Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жанболат Жидехановтың тұрғындармен кездесуі Айшуақ, Бозой, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы аталған округтердің әкімдері қысқаша баяндама жасады. Аудан әкімі алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша өлкемізде жасалған жұмыстар мен алға қойылған жоспарларды мәлімдеді.
— Үстіміздегі жылдың екі айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына көз жүгіртсек, өткен 1 наурызға дейін аудан бюджетіне 836,1 млн. теңге түсіп, кіріс бөлігінің болжамды көрсеткіштері 143,9 пайызға орындалды. Аудан бюджетінің шығыстары 2425,9 млн. теңгені құрап, 100 пай-ызға жетіп отыр.
«Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында осы жылға барлығы 117 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Яғни, ұлттық жоба аясында кәсіпкерлік мәселелері бойынша 12 жоба, қосымша қаржыландырудың 1 нұсқасы бойынша 26 жоба және 2 нұсқасы бойынша 79 жоба. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес, бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы 2 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейінгі грант бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 4 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
«Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде осы жылы 466,8 млн.теңге сомасына 2 жоба қаржыландырылуда:
– Бегімбет ауылынан спорт кешенінің құрылысы;
– Тоғыз ауылындағы №7 орта мектеп жанындағы интернатты күрделі жөндеу.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы негізінде ауылдық жерлерге жұмыс істеуге және тұруға келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша 2022 жылға 16 маманға көтерме жәрдемақы төлеу (100 АЕК мөлшерінде) және 1 маманға бюджеттік кредит беру (1500 АЕК дейін) жоспарланып отыр. Аталған қызметті көрсету жаз мезгілінде басталады.
«Еңбек» бағдарламасы негізінде осы жылдың 1 наурызына 405 жаңа жұмыс орны ашылды, тұрақты жұмысқа 173 адам жіберілді, — деді аудан басшысы.
Осы кездесулер барысында Есет ауылының тұрғындары ауылды ауыз сумен қамтамасыз ететін ұңғыманың жұмыс істеу кестесін тұрғылықты халыққа қолайлы етіп берсе, ауылға кіреберіс жол тегістелсе, жолаушылар тасымалын міндетіне алған такси жүргізушілерінің қызметтері талапқа сай болса деген басты мәселелерін айтты. Бегімбеттіктер ауыл маңына тоқтайтын пойызға мініп түсудің қиындығын, сондай-ақ, жол мәселесі туралы өтініштер айтып, ауыз судың жаз айларында жетіспеушілігі туралы жауапты кәсіпорын басшысына сауал тастады.
Қаңбақты ауылының тұрғындары мал жайылымын тиімді пайдалану, ірі қожалықтардың төрт түлікті шектеп ұстаса деген тілектерін жеткізді. Бұл ауылда да такси қызметі жайында сауал көтерілді. Қоянқұлақ елді мекенінде электр жарығының тұрақты берілуі айтылса, Бозой ауылында тазалық мәселесі, малды асылдандыру, т.б. мәселелер қозғалды. Жылтыр ауылындағы кездесуде ауылды құмнан қорғау, Талдықұмда байланыс сапасының жайы көтерілді. Қаратоғай ауылында өткен жүздесуде балабақша, Мәдениет үйі ғимараттарының өзектілігі сөз болды. Тұмалыкөл ауылындағы жүздесуде бала саны азайып бара жатқан ауылдың жаңа мектебін ұстап қалу мәселесі ортаға салынды. Тұрғындар тарапынан көтерілген осы сауалдардың барлығына аудан әкімі жекелей тоқталып, нақты жауаптарын берді.
Жалпы ауылдардағы барлық кездесулер еркін пікір алысуға ұласты. Аудан басшысының тұрғындарды жекелей де қабылдады. Осы кездесулерге аудан әкімімен бірге бірқатар бөлім басшылары, аудандық мәслихат хатшысы, аудан прокурорының орынбасары қатысты.
Өз тілшімізден.