ДЗЮДОШЫ БАПКЕР ӘЙГЕРІМ

Ауданымыздың намысын қорғап, елеулі жетістіктерге жетіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Әйтсе де спортшы қыздарымыз жөнінде көп айтыла бермейді. Біз бүгін   В.Н.Цеханович атындағы №1 мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдодан жаттықтырушы болып жұмыс істейтін Әйгерім Байжанова туралы айтпақпыз. 

Бала кезден ден қойып, көп күш-жігер жұмсасаң ғана спортта жетістікке жете аласың. Бірақ, бұл салаға кеш келсе де, Әйгерім спортшы боламын деген мақсатына жету үшін биік межелерді бағындыруға бел байлайды. 

— Жоғарғы сыныпта оқып жүргенде құрбым Анар Сейдалина екеуміз самбо үйірмесіне келіп, спорттағы қадамдарымызды бірге бастадық. Алғашқы бапкеріміз Аманғали Төлебаев самбоның әліппесін үйретіп, алға жетелеп, спортшы болып қалыптасуымызға зор еңбегін сіңірді. Бізді азамат ретінде де тәрбиеледі десем артық айтқаным емес. Себебі, ағай қаншама спортшыға жол көрсетіп, бағын ашты.

Самбоға келуіме бастапқыда ата-анам қарсы болды. Өзімді дәлелдеп, жетістіктерге жеткенімді көріп, олар әрі қарай жалғастыруыма рұқсатын беріп қана қоймай, менімен мақтанатын болды. Дей тұрғанмен, қыз балаға қиын спорт түрі болса да еңбектеніп, жеңістерге жеткен кезде бар ауыртпалықты ұмытып кетеді екенсің. Спортта жеңіс пен жеңілістің дәмін татқасын, өмірде кездесетін қиыншылықтарға мойымай, төтеп бере аласың.

Сонымен І.Үргенішбаев атындағы орта мектепті аяқтаған соң, Ақтөбе жоғары ауылшаруашылық колледжінен дене тәрбиесі және спорт мамандығын оқып шықтым. Колледж қабырғасында жүргенде де спорттан қол үзбей, самбо және дзюдодан жаттықтырушы Ақәділ Убаев пен Наурызбай Сибағатовтың жетекшілігімен «Жастар» спорт мектебінде жаттығып, бірнеше жарыстарға қатыстым.

Содан соң оқуды тәмамдап, туған жеріме оралып, аудандық оқушылар сарайында самбодан жаттықтырушы болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Кейін 2017 жылы Серік Жоламановтың шақыртуымен В.Н.Цеханович атындағы №1 мамандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне дзюдо секциясына қыз балаларға жаттықтырушы қызметіне кірістім. Әрине, жаттықтырушы болу үшін баланың спортқа деген қабілетін аша білуің керек. Оларды кішкентайынан тәрбиелеп, шыңдасаң, нәтижесінде спорт атты бәйгеде оза шабатыны анық, — дейді дзюдошы Әйгерім.

Осы ретте Әйгерім Байжанованың самбодан және дзюдодан жеткен жетістіктеріне тоқтала кетсек, 2014-2016 жылдары аралығында самбодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатында үш мәрте қола жүлдегер, 2017 жылы самбодан ересектер және әйелдер арасында ҚР чемпионатында күміс, сол жылы Ақтөбе қаласында өткен Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық жарыста да күміс жүлдеге ие болған. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер.

Бүгінде ол жетекшілік ететін дзюдо секциясында 40-қа жуық қыз балалар жаттығады. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер 15 шәкірті бар. Олар түрлі жарыстарда топ жарып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Атап айтсақ, Назеркем Қайратқызы, Дильназ Есетқызы, Арайлым Серік, Ақылды Мырзағалиева, Іңкәр Жүсіпқали, Инабат Сержановалар халықаралық, республикалық турнирлерден  жеңімпаз атанды. Тағы бір шәкірті Сәулемай Сағитжан былтыр Шардара қаласында өткен дзюдодан ҚР чемпионатында қола жүлдені иеленіп, қыз балалар арасында дзюдодан тұңғыш жүлдегер атанған ауданымыздың мақтанышы.

— Әр шәкірттерімнің спорт додаларынан жеңіспен оралған сәтін көргенде ерекше қуанамын. Өйткені, осындай толағай табысқа жету жолында тынымсыз еңбек пен күнделікті жаттығу, сонымен бірге еселі еңбек еткеннің арқасында қол жеткізесің, — дейді Әйгерім Ғалымжанқызы.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ.