АРҒЫМАҚТАР МЕН ТАЗЫЛАРДЫҢ КӨРМЕСІ

Наурыз мерекесі қарсаңында Мырзағұл Шыманұлы ауылы жанындағы «Ынтымақ» шаруа қожалығында асыл тұқымды арғымақтар мен  тазы иттердің көрмесі өтті. Оған аудан бойынша 20-дан астам тазы ұстайтын саятшылар мен қазақтың жабы аттарының иелері келді. Көрме барысында олар әкелген тазыларының шығу тегі, табиғи ерекшеліктері, аң аулаудағы алымдылығы жайында жұртшылыққа кеңінен түсіндірді. Жүйрік арғымақтарын көрсеткен Түгелбай Құдайбергенов пен Шынболат Досмайлов жылқы малының қазақ халқында қадір-қасиетінің жоғары екендігін айта келіп, атбегілікпен айналысудың тың тәсілдерімен бөлісті. Көпшілік шара барысында екінің бірінде кездеспейтін тазыларды асырап баптау жайында иелерін қызығушылықпен сұрақтың астына алды.

— Көрмеге әкелінген тазылардың дене бітімі де әр алуан, сымбаттылығы көз тартады. Арасында аймақаралық жарыстарда жүлдегер болғандары да бар. Соның бірі — Ердәулет Ізбасаров есімді жігіттің «Сипар» атты тазысы. Жалпы, осы көрме арқылы ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан кейбір құндылықтарын насихаттауды көздедік. Бұл әзірге бастамасы. Жаңа жергілікті саятшыларымыз алда бұл көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырып, арнайы жүлделер тағайындайық деп ұсыныс білдірді. Жер аяғы кеңігесін оның да куәсі боламыз, — дейді көрмені ұйымдастырушы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Марғұлан Досжанов.

Түзде ит жүгіртіп саят құратындар мен аламанды аңсаған атбегілердің арқа-жарқа әңгімесіне құлақ түрілген бұл көрменің айта жүрер әсерлі тұстары көп болды.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.