімен 1952 жылы «Қазақ КСР-не еңбегі сіңген геолог-барлаушы» атағы берілген. 1969 жылы Жоғарғы аттестациялық Пленум Комиссиясының шешімімен геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілген. 

Жалпы геология саласында 60 жылдан астам табысты еңбек етіп, Батыс Қазақстанның, оның ішінде Ақтөбе облысының гидрогеологиясын, яғни жерасты суларын зерттеуде артына ерен іс қалдырған құрметті азамат.

Жиырма жылдан аса Батыс Қазақстанның бас гидрогеологының қызметін атқарған. КазНИГРИ АҚ гидрогеология бөлімінің ғылыми-зерттеу лабораториясын басқарған. 1935-1992 жылдар аралығында жазылған еңбектерінің саны 1792-ге жеткен.

Су болмаса адамзат қалай өмір сүреді? Қазіргі уақытта еліміздегі әрбір үй сумен қамтамасыз етілген. Біз қалаған уақытымызда өзіміздің қажетімізге пайдаланамыз. Мүмкін осыған байланысты судың қадірін түсінбейтін шығармыз? Біз оны үнемдемейміз.

Ал, Африка тұрғындары су тапшылығынан жылдар бойы үлкен зардап шегіп келеді. Әлемнің кейбір мемлекеттерінде бір тамшысы, алтыннан құнды. Сондықтан, адамдар сусыз өмір жоқ екенін түсініп, оған құрметпен қараса дейміз.

Біз, музей қызметкерлері, музейге келушілерге, мектеп оқушыларына, студенттерге, т.б. табиғат залындағы облыстың су қорына арналған экспозицияға тақырыптық лекция, экскурсиялар жүргізіп, судың тіршілік үшін қаншалықты маңызды екенін, оны үнемдеуді әрдайым насихаттап отырамыз.  Табиғат байлығын сақтай білейік. 

       Майра БУХАНОВА, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі табиғат және экологияны ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.