НАУРЫЗ — БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ МЕЙРАМЫ

Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қаламыздағы Газшылар қалашығындағы «Алау» стадионы жанында ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан  құрылып, ерекше атап өтілді. Мерекеге жиналған халық наурыз көжеден дәм татып, бауырсақтан ауыз тиді. Ал жастар жағы гір көтеру, қол күрестіру, қазақша күрес, садақ ату сынды ұлттық спорт түрлерінен сайысты.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов шалқарлықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

   — Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні —  Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Күн мен түн теңелетін, көктемнің жаймашуақ кезеңі бастау алатын бұл күні араздасқан жандар татуласады. Қыстан аман шыққан жұрт бір-бірімен амандасып, төс қағыстырса, ақсақалдарымыз бата беріп, елді бірлікке шақырады.

Жаңару мен жасампаздықтың жаршысы — Наурыз мерекесі әр шаңыраққа құт-береке әкелсін. Еліміз аман, ынтымағымыз берік болсын, — деп жылдағы дәстүр бойынша еңбек ардагерлері Аманғали Әминов пен Аманкелді Қалыбаевты «Қазыналы қарт», Зәуреш Көбенова мен Қалима Қалықбаеваны «Ардақты ана» құрметті атақтарымен марапаттап, сый-сияпаттар табыстады.

Сонымен бірге Наурыз мерекесіне арналған  онкүндік аясында өткен мәдени іс-шараларда белсенділік танытқан №6 орта мектебіне бас жүлде берілсе, I орынды Шалқар вокзал ұжымы, II орынды аудандық Аналар кеңесі, III орынды «Қамқор Локомотив» Шалқар сервис орталығы иеленді.

Одан соң Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әзірлеген «Арма, әз-Наурыз» атты театрландырылған көрініс қойылып, Қыдыр ата келіп, халыққа Наурыз батасын берді.

Қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ертай Құдайсүгіров қала тұрғындары мен қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жас ұрпақ бойына  ұлттық құндылықтарға деген көзқарасты қалыптастырып, ата-бабадан мирас болып келе жатқан тарихи жәдігерлерді насихаттау мақсатында қасиетті киіз үйді ұлттық нақышта безендіргені үшін мекеме ұжымдарын аудан әкімінің Дипломдары және Алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыстады. 1 орынды аудандық аурухана ұжымы иеленсе, 2 орынға «Қамқор вагон» Шалқар вагон жөндеу депосы, 3 орынға Шалқар электрмен жабдықтау мекемесі лайықты деп танылды.

Шарада аудандық Мәдениет үйі мен Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің көркемөнерпаздары ән-биден шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».